Адамзатты алаңдатқан аллергия
Адамзатты алаңдатқан аллергия
«Аллергия дегеніміз не, аллергетиктер саны неліктен көбеюде? деген сауалды облысымыздың штаттан тыс бас аллергологы Жұлдыз Қарабаеваға қойып көрдік. Дәрігердің айтуынша, аллергия – ағзаның бөгде затқа сезімталдығының әсері. Адам ағзасының сезімталдығы артса, ауаның, күннің, сондай-ақ шаң-тозаң, өсімдік, тағам, дәрі-дәрмек, бояғыш заттардың денеге кері әсерінен аллергия пайда болады. Білікті маман қазіргі таңда аллергияның кең таралуына экология, тамақтанудың бұзылуы, урбанизация (қалалық өмір салты), қоғамдағы күйзелістік жағдайлар себепші болып отырғанын айтады. – Статистика бойынша, жыл сайын аллергетиктер саны 20-30 пайызға өсіп отыр. Аллергияға шалдыққандардың көбею себебі – экологияның өзгеруі мен дұрыс тамақтанбаудан. Яғни бүгінде жейтін азықтың да құрамы өзгерген. Бір өкініштісі, аллергия жылдың барлық мезгілінде мазалайды. Мұндай кезде адамдар өзіне-өзі диагноз қойып, дәріханадан дәрі-дәрмекті нұсқаусыз-ақ алып, пайдалана береді. Осы жағдай да кеселдің кеңге қанат жаюына себеп болып отыр. Әлеуметтік жағдай мен өмір сүру сапасының төмендігі де аллергия дертінің көбеюіне әкеліп соғады. Қазіргі аналар да қит етсе сәбилеріне антибиотик салдыра береді. Бұл деген иммунитеттің төмендеп, түрлі аллергиялық аурулардың пайда болуына себеп болады. Химиялық қоспалар мен түрлі биологиялық белсенді қоспаларды қолдану да соған апарады. Аллергияны емдеудің жолы бар. Бірақ ол емнің түрі түрлі шөптерден, талдардың тозаңынан, жастықтың ішінен шығатын қылпықтар мен үйдегі шаң-тозаңға, жануарларға аллергиясы барларға арналған. Ол «спецификалық иммундық терапия» деп аталады, – дейді ол. Жамбыл ауданының тұрғыны Мағжан Бақытжанұлы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында денесіне белгісіз бөртпелер шығып, мазалағанын айтады. Ол екі аптадай арпалысқан аурудан аллерголог маман берген дәрі-дәрмекті қабылдаған соң ғана айығады. – Басында жай есекжем шығар деп мән бермегенім рас. Бірақ бұл күндіз аса мазаламағанымен түнде күшіне еніп, дегбірімді қашырды. Қайдан білейін, аллергия деген жазда, көктемде, өсімдіктер мен талдар гүлдегенде қозады деп жүрміз ғой. Таныстарым аллергия шығар деп айтқан соң дәріханадан өзім білетін дәрілерді алып ішіп те көрдім, бірақ нәтиже болмады. Содан дәрігерге барып, арнайы дәрісі мен жақпамайын алып жаққан едім, сап тыйылды. Менен кейін туған інімде де сондай қышыма пайда болды. Мен алған дәрі мен жақпамайды қолданып, ол да жазылды. Мен ішкен дәрінің дәмі ащы болғаны соншалық, екінші рет ішу мүмкін емес. Жаны ауырған аурудан айығу үшін ішеді ғой. Бізден соң атамызды да қышыма мазалап, әбден ығырын шығарды. Бірақ үлкен кісі болғандықтан басқаша әсер етер деп, ол кісіге дәріні бермедік. Ол жекеменшік аллергологқа көрінген еді. Басқа дәрі, укол ұсыныпты. Әрі атамыз алдында суық тигенге дәрілер қабылдаған, соның әсерінен пайда болған деп айтыпты. Алайда атамыздың қышымасы әлі толық қайтпады, – дейді ол. Ал аллерголог Жұлдыз Мұратқызы қышыманың шығу себептерінің аллергияға еш қатысы болмауы мүмкін екенін ескертеді. Көбіне теріге шығатын бөртпелердің адамның іш құрылысының өзгерістеріне байланысты пайда болатынын және ондай белгілер болса бірден аллергологқа бармай, алдымен қан талдауларын көріп, ағзаны толық тексеруден өткізу керектігін айтады. – Дәл қазіргі кезде терінің қышымасы көбейіп тұрғаны рас. Қышыманың аллергияға қатысы болмауы да мүмкін. Адам қышынған жағдайда бірден аллергологқа жүгірмей, алдымен жергілікті емханаға барып, жалпы қан талдауынан, биохимиялық қан талдауынан өту керек. Бауырының көрсеткішін, бүйректерін, қан құрамындағы қанттың мөлшерін тексерткен дұрыс. Асқазанын көрсетіп, паразиттерге талдаулар жасату керек. Ары қарай иммуноглобулиннің деңгейін анықтап, содан кейін аллергологқа барған жөн. Жоғарыда айтқанымдай, ондай қышыма бүйрек жеткіліксіздігінде, бауыр ауырғанда, асқазан және басқа да ішкі ағзалардың аурушаңдығы болғанда қозады, – дейді дәрігер. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда «аллергиям қозып жүр», «денем қышынады», «мұрным бітеліп, тамағым қысады» немесе «үстім бөртіп, аллергия болып кеттім» дейтіндер көп. Сонымен бірге аллергия тек көктем, жаз айларында басталады деп жатады. Бірақ аллергия маусым таңдамайды және оның түрлері де сан алуан. Мәселен, қыс кезінде терінің қызаруы, дақ, қабыршықтану, тіпті көлдіреулер көп кездеседі. Бұл аллергияның түрі салқыннан шыққан есекжем немесе дерматит деп аталады. Ал көздің қызаруы, қышу, жастануы – аллергиялық конъюнктивит. Бұл аурулардың бәрі жылы жерге кіргенде кете қояды, алайда бүкіл қыс бойы осылай азаптануға тура келеді. – Әр маусымның өзіне тән аллергиялары болады. Аллергия жазда шаң-тозаң, қауыздарға шомылудан болса, қыстық аллергия созылмалы инфекциялық ошағы барларда пайда болады. Қыс мезгілінде мұндай аллергия мазаламауы үшін алдын ала тексеруден өту керек. Қыс мезгілінде тұмау және басқа да суық тиюге байланысты аурулардың болатыны белгілі. Ондай кезде дәрігердің нұсқаулығынсыз, жарнамалардан көрген немесе таныстардан жақсы екен деп естіп алған дәрілерді дәріханадан сатып алып, қабылдап жатамыз. Сондықтан қыс ауасында дәрілік препараттарға аллергия көп. Әсіресе цефалоспориндер мен ауырсынуды басатын ибупрофен, анальгин, кетотоп, кетонал және басқа да дәрі-дәрмектерден аллергия қозады. Тіс дәрігерлері беретін лидокаин, убистезин сияқты ауырсынуды басатын препараттардың да аллергиялық әсері бар, – дейді аллерголог-дәрігер. Аллергияның азабын ауырған адам ғана біледі. Ал аурудың жыл сайын жасарып бара жатқаны алаңдаушылық туғызуда. Аллергияны халық емімен емдеуге әсте болмайды. Дұрыс жасалмаған емнен ауру асқынып, жазылмайтын дертке ұшырау қаупі жоғары.
Айжан ӨЗБЕКОВА