Агросалаға – 100 миллиард теңге
Агросалаға – 100 миллиард теңге
Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен өткен жиында спикер өткен жылы агросалада атқарылған жұмыстарды баяндап, биылға арналған жоспарлармен бөлісті. Сонымен, биыл ауылшаруашылығы саласын дамытуға 21,9 миллиард теңге қаржы қарастырылмақ және қажеттілікке байланысты қосымша 13 миллиард теңге жыл ішінде бюджеттік нақтылау кезінде бөлінетін болады. Одан бөлек «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасын жүзеге асыру мақсатында 11,5 миллиард теңге бөлініп, бұл қаржыға 22 ауылдық округтегі 1 909 жобаны іске асыру көзделуде және қосымша жоба аясында 40 ауылдық округті қаржыландыру үшін 20 миллиард теңге тартылмақ. Сондай-ақ аймақта сүт тауарлы фермаларын құру, көкөніс қоймаларын салу, құс және балық шаруашылығы сияқты жобаларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен несие есебінде 34 миллиард теңге қарастырылуда. Осы жылы ауылшаруашылығында 680,6 миллиард теңгенің өнімін өндіру, ауылшаруашылығының негізгі капиталына тартылатын инвестицияны – 55,2 миллиард, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынатын инвестицияны 4,4 миллиард теңгеге жеткізу межеленуде. Сонымен бірге ауылшаруашылық дақылдарының егістік алқабын 770,7 мың гектарға, қант қызылшасының алқабын 10 мың гектарға жеткізу, су үнемдеу технологияларын 57 мың гектарға енгізу және ауылшаруашылығы техникаларын 15 пайызға дейін жаңарту жоспарлануда. Биыл облыста 104,3 миллиард теңгені құрайтын 12 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 785 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлы басқарма басшылығына, аудан әкімінің орынбасарлары мен аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшыларына егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруды, егіншаруашылығын сапалы тұқыммен қамтуды және егіс көлемін міндетті сақтандыруды, әр ауданда көбейтілген тұқым өндіруші шаруашылықтар ашуды, көкөніс кластерін құруды, инвестициялық жобалар жүзеге асыруды және жеке қосалқы шаруашылықтардағы қоғамдық падада тұқымдық түрлендіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.