ҚАЖ қызметкерлері қайырымдылық жасады
ҚАЖ қызметкерлері қайырымдылық жасады
Өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №58 түзеу мекемесінің қызметкерлері әлеуметтік жағдайы төмен 5 жанұяға қайырымдылық жасады. Осынау игі іске Жүзімкүл Мамраимова басшылық ететін «Әсима» жеке кәсіпкерлігі де өз үлесін қосқан. Атап өту керек, бұл өндіріс орны 2019 жылдан бері мекеме аумағында жұмыс істейді. Мекеме бастығы Бекежан Мұхтаров тәртіп сақшылары қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етіп қана қоймай, түрлі деңгейдегі қайырымдылық шараларынан қалыс қалмайтынын жеткізді. «Жеке құрам қызметкерлерімен келісе отырып, көп балалы және көмекке зәру жанұяларға қол ұшын созып келеміз. Мұны – азаматтық міндетіміздің бірі деп санаймыз. Қолда бар дүниемен бөлісу, қиналғанға қолдау көрсету – халқымыздың асыл қасиеттерінің бірі. Игі істе жауапкершілік танытқан әріптестеріме және «Әсима» жеке кәсіпкерлігіне ризашылығымды білдіремін», - деді Б.Мұхтаров. Қайырымдылық шарасы барысында тұрмысы төмен отбасылар азық-түлік, мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен қыс мезгілінде таптырмайтын көмірмен қамтамасыз етілді. Өз кезегінде ҚАЖ қызметкерлерінің қамқорлығын сезінген жанұя мүшелері шынайы ризашылықтарын білдірді.