Спорт

Мықтыларды мойындатқан Малика

Мықтыларды мойындатқан Малика

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті бірнеше спорт түрінен ұлттық құрамаға тұрақты түрде спортшыларды баптап қосып отырған оқу орны ретінде белгілі. Алайда жасанды мұзайдыны жоқ Тараз қаласынан қысқы спорттан Универсиадаға қатысушының шығуы жұртты таңғалдыратыны рас. Қателеспесек, біздің өңірден қысқы спорт түрінен үміткер шығуы алғашқы мәрте болып отыр.

Сонымен, шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, аталған университеттің Өнер және спорт факультетінің 3-курс студенті Малика Ермек 12-22 қаңтар аралығында АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан ХХХІ Қысқы Универсиада ойындарында ел намысын қорғады. Қазақстан құрамасы сапында еліміздің жоғары оқу орындарынан 80 спортшы-студент АҚШ-қа барған еді. Жерлесіміз осы спорт түрінен 500, 1000, 1500 және 3000 метрлік эстафета және 2000 метрлік микс эстафетасында өнер көрсетуде. Дүниежүзілік Универсиадаға әлемнің 50 елінен мың жарымға жуық спортшы қатысып жатыр. Айта кету керек, АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында жүрген спортшымызбен байланысудың сәті түсті. Алайда уақыт тығыздығына байланысты ұзақ сөйлесе алмадық. Ертең жарыс аяқталады. Айтулы дода өз мәресіне жетіп, жерлесіміз Жамбылға оралған соң сұхбаттасуға уағдаластық. Әулиеата жерінен шыққан қысқы спорт түрінің алғашқы спортшысы Малика Ермек жайлы мақаламызды газетіміздің алдағы сандарының бірінен оқи аласыздар.