Жаңалықтар

«Жабайы сырғанақ» жөнге келе ме?

«Жабайы сырғанақ» жөнге келе ме?

Әке-шешем бес жыл кеңшардың малын бақты. Бұл жылдар менің балалығыма дөп келген еді. Орталықта әжеміздің қолында болғаннан кейін ойынға берілетініміз соншалық, таңнан қара кешке дейін үй бетін көрмейтінбіз. Қас қарая бастағанда үйдің үлкендері артымыздан іздеп келіп, бір шыбықпен алдына салып, дедектетіп үйге қуып әкелетін. Кешкі асты қалғып-мүлгіп отырып ішетінбіз. Ол кезде ойынның түр-түрі жылдың әр мезгіліне қарай ойналатын. Қыс мезгілінде отын жарып, су тасып, үйдің шаруасын біржақты еткеннен кейін өз еркіміз өзімізде.

Елді қайдам, ол кезде бізге шешем қыстауға көшер алдында бір-бір жүннен тоқылған шұлық тастап кететін. Ол тесіліп қалса, мал ауылдан жаңасы келгенше әжем жарықтық оны шыны бөтелкеге кигізіп қойып, иірілген жіппен торлап отыратын. Далаға шығарда жүн «нәскидің» сыртынан шұлғау орап, керзі етікті аяққа нығыздай киіп, ойынға бас қоямыз. Кешке келгенде аяздан басы қайқайып қатып қалған керзі етікті шешу бір азап болатын. Амал жоқ, аға-әпкелерімізді көмекке шақырып, олар етікті сіресінен қапсыра құшақтай ұстап, жұлқылап жатып әзер шешіп алатын. Сол кезде шылғау да, шұлық та керзі етіктің ішінде қалып қойып, жалаңаяқтар сумаң етіп етіктің ішінен шыға келетін. Лып бере үйге кіріп, су-су болған тіземізді уқалай ұстап, бірдеңені жапырып келгендей «аһылап-уһілеп», қыз-қыз қайнап тұрған пешке табанымызды қыздырып, тіземізді кептіріп жатып өз өзімізге әрең келетінбіз. Кейде ауыз үйде қалып қойып, аяздан қақайып қатып қалған аяқкиімді әжем әкеліп, пештің «желкесіне» жайып жататын. Ол кезде алғаш қар жауғанда әр үйдің есігінің алдында бір-бір аққала пайда болатын. Қыс күшіне енгенде үй жақтағы талға өрмелеп, басы доғалдау бұтақ көрсек кесіп алып, хоккейдің көрігін қыздыратынбыз. Бір-бір шанаға жүресінен отырып алып, басы үшкір темірді екі қолмен жерге тіреп, шананы шаңғы секілді сырғыта, екпіндете жүргізіп, «жалау» ойынын ойнайтынбыз. Дөңестеу жер көрсек шелекпен су тасып құйып, қолдан сырғанақ жасайтынбыз. Бірақ бұл сырғанақ біз үшін жоқтан бар есебінде еді. Өйткені сырғанақтың көкесі құмдағы малшылардың қыстауында болатын. Оқушылардың қысқы демалысында қыстауға барғанымызда күніміз сырғанақ ойнаумен өтетін. Самауырдың астына қоятын жылтыр темірге, дым таппасақ сиырға жем беретін ескі қалайы шараға отырып, биік жалдан төмен қарай құлдилай түсетінбіз. Одан бөлек жүк көлігінен қалған капотты екі жерден тесіп, оған арқан байлап, оны түйеге жегіп, біріміз түйеге, қалғанымыз капотқа отырып алатынбыз. Түйеге отыру кезегі маған келгенде капоттағылар оны шыбықпен сабап, мен түйенің мұрындығына ие бола алмай, төрт түліктің төресі сексеуіл, ақтаспа, жүзген секілді бұта-дараққа қарамай жөңкіле шабатын. Шағындау бұтаға ырғып шыққан капот кейде аударылып немесе жүзгенге тіреліп, әбігерге түсе бергеннен кейін маған тек капотта отыру жеңілдігі берілетін. Үйдегі ойын балаларының арасында кішісі болған соң ба, кешке дейін капотта көп отыратын мен едім. Әйтеуір, әр күніміз осылай ойынсыз өтпейтін. Әңгімені бала күнімізден бастап, оның ішінде сырғанақты тілге тиек етуіміздің өзіндік себебі бар. Осы күні жұрт арасында «Бала біткен үйкүшік болып кетті, далаға шыққысы келмейді. Ұялы телефоннан бас алмайды, бір мезгіл далада ойнауды қойды» деген пікір көбейді. Мұның көбінесе қалалықтарға қатысы бар екені шындық. Бірақ бала біткенді мереке немесе туған күнінде «Avatariya», «Kids park» іспетті ойын-сауық орталықтарына жетектейтін тараздықтар осы қар жауғанда балаға не керек екенін енді түсінгендей. Өйткені жұртшылықтың дені сенбі-жексенбі күндері бала-шағасымен аязды күнге де қарамай, шаһар сыртындағы биік-биік төбелерді жағалап кетті. Көптен қалмай әр аптаның екі демалысында біз де бала-шағаны «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніндегі «жабайы сырғанаққа» алып барып, ойынға деген құмарын қандырғандай болдық. Қырдың басына бір-бір көлікті қаңтарып тастап, сырғанау баллондарын жайып қойып, оны жұртқа жалға беріп жатқан, ыстық шай сатып жүрген, баласын жетектеген қараң-құраң адамда есеп жоқ. Тіпті сырғанау баллондарын жалға беру қызметін шағын жүк көлігімен келіп көрсетіп жатқандар да жетерлік. Оның ішінде баллон, оған жел үретін құрылғы секілді қажетті заттар мен ыстық шайға дейін бар. Аталған ойын сырғанағы пайда болған жерлерде ешқандай қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Төбеден сырғанағандардың бірі құлдилағаннан құлдилап, тоқтай алмай көліктің жолына шығып кетіп жатқанын да байқадық. «Тектұрмас» кешеніндегі басты жотадан сырғанағандардың бірі етектен жоғары көтеріліп келе жатқан адамдарды қағып құлатса, тағы бірінің төмендегі электр бағанасына барып соғылып жатқаны жан ауыртады. Сондай сәтте бір әйелдің ер адамға айқайлап жатқанын байқап қалып, жағдайға қанығуға тырыстық. Топтасқан адамдардың бірін сөзге тарттық. – Тараз қаласында тұрамын. Қолдағы баламның көлігімен немерелерімді осында ойнатуға әкелдім. Ұрыс естіп жатқан ер адам 5-6 жасар баласымен бірге баллонмен сырғанап келіп, шамамен 6-7 жасар бір баланы қағып кетті. Денесінің ауырсынғаны болмаса, бала аман сияқты. Оның анасы әлгі еркекті кінәлап, қолымен екі-үш мәрте түйіп-түйіп, балағаттап жатыр. Баласы үшін айқай-шу шығарғанын түсініп отырмыз. Бірақ сырғанап келе жатқан балонның тоқтамайтыны белгілі, әр ата-ана мұндай кезде баласына ие болуы керек. Сырғанап етекке түскеннен кейін бала артында сырғанап келе жатқан адамның бар-жоғына көзі жеткеннен кейін ғана баллоннан түсіп, оны сүйреп бір шетке шығуы керек. Ал мұнда осындай қарапайым қағида сақталып жатқан жоқ. Бірін-бірі қағып жатқан ел. Сырғанақ балалар үшін қызық, бірақ бірінші орында олардың қауіпсіздігі тұруы керек, – деді өзін Күлзипа деп таныстырған тұрғын. Осыдан кейін біз сырғанауға қажетті құрал-жабдықты жалға беріп жатқандарға барып, сөзге тартып көрдік. Олардың барлығы да пікір беруге келіспей, ат-тонын ала қашты. Байқасақ, олар ешқандай рұқсатсыз, құжатсыз халыққа қызмет көрсетіп жүргендер болып шықты. – Мына жер қалың қар болатын. Алдымен осында елдер келіп сырғанап жүрді. Сосын біз арнайы техника жалдап, кедір-бұдыр жердің қарын сүре отырып тегістетіп, таптатып сырғанақ жасадық. Жауапты мекемелер балаларға сырғанақ ойыны үшін осы жотаны икемге келтіріп, жағдай жасаса бұрын қайда қалды? Биліктің халыққа жағаласқаннан басқа бітіретіні жоқ па деймін. Біз үкіметтен жұмыс сұрап немесе «жағдайымызды жаса» деп мазасын алып жатқан жоқпыз. Өз күнімізді өзіміз көріп жүрміз. Ел мұнда қар жауғалы жиі келіп жатқанын байқап, «дайын асқа тік қасық» болу үшін келіп тұрғандарыңды білемін. Мен сырғанау баллондарын бала-шағаның нәсібі үшін жалға беріп, күн көріп жүрмін. Айналдырған оншақты күнге бола жеке кәсіпкерлік ашпаймын. Егер мына жердің иесі пайда болып, олар бізден рұқсат қағаз, салық төлемін сұрайтын болса, айналада төбе көп. Соның біріне кете саламыз. Жүрсін артымыздан қуып. Ал жауаптылар шын қауіпсіздікті ойласа кез келген жотаны тегістеп, бес-алты жолақ салып, оның жан-жағын қауіпсіздік үшін резеңке кедергімен бөліп, автотұрақ жасап, әжетхана, жылыну нысанын салып, өз адамдары арқылы сырғанау баллондарын жалға бере берсін. Ол кезде қызмет көрсету ақысы көтеріліп, сырғанаудың өзі ақшасыз шешілмейтін болып шыға келеді. Өзі әзер жүрген халық сосын қайтадан бізді жағалайтын болады. Дұрыс, мен қазір жасырын табыс тауып жатқан шығармын. Бірақ бұл уақытша. Ертең қар ериді, сол кезде бұл да тоқтайды. Негізі жұрт сырғанау баллонын өзі әкеліп, жоқ болса бізден алып жүр. Осыны түсініңіздер. Ал қауіпсіздік мәселесіне келер болсақ, әркім өз баласына ие болсын, – деген елудің үстіндегі ер-азамат аты-жөнін атаудан бас тартты. Уақытша табыс тауып жүргендерді әшкерелеу біздің ойымызда жоқ. Біздің көтеріп отырған мәселе – адамның қауіпсіздігі. Сондай-ақ аталған төбеде көпшіліктің тазалық мәселесіне мән беруін қолға алған жөн. Негізі мұндай «жабайы сырғанақ» қала сыртындағы «Атшабар» маңында, тіпті қала ішіндегі «Зербұлақ», «Қарасу» каналында да бар. «Қарасу» ықшамауданындағы «Қарасу» каналына барғанымызда да қауіпсіздіктің сақталмағаны көзге ұрып тұрды. Биіктен сырғанаған балалардың кейбірі тоқтай алмай, сылдырай аққан суға топ ете қалғанын да көрдік. Су тобықтан келгенімен, алайда адамның аяғы, киімі су болса ызғары оңдырмайтыны анық. Осындай сырғанақтан жарақат алып жатқандар көп. Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Күлзахира Қызғараева қыс мезгілінде адамның мұзда тайып құлап, аяқ-қолын сындыратын, басқа да жарақат алатын кезі жиілейтінін айтады. – Жалпы қар жауып, жер тайғақ болғанда құлап, жарақат алатындар қатары көбейеді. Мысалға алсақ, бір ғана қаңтар айының 1-і мен 19-ы аралығында облыс аумағында мұздан жарақат алғандардың саны 1 209-ды құрады. Оның 742-сі Тараз қаласына тиесілі. Мұның арасында сырғанақтың қызығымен жүргенде жазымға ұшырағандар да жетерлік. Сырғанақта құлағандардың ішінде 14-і «Тектұрмас» этно-тарихи кешені жақтағы биік төбелерде орын алған. Оларға шақырту бойынша біздің мамандар барып, дер кезінде медициналық көмек көрсетілді, – дейді Күлзахира Сапарқұлқызы. Мынау аз көрсеткіш емес. Бұл денсаулығына байланысты жедел жәрдем көмегіне жүгінгендер. Ал олардың арасында ет қызуымен үйіне барған соң сынықшы жағалап кеткендер немесе жеңіл жарақатты өз бетінше емдеп жүргендер болуы әбден мүмкін. Сондықтан біз Тараз қаласы әкімдігінің осы мәселеге жауапты мамандарына хабарласып, «Қала сыртындағы, яғни «Тектұрмас» жақтағы сырғанақты ыңғайға келтіру, қауіпсіздік үшін жағдай жасау жоспарда бар ма?» деген сауалымызды қойдық. Тараз қаласы әкімдігіндегі жауапты деген бір қызметкердің байланыс нөмірін алып хабарластық. Ол – Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Қанат Нұрланов. Әкімдік маманы «Тектұрмас» этно-тарихи кешені маңындағы төбеде сырғанау баллондарын жалға беретін адамдар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізгендерін сөз етті. – «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніне қалалық әкімдіктің сол жерге жауапты аумақтық округ инспекторы, учаскелік полиция инспекторы секілді өзге де жауапты мамандармен бірге барып, ондағы жоталарда баллонды жалға берген кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Балалар жазатайым майып болса, баллон бергендердің жауапқа тартылатыны ескертілді, – деді Қанат Райысұлы. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу, алдын алу құптарлық-ақ жайт. Алайда біз мәселені зерделеу барысында көз жеткізген бір жайт, біріншіден, ол жерге кәсіпкерлер елден бұрын барып сырғанақ жасап, тұрғындарды сырғанақ тебуге шақырмаған. Полиэтилен пакетпен, пенопластпен, шанамен, көліктің резеңке төсенішімен (полик) сырғанап жүргенін көрген соң баллон әкеліп, жалға бере бастаған. Ол кәсіпкерлерді «жабайы сырғанақ» маңынан қуып жібергенімен жұрт ол жаққа баруын тоқтатпайтыны белгілі. Қолында қарда сырғуға жарамды не бар, соны қажетіне жарата беретіні анық. Беті аулақ, ол кезде де сырғанап жүргендер бірін-бірі қағуы, жарақат алуы әбден мүмкін. Сол кезде сырғанауға келген тұрғындардың өзін кінәласақ, бұл ыңғайсыз болады. Ол жерге сырғанауға тыйым салынса да көпшілік бәрібір басқа төбеге баруын тоқтатпайды. Себебі бұған «Атшабар» жақтағы биік төбеде жалға баллон беретіндер болмаса да қолындағы барымен сырғанап жүрген адамдардың қызығушылығы дәлел бола алады. Демек, биылғы қыс тараздықтарға қауіпсіздік шаралары сақталған бір сырғанақ демалыс орны қажет екенін көрсетіп берді. Бар мәселе қаржыға тірелетін мына заманда кәсіпкерлерді тарту арқылы болса да халыққа қауіпсіз жағдай жасап беру біз үшін басты мақсат болуы тиіс. Ол жерде баллонды жалға беру ісі де заң аясында жүзеге асырылуын ұйымдастыру қажет-ақ. Қысқасы, біз «жабайы сырғанақты» қауіпсіздік шараларына сай етіп, жөнге келтірудің бір амалын ойластыруымыз керек. Алдағы уақытта Тараз қаласы әкімдігі осы мәселені ескереді деген үміттеміз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ