Саясат

Мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын сақтауы тиіс

Мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын сақтауы тиіс

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысы өтті. Онда қызмет барысында сыбайлас жемқорлыққа жол берген азаматтардың мәселелері мен Әдеп нормаларына қатысты тәртібі қаралды.

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Шәкір Сұлтанхан ашып, жүргізген жиында мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалардың сақталуы, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзуына жол бермеу, алдын алуға бағытталған іс-шаралар жайы тілге тиек етілді. Жиында алдымен Талас ауданы әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Қайрат Терлікбаевқа қатысты қозғалған тәртіптік іс қаралды. Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің №20-1-1-14/6866 ұсынуын қарау туралы аталған департаменттің превенция басқармасының басшысы Д.Омаров, мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Р.Шариповтың баяндамасы тыңдалды. Былтыр Әдеп жөніндегі кеңес тарапынан мемлекеттік қызметтегі тәртіптілік пен мемлекеттік қызметшілердің әдептілік деңгейін көтеруге, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің бұзылған құқықтарын қайта қалпына келтіруге бағытталған бірқатар іс-шара атқарылыпты. Мысалы, Әдеп жөніндегі кеңестің мәжілісі 12 рет өткізіліп, онда барлығы 76 мәселе қаралған. Оның ішінде 15-і тәртіптік іс, 61-і профилактикалық мәселелер. Кеңес отырыстарында қаралған мәселелер бойынша барлығы 165 ұсыным қалыптастырылса, оның ішінде 12-сі тәртіптік, қалған 153-і профилактикалық іс-шараларға қатысты. – Тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша 12 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Тәртіптік жаза түрлері бойынша сөз қозғасақ, «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» – 8, «қатаң сөгіс» – 1, ал үшеуі – «ескерту». Бүгінгі таңда Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымдары толық орындалған және оның шешімдері бойынша қолданылған тәртіптік жазалардың бірде-бірі сот шешімімен заңсыз деп танылмаған. Бұдан бөлек Әдеп жөніндегі кеңес жұмысындағы басымдықтарының бірі – ол азаматтардың бұзылған құқықтарын қайта қалпына келтіру. Атап айтқанда, өткен жылы Әдеп жөніндегі кеңес 5 азаматтың, оның ішінде 3 мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқықтарын қайта қалпына келтірді (қорғалды), – деді осы департамент басшысының орынбасары Л.Илебаев. Сондай-ақ басқосуда сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылардың және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзудың алдын алуға бағытталған шаралар туралы Т.Рысқұлов ауданның әкімі Е.Есіркеповтің есебі тыңдалды. Облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Е.Бекпатшаевтың, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің адам ресурстары басқармасының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкілі М.Абдуллаевтың 2022 жылы және 2023 жылдың осы күнге дейінгі кезеңде атқарған жұмыстары қаралды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы К.Мадиев 2022 жылдың қорытындысы бойынша қарамағындағы қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағаны үшін басшылардың тәртіптік жауапкершілігі мен отставкасы мәселесіне жүргізілген мониторинг жайын сөз етті. Кеңес барысында қателіктерге жол берген кейбір мемлекеттік қызметшінің жұмысына сын айтылып, ескерту берілді. Сондай-ақ жиында әдеп нормасын сақтамаған және сыбайлас жемқорлыққа бой алдырған мемлекеттік қызметтерге қатысты жазаны күшейту мәселесі ұсынылды.

Нұржан ӘЛІШ