Парасатты қоғам – тәуелсіздік тірегі
Парасатты қоғам – тәуелсіздік тірегі
Аталған іс-шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің өкілдері, департамент жанынан құрылған «Мемлекеттік қызметкерлер арасынан құрылған спикерлер пулы» және «Жастар арасында парасаттылық мәдениетін ілгерілету мақсатындағы облыстық жас көшбасшылар пулы» мүшелері, азаматтық қоғам белсенділері, жоғары оқу орындарының өкілдері мен белсенді жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында департаменттің превенция басқармасының басшысы Д.Омаров сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағытында 2022 жылы департамент тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталып, биылғы жоспарлармен таныстырып өтті. Сонымен қатар облыстың жемқорлық тәуекелдері картасына енгізілген мәселелер талқыға салынып, қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар берілді. Одан бөлек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасынан туындайтын міндеттерді орындау бойынша азаматтық қоғам өкілдерімен бірігіп атқарылатын жұмыстар пысықталды. Өз кезегінде «Жаңару» жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қозғалысының облыс бойынша жетекшісі Қ.Төлендиев департамент тарапынан ұйымдастырылатын жұмыстарға қолдау білдіретінін, мәдениет қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жандандырудың маңыздылығын атап өтіп, спикерлер пулына бірқатар белсенді азаматтарды қосу бойынша ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ дөңгелек үстел отырысына қатысқан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ү.Битенова, «Анаға тағзым» орталығының директоры Э.Мырза-Ғали, Жамбыл ауданындағы А.Макаренко атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С.Кусёва, «Қазақстанның болашағы үшін» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі И.Ғабиден және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жастар ісі жөніндегі комитеті төрағасы А.Ұлтанбаев қоғам өкілдері мен департамент арасындағы екіжақты қарым-қатынасты арттыру, бірлескен тұрақты жұмыстар жүргізу тетіктері бойынша ой-пікірлерін бөлісіп, қоғамдағы өзекті мәселелерге тоқталып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Іс-шара соңында қатысушылардың қойған сауалдарына тиісті жауаптар берілді. Өз кезегінде департамент өкілдері іс-шара барысында айтылған ұсыныстарды бақылауға алып, олардан туындайтын өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастырып, қоғам белсенділерімен бірлесе жүзеге асыратын болады.
Гүлназ Бақытжанқызы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің бас маманы