Әлеумет

Жемқорлықтың алдын алу

Жемқорлықтың алдын алу

Денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінің басшылары тергеу изоляторына барды, деп хабарлайды Arainfo тілшісі.

Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық және басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаудың салдарымен таныстыру, бас бостандығынан айыру мекемелерінде жазасын өтеп жатқандардың тұрмыс-тіршілігін, жәй-күйімен танысу. Тергеу изоляторының қызметкерлері келушілерге тергеу бөлмелерін, қылмыскерлерге арналған камераларды, сотталғандардың серуендеу орындарын көрсетті. Келушілер экскурсиядан алған әсерлерімен бөлісіп, көргендері өздеріне қатты әсер еткенін білдірді. «Бұл профилактикалық іс-шара белгілі бір саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, білім беру және денсаулық сақтау субъектілерінің қызметінде аса қауіпті «тұрмыстық сыбайлас жемқорлық» көріністерін барынша азайту мақсатында тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Біз мемлекеттік мекеме басшыларына сыбайлас жемқорлық қылмыстары неге айналатынын анық көрсеткіміз келеді. Тергеу изоляторының қабырғасында болған уақыт жауапты тұлғаларды заңсыз әрекеттерден тайдыруы керек. Тұтқындардың көпшілігі сот шешімін күтіп отыр. Соның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін», - деді Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің превенция басқармасының бас маманы Гүлназ Бақытжанқызы. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерімен немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған іздестіріліп жатқан адамның орналасқан жері туралы ақпараттың бар болуы кезінде барлық азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің "1424" телефоны бойынша CALL-орталығына хабарлауды немесе Тараз қаласы, Әйтиев көшесі, 40 мекенжайы бойынша орналасқан «Антикор орталығына» жүгінуге болады.