Ұлағатты ұстаздар ұлтты тәрбиелейді
Ұлағатты ұстаздар ұлтты тәрбиелейді
Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев ашып, жүргізіп отырды. Алдымен облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек баяндама жасады. – Білектің емес, білімнің күшімен ілгерілейтін жаңа заманда ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеруде бар жауапкершілік ұстаздар қауымына жүктелетіндігі анық. Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында білім беру саласына қатысты маңызды тапсырмалар берді. Президент «Әділетті Қазақстанды» құрудың негізінде ағартушылық құндылықтар жатқанын, талантты, білімді, отансүйгіш ұрпақ неғұрлым көп болса, әл-ауқатымыздың соғұрлым тез артатынын және бұл істе педагогтарымыздің рөлі зор екендігін айта келе, мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін арттыру, шығармашылық жұмысына қолайлы жағдай жасау маңызды міндеттердің қатарында екенін жеткізді. Осы орайда мемлекетіміз мұғалімдердің беделін көтеруде жан-жақты қолдау көрсетіп, білім саясатына басымдық беріп келеді. Облысымызда білім беру саласына 2022 жылы 241,1 миллиард теңге бөлінсе, биылғы жылы 285,9 миллиард теңге қарастырылды. Өткен жыл облыс оқушылары мен педагогтары үшін жетістікке, жеңіске толы болды. Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы 13-жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленсе, оқушыларымыз республикалық, халықаралық олимпиадалар мен байқауларда топ жарды. Республикалық, халықаралық байқауларда 3 950 мұғалім жеңімпаз атанды. Сондай-ақ 3 педагог республикалық «Үздік педагог» байқауында жүлделі болды. Ең қуанарлығы, соңғы 11 жылда «Үздік педагог» атағын иеленген 41 педагогтың 16-сы ауыл мектептерінде қызмет етеді. Сонымен қатар алдағы уақытта білім беру сапасын жақсартуға оң септігін тигізетін шаралар да қолға алынуда. Биылғы оқу жылынан бастап сыни ойлауды, жаһандық құзыреттіліктерді дамыту, мектеп жасына дейінгі балалардың ерте жастан дамуы, оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын, экологиялық мәдениетін қалыптастыру, эмоционалдық интеллектісін дамыту, қала мектептері жағдайында оқушылардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру, мектеп жұмысын цифрлық трансформациялауды, бала тұлғасын дамытуда мектептің білім беру кеңістігін құрастыруды психологиялық-педагогикалық қамтамасыз ету бойынша 12 эксперименттік-тəжірибелік алаңдар жұмысын бастады, – деді басқарма басшысы. Баяндамашының айтуынша, облыста 78 мектептен тыс қосымша білім беру мекемесі бар. Түрлі бағыттағы үйірмелерге қамтылған оқушылардың үлесі 75,5 пайызды құрапты. Ал 2022 жылы жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен аз қамсыздандырылған және көпбалалы отбасынан шыққан 48 671 оқушыны әлеуметтік қолдауға 5,4 миллиард теңге бөлінген. – Мемлекет басшысының тапсырмасымен алдағы оқу жылынан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі 11 мыңнан аса бүлдіршінді және 1-4 сыныптағы 70 мыңнан аса бастауыш сынып оқушысын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету ұйымдастырылатын болады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2,9 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Жасөспірімдер арасында заңбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша да тиісті жұмыстар атқарылуда. 228 мектепте «Жас инспектор» жасақтары құрылып, оған 5 781 бала қамтылды. Сонымен қатар 271 мектепте «Қайсар» – полицияның жас көмекшілері» жасақтары құрылған, оған 2 605 оқушы қамтылды. Барлық білім беру ұйымдарында құқықтық кеңестер жұмыс істеуде. 2023 жылы орта білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Осы мақсатқа бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ балаларды мектепке сапалы және қауіпсіз тасымалдауды жүзеге асыру үшін автокөлік паркі жаңартылып, 14 автобус лизингпен алынады. Ал ерекше білім беруді қажет ететін балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету, оларды әлеуметтік бейімдеу, қоғамға кіріктіру – білім мекемелерінің басты міндеті. Биылғы оқу жылында 7 922 мүмкіндігі шектеулі баланың 6 233-і оқумен және тәрбиемен қамтылған. Облыста осы бағытта 31 арнайы мекеме мен кабинет жұмыс істейді, – деді Мейірхан Азатұлы. Айта кету керек, қазіргі таңда облыста 567 мектепке дейінгі ұйымдарда 59 017 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесіне тоқталар болсақ, 1-6 жас аралығында – 91,7пайыз, 2-6 жас аралығында – 94,1 пайыз, ал 3-6 жас аралығында – 100 пайыз. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар саны өткен жылмен салыстырғанда 199-дан 222-ге өскен. Облысымызда 485 орта білім беру ұйымдарында 247 мыңнан аса оқушы білім алуда. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мен «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында да облысымызда атқарылып жатқан іс көп. Жиын соңында Еркін Құлымбайұлы білім беру ұйымдары мен басқарма басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар беріп, отырысты қорытындылады.
Шапағат ӘБДІР