Әлеумет

Қазақстанда субсидияның 10 түрі жойылады – АШМ

Қазақстанда субсидияның 10 түрі жойылады – АШМ

Қазақстанда шаруаларға арналған субсидияның 10 түрі жойылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек мәлімдеді, деп хабарлады Arainfo тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Былтыр президенттің тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілген. «Субсидиялау жүйесін реформалаудың негізгі міндеті – азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, фермерлер қоғамдастығының пікірін барынша ескеруге, ауылдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға, сондай-ақ ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен жеткілікті көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін келісілген нұсқасы әзірленді», - деді Әбілхайыр Тамабек министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде. Вице-министрдің айтуынша, сүтке, құс етіне және жұмыртқаға тауарлық-спецификалық субсидиялар бойынша субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалады.

Әбілхайыр Тамабек бүгінде субсидиялау қағидаларының барлық жаңа жобасы мемлекеттік органдарда келісу рәсімінен өтіп жатқанын, жақын арада бекітілетінін жеткізді.