Жаңалықтар

«ТАКСИСТ БОЛАМЫЗ ДЕП «таяқ» жедік»

«ТАКСИСТ БОЛАМЫЗ ДЕП «таяқ» жедік»

Махмут АЯБЕКҰЛЫ, Талас ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы:

2012 жыл. 1-курс. Қыс айы. Ауылдан қалаға келіп, жаңадан үйренісіп жатқан кез. Күндіз оқу. Кешкісін әдеттегідей үйге қайтасың. Сол аралықтарда кешкі уақытты тиімді пайдаланып, ақша табу мәселесін ойлап жүрміз. Бұл топтағы студенттер арасында жиі айтылатын әңгіме. Сабақтан шыққан соң үйге бірден тарқамай, әрқайсысымыз өзіміз білетін, елден естіген әртүрлі жұмысты бір-бірімізге ұсынамыз. Топта оқуға бірге түскен ауылдас жігіт болатын. Сол досым 1-2 айға қалаға ағасының машинасымен келетін болды. Екеуміз құр жүрмей, дайын көлікпен адам тасып ақша табайық деп шештік. Досым: «Сен ондай істерге пысықсың ғой, «Indriver»-ден тапсырыс алып отырсаң болды. Түскен табысты тең бөлеміз», деді. Ойланып қарасам – жақсы ұсыныс. Мұрның қанап шаршайтын тірлік емес. Алдыңғы орын, қолда телефон, «Indriver» қосымшасын жақсы білемін. Мақтанғаным емес, мектеп кезінен техника, компьютер дегенге жақын болғам. Сонымен, такси жүргізушісі болып шыға келдік. Ниетіміз түзу. Таныс кісілерден сұрастырсақ, жүргізушілердің күнделікті табыстары жақсы екен. Біз де дәмеліміз, мұндай ақша табудың оңай жолы көкейімізді тесіп барады. Негізі 1-курста білім алып жүрген, қаланы жақсы білмейтін сарыауыз балапан кезіміз. Көлік екінің бірінде жоқ. Кәсібіміздің алғашқы күні курстастарымызды тасумен, қаланың ішін аралаумен өтті. Екінші күні топтағы достарға «Әдеттегідей автобуспен қайтыңдар, біз жұмысқа кеттік» деп кәсібімізге кірістік. Көлігіміздің маркасы – «Toyota Kamry – 10». Түсі көкшіл. «Indriver»-ге тіркеп, жылтыратып жуып, онлайн такси қызметінің серверіне фотосын қойдық. Суретте әдемі болса, клиенттер көптеп мінеді деген ой. Қосымшаға тіркелудің өзі біраз әбігер екен. Үйге жақын болған соң «Самал» ықшамауданы маңында тапсырыс қарап отырмын. Сол маңнан түскен тапсырыстың 2-3-еуін орындап, клиенттерді діттеген жеріне апарып тастадық. Ісіміздің бастамасы жақсы болғанына мәзбіз. Жұмыстың еш қиындығын көрмедік. Сол күнгі табысымыз көлікке бензин құюға және фаст-фуд алып, тамақтануға ғана жетті. Келесі күні қызметімізге қайта кірістік. Ол күн де жаман болған жоқ. Қызықтың көкесі үшінші күні басталды. Сағат кешкі 21:00 шамасы. Бір кісіні айтқан жеріне апарып тастап келе жатқан бетіміз. «Аса» ықшамауданы жақтағы Б.Момышұлы көшесінің бойында екі әйел көлік тоқтатып тұр екен. Қастарында үлкен 3-4 сөмкесі бар. Жақындап, бағасына келістік. Сөмкеларін багажға салып алдық. Көлікке отырған соң әлгі екі әпкенің бірі: «Жол жүретін едік, уақытымыздан кешігіп барамыз. Жылдамдатып вокзалға жеткізіп тастасаңдар», деді. Жас болғандықтан көлікті жылдам жүргізеді деп топшылаған болуы керек. Қаланы дұрыс білмейтін ауылдың баласы екенімізді қайдан білсін. Біз ол кісілерге сыр берместен автовокзалға қарай тарттық. Музыканың дауысын қатты шығарып қойғанымызды қайтерсің. Қосылып әндеткен біз екі әпкеміздің аңгімесіне мән бермеппіз де. Дабырлап өз әңгімемізді айтып келеміз. Сөйтіп, автовокзалға жетіп тоқтадық. Дос балам сөмкелерін түсіріп жатыр. Мен клиенттерден ақшасын сұрадым. Байқаймын, әпкелеріміз ашулы. «Не үшін бұл жаққа келдік, бізге теміржол вокзалы керек еді ғой», де-е-еп тұр. Ал керек болса. Бұл қалай болғаны деп өзіміз де аң-таңбыз. Сонымен, қайтадан теміржол бекетіне тарттық. Өздері кеш шыққан апкелерімізді одан сайын кешіктіріп жеткіздік. Ұялғаннан теріс бұрылып кетіп қалдық. Олардың пойызға үлгерген, үлгермегенін білмейміз. Сондағы қателігіміз жолаушыдан нақты қай вокзалға баруы керек екенін сұрамағанымызда болып тұр. Бұл тек такси жүргізушісі болып жүрген үш күн аралығында болған жағдай. Одан кейін де талай адасып кетіп, қайтар жолға елден ақша сұрап, оған бензин құйып үйге әзер жеткен кезіміз болған.