Әлеумет

Мұз астында балық бар, байқамасаң қауіп бар

Мұз астында балық бар, байқамасаң қауіп бар

Қармақ ұстағанда қарны ашқанын ұмытатын қауым – балықшылар. Олар балықтардың уылдырық шашу кезінде ғана дамыл тауып, жылдың көктемі, жазы мен күзінде көл басынан, тоған қасынан табылатыны белгілі. Тіпті қақаған қыстың өзінде мұзды ойып, құмарын тарқатпаса тыным таппайды. 

Дегенмен қыс мезгілінде мұзды ойып балық аулаудың да қызығымен қатар өз машақаты бар. Қауіпсіздік ережелерін сақтамау, құтқарушылардың ескертпесіне құлақ аспау соңы өкінішті жағдайға ұласып жатады. Себебі жұқа мұздың беті құдды шыныдай нәзік. Сондықтан сақтық шараларын ұмытпауымыз керек. Нендей сақтық шаралары бар екенін аудандық төтенше жағдайлар бөлімі тәптіштеп түсіндіруін түсіндіріп-ақ жүр. Таяуда ғана аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аймақтағы ең үлкен «Тасөткел» суқоймасында мұзды ойып балық аулағанда қаперде ұстайтын қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Аталған бөлімнің бас маманы Бақыт Бегалиевтің айтуынша, қыс айларында балық аулағанда төмендегідей қауіпсіздік шараларын сақтау керек. Айталық, құтқару жилеті, құтқару көкірекшесі, арқан, ракета, шам, радиотелефон және ұялы телефон сынды байланыс жабдықтарын балық аулауға ала бару керек. Одан бөлек ауа райы жайында ақпаратты алдын ала алған артықтық етпейді. Алайда күн райы күрт өзгеріп кетуін де ескерген жөн. Мұз бетінде балық аулағанда, ең алдымен, мұздың қалыңдығын тексеру қажет. Әдетте мұздың қалыңдығы суқоймалардың барлығында бірдей бола бермейді. Қатты мұздың түсі көкшіл немесе жасылдау әрі түйіршіксіз болады. Бір адамды көтеретін мұздың қалыңдығы 7-8 сантиметр, ал бір топ адамға 12-14 сантиметрден кем болмауы керек. Ал осал мұз мөлдір ақшыл түсті болып келеді. – Балық аулау барысында алкогольдік ішімдікті тұтыну аса зиянды. Егер айдын шағын болса, мұздың бетін бейберекет оюға болмайды. Қайнары бар жерде немесе қамыс өскен жерлерде мұз осал болып келеді. Мұздың үстінде топтасып жүруге тыйым салынады. Ойылған мұздың бетіне қоршау немесе белгі қоюды ұмытпаңыздар. Балық аулауға шығар алдында қай жаққа баратыныңызды жақындарыңызға ескерткен жөн. Себебі жаман айтпай, жақсы жоқ. Тұрғындарға айтарымыз сол, мұз бетінде сақ болыңыздар! Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаңыздар және қауіпке ұшырағандарға қол ұшын соза жүріңіздер! – дейді азаматтық қорғау капитаны Бақыт Бегалиев. Маманның ескертпесі осындай. Түсінген адамға бәрі тайға таңба басқандай анық айтылып тұр. Құтқарушылар қанша жерден адам өміріне, қауіпсіздігіне елге қызмет тұрғысынан мүдделі болғанымен, сайып келгенде, әркім өз өміріне өзі жауапты.

Байжан ЕМБЕРДІ, журналист, Шу ауданы