35 590 адам тұрақты жұмыс тапқан
35 590 адам тұрақты жұмыс тапқан
Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде айтылды. Басқосуда жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, баяндама жасады. Оның айтуынша, әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста 6,2 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінгі күнге облыста 15,4 мың жұмыс орны құрылған. Негізі халықты жұмыспен қамту мәселелері былтырдан бастап Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба (ары қарай – Ұлттық жоба) аясында іске асырылуда. – Жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 33 879 адам болса, есепті кезеңге 48 944 адам жұмысқа орналастырылып, жоспар 144,5 пайызға орындалды. Сонымен қатар 35 590 адам тұрақты жұмысқа тұрған. Ұлттық жоба аясында әлеуметтік жұмыс орындарына барлығы 1 168 адам жолданды, оның барлығы жұмысын аяқтап, 1 100-і немесе 94,2 пайызы тұрақты жұмысқа тұрды. Былтырғы жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 47 584 адамды қамту жоспарланып, оларға барлығы 3,8 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Ал ағымдағы жылдың 1 қаңтарына атаулы әлеуметтік көмек 9 219 отбасындағы 48 298 адамға төленді. Өткен жылғы есепті мерзіммен салыстырғанда АӘК алушылар 2 590 отбасы 12 851 адамға немесе 21,3 пайызға төмендеген, көмек алушылар облыс бойынша жалпы халықтың 4 пайызын құрап отыр, – деді Еркін Келесов. Кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен АӘК алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 12 284 бала қамтылды. АӘК алушылар қатарындағы еңбекке жарамды 10 136 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Сондай-ақ өткен жылы әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 95,7 пайызды құраған. Порталда 23 565 өтініш тіркеліп, 22 548 өтініш қанағаттандырылды. Бұл республика бойынша екінші көрсеткіш екенін атап өткен жөн. Жиында бірқатар өзекті мәселелер де талқыланып, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.