Жаңалықтар

САНДА БАР, САНАТТА ЖОҚ немесе ресурстық орталықтардың штаттық кестесінде шикілік көп

САНДА БАР, САНАТТА ЖОҚ немесе ресурстық орталықтардың штаттық кестесінде шикілік көп

Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.

Жиында жастар саясаты саласында атқарылған жұмыстар, алдағы мақсат-міндеттер айқындалды. Сонымен қатар басқосуда баяндама жасаған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар саладағы бірқатар мәселелерді жіпке тізді. Басым бөлігі бұған дейін де айтылып, көтеріліп жүрген мәселелер. Жастар ресурстық орталықтарын жеке ғимаратқа көшіру, материалдық-техникалық базаны жаңарту, кадр тұрақсыздығы, айлық жалақының аздығы, тағысын тағы... Басқарма басшысының көтерген келесі бір мәселесі бізді бейжай қалдырмады. Естігенде «апам да аң-таң, мен де аң-таң» күй кешіп, сенер-сенбесімізді білмей абдырап қалдық. «Келесі мәселе, зерделеу барысында Меркі аудандық жастар ресурстық орталығының балансында 10 шатыр бар екені анықталды. Ресурстық орталық мамандары әртүрлі шараға қажеттілік туындаған сайын шатырларды тасып әбігерге түсуде. Аталған шатырларды орталық балансынан алып, аудан әкімдігінің балансына беруді ұсынамын. 2022 жылдың зерделеу қорытындысы бойынша, Меркі аудандық жастар ресурстық орталығында 5 штаттық бірлік орталықтың мүддесіне жұмыс атқармайтыны анықталды. 2 маман «Адалдық алаңы» жобасы бойынша, 2 маман аудан әкімдігінің баспасөз қызметінде және 1 маман «АMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанатында жұмыс істеуде. Сол сияқты Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығында 3 штаттық бірлік орталықтың мүддесіне жұмыс атқармауда. 1 тележүргізуші, 1 оператор және сайлау комиссиясы төрағасының көлік жүргізушісі орталық тарапынан мақсатсыз қаржыландырылуда. Жастар ресурстық орталықтарының штатындағы қызметкерлер тек жастар саясатымен айналысуы тиіс. Басқа бөлімдердің немесе тиісті әкімдіктердің жұмысын атқаратын қызметкерлер ресурстық орталықтардың қаражаты есебінен қаржыландырылмауы қажет», деп, мәселені төтесінен қойды Жомарт Дүйсенұлы. Газетімізде тұрақты түрде аудандардағы жастар ресурстық орталықтарының директорларымен, әр өңірдегі белсенді жастармен сұхбат құрып тұратынымызды оқырмандарымыз жақсы біледі. Сонда саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жастардың ең жиі көтеретін мәселелерінің бірі – маман тапшылығы. Сұхбат берушілерден себебін сұрасақ, түрлі сылтауды алға тартып, кібіртіктеп қалатын. Көптен бері бізді де ойландырып жүрген өзекті мәселенің бір себебі осылайша кеңес отырысында мәлім болды. Егер жастар ресурстық орталықтарының штатындағы қызметкерлер басқа мекемелерде жұмыс істеп жүрсе, маман қалай тапшы болмасын?! Әрине, Жомарт Дүйсенұлы жаңылысып, қате ақпарат берді дей алмаймыз. Дейтұрғанмен анық-қанығына көз жеткізу мақсатында Меркі және Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталықтарының директорларына хабарласып, санда болса да санатта жоқ қызметкерлер туралы мән-жайды өз ауыздарынан естідік. Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жандар Тоқсабаның аталған мәселе бойынша берген жауабы қысқаша болды. – Аудандық жастар ресурстық орталығында штаттық бірлікте 1 телеоператор, 1 тілші және 1 аумақтық сайлау комиссиясының көлік жүргізушісі жұмыс істеуде. Қаңтар айының соңына дейін аталған 3 штаттық бірлік ресурстық орталықтан алынып, ауданға қарасты басқа мекемеге ауыстырылады деп жоспарлануда. Жалпы орталықта 2022 жылы кадр тұрақсыздығы байқалған болатын. Бірақ мекемеде 2022 жылдың соңынан бастап кадр тұрақталды. Бүгінгі күнге кадр тапшылығы жоқ, – дейді Жандар Тоқсаба. Меркі аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбол Сұлтаналиев те 1 ақпанға дейін штат мәселесі шешілетінін жеткізді. – Кеңес отырысында Еркін Құлымбайұлы жастар ресурстық орталықтарының штаттық кестесінде бар, бірақ басқа мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің мәселесін 1 ақпанға дейін шешуді тапсырған болатын. Қазір аудан әкімінің орынбасары еңбек демалысында. Алдағы дүйсенбі күні жұмысқа шығады. Сол кезде мәселені шешу жолдарын ақылдасатын боламыз. Одан кейін аудан әкімі аппаратының басшысымен сөйлесіп, орталықтан айлық алып келген «Жастар рухы» Жастар қанатында қызмет істейтін маманның штаттық кестесі ауыстырылды. Негізі 5 штаттық бірлік бұрын бекітілген. Енді қалған 4 штатты қайтарып берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша орталыққа жастар жұмыс істеуге келеді. Көзге түскендерін орталыққа алып қалсақ дейміз. Бірақ бос штат болмағаннан кейін қолымыздан ешнәрсе келмейді. Еркін Құлымбайұлының тапсырмасынан кейін мәселе шешіледі деп ойлаймыз. Ал шатырдың жайы өзіміздің де әбден шымбайымызға батты. Пайдасынан гөрі зияны көп. Бір жерге апару үшін 10-15 мыңға жүк көлігін жалдаймыз. Көлікке тиеудің, құрудың, қайтадан тасудың әуресін айтпақ-ақ қояйын. Қызметкерлерді де әбден шаршатты. Жан-жаққа тасымалдап жүрген 5 жылдың ішінде жалдауға бір жүк көлігінің ақшасы кеткен шығар. Жалпы шатырлар ауылдық округтерге тиесілі. Бірақ кезінде орталыққа берген. Қазіргі таңда сынып, бүлініп, 4-5 шатыр ғана қалды. 2017 жылы бергенде саны 14 болған. Биыл тағы шатыр алып береді деген сыбыс бар. Алып бермесе қуанбасақ, ренжімейміз. Өйткені бізге шатырдың түкке де қажеті жоқ, – деп ағынан жарылды Нұрбол Анарбекұлы. Міне, штаттық кестеден, шатырдан шыққан шатақтың ұзын-ырғасы осындай. Екі аудандағы ресурстық орталықтың директоры да өздерінің ешқандай қатысы жоқтығын бұрынғы басшылардың кезінде орын алған жағдай екенін айтады. Әрине, бұрынғы немесе қазіргі орталық директорларын айыптау ойымызда да жоқ. Әрі-беріден соң кемшілік пен көзбояушылыққа жол бергендерді табуды да мақсат тұтып отырған жоқпыз. Бізге керегі – аудан әкімдерінің жастарға дұрыс көңіл бөлгені. Егер жергілікті атқарушы орган белден басып, ойына келгенін істейтін болса, ресурстық орталықтар қандай оңды жұмыс істесін. Ресурстық орталықтар – әр аймақ жастарының бас қосатын құтты шаңырағы емес пе? Ал сол шаңыраққа шаттық сыйлап, кем-кетігін бүтіндеп, жоқ-жітігін түгендеудің орнына барын тартып алып, басынып жүргендердің іс-әрекеті ешқандай сылтау-себеппен ақтап алуға келмейді.

Талғат НҰРХАНОВ