Білім

15-ЫҚШАМАУДАНҒА ҚАШАН МЕКТЕП САЛЫНАДЫ?

15-ЫҚШАМАУДАНҒА ҚАШАН МЕКТЕП САЛЫНАДЫ?

– Осыдан екі жыл бұрын Тараз қаласындағы 15-ықшамауданнан үй алып, талай жылдан бергі арманымызға қол жеткізгенімізде отбасымыздың қуанышында шек болмады. Алайда жаңа пәтерімізге көшіп келгенде-ақ алып-ұшқан көңіліміз су сепкендей басылды. Одан бері де екі жыл өтті. «Баяғы жартас, сол жартас».  Тұрғын үйлердің сапасыздығы, аулаларының тым тар болуы, жол азабы, кәріз жүйелерінің жиі істен шығуы... Осылайша тізбектеліп кете беретін мәселелер жаңа ықшамаудан тұрғындарының жүйкесіне жүк, жүрегіне салмақ салып, әбден қажытты. Халықты толғандырған мәселелер баспасөзде, әлеуметтік желіде аз айтылып, кем жазылып жатқан жоқ.  «Әндіжанда әпкем бар, бұдан да өткен сорақы» демекші, жаңа оқу жылы басталғалы басқасы аздай, енді мектеп мәселесі мазамызды ала бастады. Қазіргі таңда 15-ықшамауданда мыңдаған халық тұрады. Әр үйден кемі бір-екі оқушы мектепке барады. Аталған ықшамауданда алғашқы үйлер 2019 жылы пайдалануға берілді. Содан бері бір мектептің соғылмағанына қайран қаламыз. Қоғамдық көлік мәселесі де толық шешімін таппаған. Бір-екі бағыт бойынша ғана жүреді. Оқу жылы басталғалы қоғамдық көлікпен қатынау да қиындап кетті. Себебі таңертең автобустарда ине шаншыр орын болмайды. Егер ықшамауданда мектеп болса оқушылар қаланың басқа бір шетіне сандалмайтын еді. Қателеспесем, биылдың өзінде облысымызда оннан аса мектеп пайдалануға берілді. Ал 15-ықшамаудан оқушылары жаңа мектептің табалдырығын қашан аттайды?

Гүлзина ПЕРНЕБЕК, 15-ықшамауданның тұрғыны, Тараз қаласы

– Облыста 2022 жылға құрылысы жоспарланған он мектептің алтауы биылғы 1 қыркүйек күні пайдалануға берілді. Осылайша бүгінгі күні 2-3 ауысымды, 2 орын тапшылығы, 4 тозығы жеткен мектеп мәселесі шешілді. Жыл соңына дейін тағы төрт мектептің құрылысы толығымен аяқталып, екі оқушы орны тапшылығы бар, 2 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешіледі деп күтілуде. Сонымен қатар 2023 жылы бес мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бес мектептің екеуі 15-ықшамауданда бой көтереді. Осылайша Сүлейменов көшесінен бой көтеретін 1 200 орындық 2 мектеп орын тапшылығы мәселесін шешеді. 

Облыс әкімдігі білім басқармасының баспасөз қызметі