Әлеумет

«Student önımı» – қосымша табыс көзі

«Student önımı» – қосымша табыс көзі

Өткен жылы Тараз сервис және технология колледжі студенттерінің өз қолымен өндірген өнімдері сатылатын «Student önımı» деп аталатын екі дүкен ашылған болатын. Жаңаша бағыттағы дүкеннің өз жұмысын бастағандығын мерзімдік басылымдар мен ақпараттық агенттіктер қуана жазды. Одан бері де жыл өтті. «Студент жастардың бастамаларының қарымы қандай, аталған сауда нүктесінің жұмысы қай деңгейде, дүкен өз-өзін ақтап жатыр ма?» деген сұраққа жауап іздеп көрген едік.

ҚР «Білім туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес 2021-2022 оқу жылынан бастап мемлекеттік колледж студенттеріне оқуын тоқтатпай-ақ ақша табуға мүмкіндік берілген. Соның арқасында былтырғы оқу жылы мыңдаған студент қосымша табысқа кенелді. Тарқата айтсақ, жаңа заңнамалық түзетулер колледж студенттеріне оқу-өндірістік цехтар мен оқу шаруашылықтарында өздері өндірген өнімдерді сатуға жол ашады. Жаңа заңның аясында республика көлемінде алғашқы болып біздің облыс білімгерлері өз қолымен жасаған өнімдерін саудалай алатын – «Student önımı» дүкенін ашты. Дүкендер Тараз қаласының адам көп шоғырланған «Жайлау» және «Талас» ықшамаудандарында орналасқан. Студенттер күніне 100 келі тағам мен 50 келі кондитерлік өнімдер дайындайды. Жасаған жартылай фабрикаттары арқылы жергілікті нарықты да арзан әрі сапалы өнімдермен қамтамасыз етіп отыр. Өнімдердің бағасы нарықтағыдан 40 пайыздай төмен. Бағаны студенттер өз шығындарына қарай қояды. Аталған колледж «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, өздерінде дайындалған кондитерлік өнімдерін қаладағы әлеуметтік дүкендерге де сатылымға шығарған. – Дүкенімізге келетін тұтынушылар көп десем, асыра айтқаным емес. Жақын маңда саябақ бар болғандықтан серуен құрып жүрген тұрғындар да осында бас сұғып, өздерімен бірге кофе не шай, ыстық тоқаштар немесе кондитерлік өнімдерді алып, тамақтанады. Дүкен қала тұрғындары үшін таңертеңгі сағат 10:00 ден кешкі сағат 19:00-ге дейін қызмет көрсетеді, – дейді колледж студенті Гүлайым Мейрамбекова. Тараз сервис және технология колледжінің директоры Бекбол Маймышев мұндай пилоттык жоба әзірге республика бойынша ешқандай колледж практикасында болмаған дейді. – Былтыр Оқу-ағарту министрлігінің заңнамаға енгізген нормаларына сәйкес студенттердің дуальді жүйесі арқылы білім алған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептеледі. Бұл колледж түлектерінің жұмысқа айтарлықтай тәжірибемен орналасу мүмкіндігін арттырады. Сондай-ақ тағы бір мәселе шешімін тапты. Колледждер ақылы негізде қызмет көрсетіп, оқу-өндірістік шеберханаларда, шаруашылықтарда, оқу полигондарында дайындаған тауарларын сата алатын мүмкіндік туды. Мәселен, «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша оқитын студенттер практика кезінде темірден сапалы конструкциялар жасайды, жас кондитерлер керемет өнімдер пісіреді, қолөнер бағытындағы мамандықтар бойынша оқитын студенттер киізден, керамикадан, ағаштан, былғарыдан, зергерлік бұйымдардан авторлық бұйымдар дайындайды. Бірақ оның бәрін сата алмайтын. Алайда жаңа заңның арқасында студенттер өз өнімдерін саудалай алатын жағдай туды, соның негізінде былтыр өз дүкенімізді аштық. Аяқ алысы жаман емес. Тұрғын көп шоғырланған аймақ болғандықтан келушілер қатары үзілмейді, – дейді колледж директоры. Дүкен сөрелерінде жас кондитерлердің қолынан шыққан тәттілер, тоқаштар, нан өнімдері, жартылай фабрикаттар қойылған. Сонымен қатар шырын, компот, шай, кофе секілді сусын түрлері де бар. Өнімін саудалайтын колледж студенттеріне келсек, дүкенде 1-курстар аптасына бір күн, 2-курстар аптасына екі күн, ал қалған апта күндерінде 3- курстар алмасып сауда жасап отырады. Білімгерлер іс-тәжірибеден кәсіпорындарда, мейрамханаларда өтеді. Ал жаз айында Түркия елінен тәжірибе жинақтап қайтады. Ескере кететін бір жайт, дүкен толық кәсіпкерлік табыс көзі емес. Жоғарыда айтылғандай, студенттер өндірістік оқу мен тәжірибе кезінде өндірілген өнімдердің сатылып, колледж бюджетін толықтыруға болатынын ғана айтып отырмыз. Десе де жиналған қаражат толықтай студенттердің өз қажеттіліктеріне жұмсалады. Бұл қаражатты өндірістік оқытуға арналған электродтарды немесе металды сатып алуға пайдалануға болады. Колледж студенттері өз өнімдерін сатып, пайда табумен ғана айналыспайды. Көп жағдайда өздері пісірген тәтті-дәмділерін қарттар үйі, балалар үйі, «Жасыл ел – Тараз» мекемесі арқылы көшеде еңбек етіп жүрген аға-әпкелеріне таратып, қайырымдылық іс те жасап тұрады. Білімгерлердің оң бастамасына үлкендер барынша қолдау көрсетіп келеді. Мәселен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Шәкір Сұлтанхан жастарды жігерлендіру мақсатында Тараз сервис және технология колледжінің жұмыс цехтарының қызметімен танысып, «Student önimi» дүкенінде болып, білімгерлердің өнімін сатып алыпты. Бұл қолдау студенттерге шабыт сыйлайтыны анық. Пилоттық жобаның тиімділігін тәжірибе көрсетіп отыр. Колледж ұжымы алдағы уақытта «Student önimi» жобасын кәсіпкерлік дүкенге айналдыруды жоспарлап отыр. Ол үшін облыс әкімінің рұқсаты қажет. Сол кезде өнімнің нақты бағасын қалыптастырып, дүкен жұмысын бір жүйеге келтірер еді. Колледждің, білімгерлердің белсенділігіне қарап, ол мақсаттың да орындалатынына сенеміз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ