Әлеумет

ШАШТЫҢ ДА ҚҰПИЯСЫ ШАШ ЕТЕКТЕН

ШАШТЫҢ ДА ҚҰПИЯСЫ ШАШ ЕТЕКТЕН

Шаштараз ең ежелгі кәсіп болып саналады. Тіпті қазақ ертегілерінде хандар мен патшалардың өз ордаларына арнайы шаштараздарды алдырғаны туралы аңыз бен әпсана көп. Осының өзі-ақ аталған кәсіп иелерінің бұрыннан-ақ ел арасында жоғары мәртебеге ие екенін көрсеткендей. Әрі бұл жер бетіндегі барлық ұлтқа ортақ кәсіп. Тіпті ежелгі еврей халқының арасында өмір бақи өлмейтін үш кәсіптің қатарында шаштараз да болған екен. Яғни шаштараз – жан бағуға ең қолайлы кәсіп.

Бүгінде қазақ қоғамында кәсібін нәсібіне айналдырып отырған жастардың қатары көп. Шаштараз болып та табыс тауып, ырзығын айырып жүрген жастар да аз емес. Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны Серікбай Беков бала кезінде басқа мамандық иесі болуды армандағанымен, бірақ таңдауы «өлмейтін мамандыққа» түсіпті. – Бала күнімнен ата-анама салмақ салғанды ұнатпайтынмын. Сол мінезімнің арқасында өз күшіммен ақша тауып, оқуға түсіп, бүгінгі таңда отбасымды асырап отырмын. Балалық шағымда ұшқыш болуды көп армандайтынмын. Бірақ кейін арманыма адал бола алмадым. Мектеп бітіріп, әскерге барып, азаматтық борышымды өтеп келгеннен кейін зейінім осы салаға қарай ауа бастады. Қазір табысым жаман емес. Бұйырса, алда кәсібімді жандандырып, кеңейтуді жоспарлап отырмын, – дейді шебер Серікбай Беков. Халық арасында шаштараз кәсібін серік еткендерге байланысты қызықты әңгімелер өте көп. Мәселен, бір күні үш бала сөзге келіп қалып, «Менің әкем ең мықты» деп мақтана жөнеледі. Арасындағы ересек бала: «Менің әкем ең мықты. Ол – ұшқыш. Сендердің әкелерің аспанда ұша ала ма?» десе, екіншісі: «Менің әкем әкім. Елдің бәрін басқарады, ешкімге де басын имейді», деп мақтанады. Сонда үшіншісі тұрып: «Әй, сен екеуің мақтанбай-ақ қойыңдар. Екеуіңнің де әкелерің әкеме жетпейді екен», депті. Аң-таң болған екеуі себебін сұрайды. Сонда үшінші бала: «Менің әкемнің мамандығы – шаштараз. Екеуіңнің де әкелерің менің әкемнің алдына келеді. Менің әкем иіл десе иіліп, еңкей десе еңкейеді», деп жауап берген екен. Міне, қарап тұрсаңыз, шынымен хан да, қара да шашын алдыратын шаштараздық өнер атақты мамандықтардың қатарынан болмаса да кең таралған кәсіптің бір түрі екені даусыз. Бұл ойымызды шаштараз Серікбай да жоққа шығармайды. Алайда кейіпкеріміз шаштараздың міндеті тек шаш алу ғана емес, басты ойы тұтынушылардың талабынан шығу екенін айтады. – Әрине, қай кәсіп болса да қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Шаш алуға да адамның икемі мен ебі болуы керек. Қазіргі таңда халықтың да санасы өсіп кеткен. Баяғыдай ұйпа-тұйпа болып келіп, қалай болса солай шашын алдырта салмайды. Жастар тіпті өзгеше. Бірі шашына арнайы бояулар жақтырса, бірі жазулар жазғызады. Сондай-ақ бүгінгі таңда жігіттердің шашқа деген күтімінің жоғары екенін де байқаймыз. Өйткені көбі шаштарын бұйралатып, бояуға құштар. Алайда химия шашты күйдіретіндіктен құрылымын өзгертеді. Сондықтан қынамен бояған дұрыс деп есептеймін. Негізі бояудың да түр-түрі бар. Ал қынамен бояу шашты нығайтып қана қоймай, құрылымын да түзейді. Егер түсі қанығырақ болсын десеңіз, лимон шырыны мен сірке суын немесе кофе мен шарап қоссаңыз жақсы болады. Бұл кәсіптің де осындай қырлары мен сырлары көп. Бәрі де іс жүзінде, тәжірибе барысында келеді. Бастысы шебер өзінің білімін күн сайын жетілдіріп отыруы қажет. Осы мамандыққа қатысты әр сұраққа жауап бере алуы керек деп есептеймін, – дейді С.Беков. Дана халқымыз әсіресе қыз балалардың шаш күтіміне баса назар аударған. Шашын қиған қыз бағын қияды деп есептеген. Әрі ескіден жеткен наным мен түсінік бойынша, баласы ерте шетінеген аналар өздерінің шашын отқа тастамаған. Өйткені анасының шашы отқа жанған кезде бақилық болған баланың жаны шырқырайды деп есептеген. Ал қыздардың екі бұрымы болса, сыртынан көрген адам «қосағы бар, атастырылып қойған екен» деп біліп отырған. Осы сияқты шашқа қатысты наным-сенімдер де көп. Ал жас кәсіпкер мұның бәрінде бір сыр бар екеніне сенімді. Сонымен қатар шаштараздың сөзіне сүйенсек, шаш өсірудің де өзінің ұлттық үлгісі болған. Шаш арқылы адамдар бір-бірінің жандүниесін сырттай түсініп, бақылай да алады. – Біздің бүгінгі ұлттық болмысымыз, түр-келбетіміз өзгере бастады. Сондықтан да өз бойымыздағы ұлттық құндылықтарымызға мән бере бермейміз. Шаштараз болғаннан кейін көбінде адамдардың сыртқы келбетіне қарап-ақ ішкі мінез-құлқын бірден біліп қоямын. Біздің кешегі ақындарымыздың аузынан еститін «қолаң шашты», «сүмбіл шашты» аруларымыз қайда? Демек, бүгін ондай шашты қазақ арулары азайды. Бұл айналып келгенде қазіргі қыздарда шаш күтіміне деген көзқарастың төмен екенін көрсетеді. Ал бұрынғы заманда шаш күтімі, оны тарау, өсіру, өрудің өзі үлкен бір тәрбие мектебі болатын. Біз қазір сол мектепті жоғалтып алдық, – дейді шаштараз. Иә, қазақ қоғамында шашты өсіру мен өруден бөлек, шашқа қосатын, кигізетін, тарайтын, жағатын, жалғайтын сәндік бұйымдар да болған. Сондықтан ғой, халық өлеңінде «Ақ үйден бір қыз шықты көзі үлкен, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деп тамсанып жырлайтыны. Қыздар тағатын шолпы сәндік бұйым ғана емес, қыздың жүрісін, мінезін, тәрбиесін анықтап беретін құрал болған. Мысалы, шолпысы қатты сыңғырлаған қызды олақ деп есептеген. Ер балаларға да тұлым мен желке шаш қойып, оларды тіл-көзден сақтағысы келсе, сондай-ақ олардың қандай адамның ұрпағы екенін сырт көзге сол арқылы аңғартып отырған. Шашқа байланысты осыншама аңыз-әпсана, ырым-тыйымы бар халықтың мәдениетіне таңғалмай тұра алмайсыз. Ендеше әр шаңырақтың өзінің тұлымды ұлдары мен бұрымды қыздары көбейе бергей.

Шапағат ӘБДІР