Әлеумет

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДА АЙТАР ОЙЫ БАР

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДА АЙТАР ОЙЫ БАР

Ауданымызда «Жайдарман» ойындары жиі өткізіліп, жолға қойылып келеді. Оны оқырман қауым басылым арқылы жақсы біледі деген ойдамыз. Уақытында жасындай жарқылдаған Мақсат Шәймерден бастаған, Жансерік Мұсақұл мен Жалғас Бекқожа қоштаған жастар республикалық әзіл сайыстарында аудан, тіпті облыс намысын қорғаған болатын. Тәжірибесі толысқан олар қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеп, оқушыларға ағалық ақылдарын беруде.

Шулық жастардың әзіл әлеміндегі әлеуеті жуырда Оқушылар сарайының сахнасында өткен мектеп лигасында байқалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған мектеп лигасы облыс көлемінде Шу ауданында қолға алынып отыр. Көрермендерге күлкі сыйлап, бақтарын сынау үшін барлығы 9 команда қатысқан ойынды аудандық жастар ресурстық орталығы өткізді. Осы орталықтың маманы Жансерік Мұсақұл жүргізген ойынның шымылдығы мекеме директорының құттықтау сөзімен ашылды. – Бүгін баршаңызды осы сахнада көргеніме қуаныштымын. «Жайдарман» – жастардың ойыны. Бүгінгі таңда бұл ойын бізде жүйелі түрде өткізіледі. Ауданда жоғарғы лиганың ойындары ұйымдастырылып жүргенін жақсы білесіздер. Енді сонымен бірге мектеп лигасы да өткізіледі. Бұл оқушылардың талабын шыңдап, келешекте жұлдызын жағуға бағытталған шара. Сондықтан баршаңызға ең алдымен алғысымды білдіріп, бүгінгі сайысқа сәттілік тілеймін, – деді орталық директоры Ғани Қойбағаров. Қазылар алқасы Бірлікүстем ауылынан келген «Чикаго», М.Әуезов орта мектебінің «XXI ғасыр», Ш.Уәлиханов орта мектебінің «БелПариж», А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының «Орыс сияқты қазақтар», Еңбекші ауылының «Фристайло», далақайнарлық «Дала сити», Ғ.Мұратбаев мектебінен «Көңілді жігіттер», Жиенбет негізгі мектебі мен шулық «Төле би жастары» командаларының өнеріне куә болып, келесі кезеңге өтуге лайықтыларды таңдады. Тартысты ойында «Чикаго» және «Төле би жастары» командаларының бір қайнауы кем болса, «Орыс сияқты қазақтар» командасы өздерінің мықтылықтарын паш етті. Сол сияқты «Көңілді жігіттер» де көрерменнің көзайымына айналды. Далақайнарлықтар ойынға тыңғылықты дайындықпен келгенін көрсетіп, М.Әуезов атындағы мектептің оқушылары мен Еңбекші мектебінің шәкірттері ерекше қошеметке ие болды. Жалпы алғанда жарыс жоғары деңгейде өтіп, қатысушылардың болашағы бар екенін аңғартты. Ойын қорытындысы бойынша 7 командаға келесі кезеңге жолдама берілсе, 2 командаға қатысқандары үшін алғыс хат тапсырылды. Енді жартылай финалға жолдама алған командалар наурыз айында өнер көрсетеді. Ал ақтық ойын сәуір айында өтеді деп жоспарлануда.

Байжан ЕМБЕРДІ, Шу ауданы