Дін

Теолог тапшылығы

Теолог тапшылығы

Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алып, туындаған мәселелерді шешуде теолог мамандардың маңызы зор. Теология саласын дамыту арқылы қоғам арасында діни ақпарат беріп, халықты деструктивті ағымнан қорғай аламыз. Шынын айту керек, тоқсаныншы жылдары бұл мамандықты меңгерген жастар оқу орындарын бітіргеннен кейін қайда барып жұмыс істерін білмей басқа салаға ауысып кетіп жатты. Ал ауыспағандарына қайбір жылдары араб тілінің маманы деген атақ қосақтап берілген-ді. Сол кезеңдерде жастарымыздың түрлі жат ағымдардың соңында кетіп адасуына оларға дұрыс жолды нұсқайтын мамандардың болмауы көп зардабын тигізді. Қазіргі таңда дінтанушы мамандардың қоғам үшін қаншалықты маңызды екені айқындалып келеді.

Алайда қанша уақыт өтсе де елімізде теолог мамандардың жетіспеушілігі сезілуде. Сонымен қатар оларға әлеуметтік статус беру мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Жуырда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі теолог мамандардың мәселесін өзекті етіп көтеріп, дін мамандары жастармен етене жақын жұмыс жүргізу қажеттігін айтқан болатын. Сондай-ақ әр аймақтан дін істері басқармаларын жеке дара мекеме ретінде құрып, оларды жан-жақты қолдау керектігін айтты. Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов министрдің ойын қолдап, Үкімет деңгейінде оңтайлы шешімін ұсынатынын жеткізді. Дін мамандарының тапшылығы біздің облыста да бар. Бүгінгі таңда облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығына, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдері мен жастар ресурстық орталықтарына, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне дінтанушы, исламтанушы мамандар өте қажет. Түзеу мекемелерінде офицерлік штат негізінде жұмыс істейтін 7 маман жеткіліксіз. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттерге жоғары білімді кадрлардың жетіспеушілігі байқалуда. Мұны облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев та растап отыр. «Өкінішке қарай, нарықтық заманның заңдылығы сондай – жоғары оқу орындарын бітірген дін мамандары көбіне айлығы жоғары басқа салаларға кетіп қалып жатады немесе үлкен қалаларда қалуды ұйғарады. Сондай-ақ тәжірибе жиып, біліктілігін шыңдап алған соң басқа қызметке ауысып кетіп жатады», дейді басқарма басшысы. – Дегенмен біз маман тапшы екен деп қол қусырып отырған жоқпыз. Бүгінгі күні сала мамандарын даярлайтын «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде дін саласындағы мамандықтарда облысымыздан 126 студент білім алуда. Жыл сайын Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан дін мамандарын даярлауға жеткілікті грант бөлінуде. Дегенмен кейбір өңірлер тарапынан бюджет қаражаты есебінен отандық жоғары оқу орындарына дін мамандарын даярлауға тапсырыстар түсіп жатады. Соның ішінде біздің облыс та бар. Облыстық бюджет қаражаты есебінен Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде 2 студент білім алып жатыр. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 5 медресе-колледжде 147 тәлімгер оқып жүр, – дейді басқарма басшысы. Бұдан бөлек басқармамен аталған оқу орындары арасында өзара ықпалдастық туралы меморандумдар мен келісімдер жасалған. Бұл ретте өткен жылдың желтоқсанында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевпен бірге Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде білім алатын өңір жастарымен кездесіп, түлектерді оқуын тәмамдаған соң туған жерінде қызмет етуге шақырған болатын. Оның нәтижесі алдағы уақыттың еншісінде. Мамандардың жетіспеу­шілігінен аудандардағы дін проблемаларын зерттеу орталықтары мен жастар ресурстық орталықтары бір маманды бөлісуде. – Кадр тапшылығы біздің орталықта ғана емес. Аудан бойынша кадр аз. Біздің мекемеге теолог болып келген маманымыз өткен жылы аудандық дін проблемаларын зерттеу орталығына ауысып кетті. Себеп – жалақының аздығы. Содан маман іздеп аудан көлемінде хабарландыру бердік, «Enbek.kz» сайтына да хабарландыру салғанымызбен маман таппадық. Болмаған соң дін проблемаларын зерттеу орталығында істейтін маманымызды қайта шақырттық. Қазіргі таңда ол бізде 0,5 жүктемемен қосымша істеп жүр, – дейді Шу аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Қойбағаров. Шу ауданынан бөлек Жамбыл, Меркі, Мойынқұм аудандарының жастар ресурстық орталықтары да басқа мекеме мамандарын қосымша 0,5 жүктемемен жұмысқа тартып, амалдап отыр. Ал облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Абдуалиева бар мәселе айлықтың шайлыққа жетпеуінен екенін айтады. – Аудандарда жұмыс істеп жүрген азаматтардың кейбірі теолог емес. Бірі дінтанушы, бірі тарих маманы дегендей. Штаттағы маманның айлығы біздің азаматтық қызметкерлермен бірдей. Ол деген өте аз. Мұндай айлыққа көбісі келе бермейді, – дейді орталық директоры. Жалпы теологтардың екі міндеті бар: бірі – түсіндіру жұмысы, екіншісі – оңалту шаралары. Ғаламтордан түрлі ақпарат ағылып жатқан заманда бір ауданға бір маманның өзі аз. Ал сол маман тек жарты жүктемемен жұмыс істесе, әрине, айтарға сөз жоқ.

Айжан ӨЗБЕКОВА