Чемпиондар түлеп ұшқан КЛУБ
Чемпиондар түлеп ұшқан КЛУБ
Жамбыл облысының намысын қорғаған үш балуанымыз бірдей жартылай финалға шығып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бейбіт Ыстыбаев ақтық айқаста Жұманазар Ерсұлтановтың жауырынын жер иіскетіп, үш дүркін «Қазақстан барысы» атанды. Ал жамбылдық Айбол Айтбек пен Дәулетхан Жақыпов турнирдің қола жүлдесін сарапқа салды. Тәжірибесі мол тісқаққан балуан Айбол қарсыласынан айласын асырып, жүлделі үшінші орынды иеленді. Өзінен бірнеше есе ауыр салмақтағы балуандарды алып та, шалып та жығып, жартылай финалға дейін жеткен Дәулетхан төртінші орынды қанағат тұтты. Осылайша жамбылдық жампоздар қазақ күресінің хас шебері екенін мойындатып, өңіріміздің абыройын асқақтатып, мәртебесін биіктетті. Турнирдің он бір жылдық тарихында басқа облыстардың спортшылары дәл мұндай нәтиже көрсете алмады. Одан бөлек Бейбіт Ыстыбаевтың жолын жалғап, үш дүркін «Қазақстан барысы» атану әзірге ешбір спортшының маңдайына жазылар емес. Жалпы тәуелсіздік жылдарындағы Олимпиада ойындарының тарихына көз жүгіртсек, күрес түрлерінен ел қоржынына жүлде салғандардың көшін жамбылдық балуандар бастап тұр. Жақсылық Үшкемпіровтің жеңісті жолын әр жылдары Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов сәтті жалғастыра білді. Бұдан шығатын қорытынды – облысымызда күрес түрлері қарқынды дамуда. Даму қарқыны әлі де жоғалмағанын, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың алтын тіні үзілмегенін жуырда газетіміздің «Үздіктер ұстаханасы» айдары аясында Тараз қаласындағы жекпе-жек кәсіпқой спорт клубына барып, тыныс-тіршілігімен танысу барысында көз жеткізе түстік. Облыс әкімдігінің 2017 жылғы 24 мамырдағы №94 қаулысына сәйкес құрылған спорт клубының бес жылға жетер-жетпес уақытта жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Елдің мерейін үстем ететін саңлақтарды тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырған жекпе-жек кәсіпқой спорт клубының директоры Елдос Далабайдың айтуынша, мұнда спортшыларға барлық жағдай жасалған. Кез келген спорт мекемесінің білікті жаттықтырушысыз жетімсіреп тұратыны анық. Ал аталған клуб спортшыларының жаттықтырушыға келгенде жолы болған деп нық сеніммен айтуға болады. Өйткені клубта өз салаларының жілігін шағып, майын ішкен мамандар топтасқан. – Жекпе-жек кәсіпқой спорт клубын ашудағы негізгі мақсат – Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасына спортшыларды дайындау, төрт жылда бір рет өтетін Жазғы Олимпиада және Азия ойындарына қатысып, жүлделі орынға ие болу үшін спортшыларға жағдай жасау, бұқаралық спорттың дамуына үлес қосу. Бүгінгі таңда клуб артылған жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп келеді десем, артық айтқаным емес. Өткен жылы спортшыларымыз бірқатар халықаралық, әлемдік жарыстарға қатысып, жүлдені күреп алып келді. Негізі кез келген жарыстан құралақан қайтқан кезіміз жоқ. Мұз болып қатып, су болып қайнап, шарболаттай шыңдалған спортшыларымыз дуы басым додаларда жасындай жарқылдап, сенім үдесінен шыға білуде. Талай чемпиондар түлеп ұшты. Осы орайда аттарын атап өткенім де артық болмас. Мәселен, дзюдодан Данияр Шамшаев Азия чемпионатында ересектер арасында алтыннан алқа тағынды. Каратэ-до шотоканнан ересектер арасындағы әлем чемпионатында командалық есепте Шаттық Түменбай мен Нұркен Досанов І орын иеленсе, жекелей сында Нұркен Досанов күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал Қайырымбек Кетебаев ІІІ орынға табан тіреді. Анталия қаласында өткен қол күрестен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Гүлназ Керімбекқызына, Айзат Саттароваға тең келер қарсылас табылмады. Сондай-ақ Абу-Даби қаласында өткен ММА аралас жауынгерлік жекпе-жектен әлем чемпионатында Айжан Абдіқадір күміс жүлдемен күптелді. Ереван қаласында өткен самбодан әлем чемпионатында да клуб спортшылары жасындай жарқылдады. 71 келі салмақта Әділет Ахметқали әлем чемпионы атанса, 64 келі салмақ дәрежесінде Асқар Тоқмаханбет күміс жүлде еншіледі. Сонымен қатар Бейбарыс Нұғман, Нұрдәулет Ілиясұлы және Серік Әбдімажит қола жүлде алып қуантты. Сондай-ақ Константа қаласында өткен қазақ күресінен ересектер арасындағы әлем кубогында Нұрболат Мырзанов жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінсе, Бекжан Төлегенов, Жұмадулла Оңалбай мен Айбол Айтбек ІІІ орынды місе тұтты. Бұдан өзге армрестлингтен жасөспірімдер арасындағы әлем кубогында, кикбоксингтен ересектер арасында әлем кубогында, қол күрестен ересектер арасындағы Азия чемпионатында, самбо күресінен жасөспірімдер арасында Азия чемпионатында, Ақтау қаласында өткен жауынгерлік самбодан әйелдер арасындағы ашық Азия кубогында спортшыларымыз сенімімізді ақтай білді. Тізбелей берсек, қатысқан байрақты бәсекелерді, жеңімпаздарымыз бен жүлдегерлерімізді санап тауысу мүмкін емес. Жалпы табысқа, жеңіске толы болған 2022 жылы клуб спортшылары әлем, Азия чемпионаттарында, кубоктарында 83 жүлде (30 алтын, 27 күміс, 26 қола), халықаралық турнирлерде – 12 (2 алтын, 4 күміс, 6 қола), ҚР чемпионатында, кубогында 153 (51 алтын, 44 күміс, 58 қола) жүлде иеленді. Айта кету керек, спортшыларымыздың жарқын жетістіктерге қол жеткізуіне жаттықтырушылар құрамының біліктілігі көп септігін тигізуде, – дейді Елдос Тұрсынбекұлы. Бүгінгі таңда клубта қазақ күресі, дзюдо, самбо, белбеу күресі, жауынгерлік самбо, кикбоксинг, таеквондо, каратэ-до, каратэ-до шинкиокушинкай WKO, каратэ-до шотакан, джиу-джитсу, ушу-саньда, муай-тай, панкратион-грепплинг, пенчак силат, грэпплинг UWW, қоян-қолтық ұрыс, қол күресі және ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек спорт түрлері бойынша 40 жаттықтырушы-оқытушы жұмыс істейді. Ал аталған спорт түрлерімен шұғылданушылар саны жас ерекшеліктеріне қарай барлығы – 546. Клуб құрылған уақыттан бері 8 Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 67 Қазақстан Республикасының спорт шебері және Қазақстан Республикасының спорт шеберіне кандидат 99 спортшы дайындалыпты. Басқасын айтпағанның өзінде, осы көрсеткіштердің өзі-ақ клубтың деңгейін көрсетіп тұрғандай. Сонымен қатар жас ерекшеліктеріне қарай спортты жетілдіру топтарында 72 спортшы, оқу-жаттығу топтарында 404 спортшы және алғашқы даярлық топтарында 70 спортшы жаттығады екен. Елдос Тұрсынбекұлы биыл да бірнеше ірі жарыстар өтетінін, байрақты бәсекелерден клуб спортшылары шет қалмайтынын айтты. Қазіргі таңда 2023 жылы Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында өтетін XІX жазғы Азия ойындарына дайындық қызу жүріп жатқан көрінеді. Клубтың 16 спортшысы Азия чемпионатына қатысатын үміткерлердің қатарында. Сөз соңында Елдос Далабай келешекте жұлдыздай жарқырап, қазақ елінің мақтанышына айналатын спортшылардың спорт клубында көп екенін жеткізді. Жекпе-жек кәсіпқой спорт клубының жаттықтырушылары чемпиондар шығару мақсатында тыңғылықты жұмыс істеп келеді. Біз де болашақ Олимпиада чемпиондарының, ел мақтаныштарының жекпе-жек кәсіпқой спорт клубында тәрбиеленіп өсіп келе жатқанына сенімдіміз.
Талғат НҰРХАНОВ