Лондонда топ жарған оқушыны елемеген кім?
Лондонда топ жарған оқушыны елемеген кім?
Оқырмандарды аталған білім бәйгесінің жай-жапсарынан хабардар етіп, жеңімпаз жасөспіріммен жақынырақ таныстыру мақсатында кейіпкеріміздің шаңырағына арнайы барып, ата-анасымен аз-кем тілдескен едік. Әңгімеміз ең алдымен желіні «жарған» бейнежазба төңірегінде өрбіді. Ихсанның анасы Ләззат Ілесова өз сөзінде жоғарыда айтылған бейнежазбаны өзіміздің тараздық не болмаса бір қазақстандық тұрғын емес Ресей азаматы, youtube, instagram әлеуметтік желілеріндегі алыс-жақын шетелдіктер арасында танымал «Peterburg.Аlga» парақшасының авторы Иван Червинскийдің түсіргендігін айтты. Ұлты орыс бола тұра, қазақ азаматтарымен жақын достық қарым-қатынас орната білген, еліміздің әр жетістігіне шынайы қуанып, қазақ жұртына қатысты тіпті өзіміз естімеген жағымды жаңалықтармен бөлісіп, небір таланттарды әлемге танытып жүрген Иван бұл жолы да жарады. Автор өз парақшасында әлгі бейнежазбаны бөлісіп, дүйім жұрттан сүйінші сұрамағанда жас дарынның есімі де, еңбегі де еленбей қалар еді. Жігіттің есіміне қарап «ұлты бөлек пе?» деп елең ете қалғанымыз рас. Шын мәнінде Ихсан Бақытжанұлы – таза қазақ. Арабшадан аударғанда «жақсылық жасау, шынайылық» деген мағына беретін есімді әкесі Құран Кәрімнен алып, баласына халқына шарапаты тиер, жақсы амалдары мол перзент болсын деген ниетпен ырымдап қойыпты. Ихсанның ғылым мен білімге құштарлығы, ерекше таланты ес кірген кезінен бері байқала бастаған. Өзінен он-он үш жас үлкендігі бар алдыңғы екі ағасы, әсіресе екінші ағасы Темірлан інісінің тәрбиесіне қатты мән берген. Есі енді кіріп келе жатқан інісімен үлкен адамша сөйлесіп, ертегі кітап оқып беретін болған. Біртіндеп шетелдік сөздер үйретіп, субтитрлармен ағылшынша мультфильмдерді бірге тамашалаған. Жанашыр бауырының дәрістерімен сусындап өскен ұл, өз сыныптастарының алды болды. Әсіресе есепке жүйрік болған екен. Бірақ үшінші сыныпты аяқтап, төртіншіге аяқ басқан жылы сыныптарына басқа мұғалім жетекшілік етеді. Жас маман ә дегенде табиғатынан тұйық Ихсанмен тіл табыса алмайды. Ол есепті саусақтарын қолдану арқылы ойша шығарады. Өзінің есептеу тәсілі барын түсінбеген мұғалім анасына «Шынымды айтсам, балаңыздың мінезі бір қызық. Өзі әлсіздеу. Ешкіммен сөйлеспейді, араласпайды. Мен онымен түсінісе алмаймын» деп өрескел мінез танытады. Үш жыл қатарынан үздіктер тақтасында тұрған баланың суреті төртінші сыныпқа келгенде алынып тасталынады. Ихсан апайының осы дөрекілеу сөзінен кейін математикадан да, өзі оқыған №48 мектептен де көңілі қалады. Алтыншыны бітірген жылы бағын сынап қазақ түрік лицейіне, Назарбаев зияткерлік мектебіне құжат тапсырып көреді. Өкінішке қарай тестілеудің екінші кезеңінен өте алмайды. Сәтсіздігіне аздап қапа болған ұлын ата-анасы көңілін қалдырған мектебіне қайта оралтқысы келмеді. Ойлана келе, ағасы Темірланның ақылымен 125 High school білім беру академиясында оқытуды жөн көреді. – Баламызды жеке мектепке береміз деген шешіміміз өте дұрыс болды. Біреуді кінәлаудан, сөге жамандаудан аулақпыз. Ихсанның көңіліне кірбің түсірген мұғаліміне де еш ренішіміз жоқ. Оны да түсінуіміз керек. Жас маман, тәжірибе жылдар өте келе жинақталады. Ұлымыздың ойлау деңгейі бөлек, әлемі басқа. Оны Темірлан ағасы болмаса, өзіміз де түсінбей жатамыз кейде. Оның үстіне қарапайым мектепте бір сыныпта жалпылай алғанда 28 бала білім алады. Сонша оқушының барлығына бірдей көңіл бөлу мүмкін емес. Ал мұнда бір сыныпта кемі 12 бала оқиды. Ұстаздары әрқайсысына уақыт тауып, барлығын бірдей тыңдай алады. Ең маңыздысы томаға тұйық баламыз осы ортада ашылды. Қалжыңдасып, асыр салып ойнап, өзі қатарлы балалармен бірден тіл табысып кетті. Мойындауымыз керек, қазіргі оқушылардың өтіп жатқан тақырыптарын біз түсіне бермейміз. Ал мынадай білім ошағының баланың үй тапсырмасын орындауына тигізер көмегі айрықша. Әрине, төлейтін қаражаты да білім беру стандарттарына сай. Өзіміздің де асып-тасып жатқан ештеңеміз жоқ. Бірақ баламыздың болашағы үшін, жақсы білім алуы үшін ештеңеден аянып қалмаймыз, – деп әкесі Бақытжан Ілесов те өз ойын қоса кетті. Алтыншы сыныбында 125 High school білім беру академиясы тәрбиленушілерінің қатарына қосылған Ихсан алғашқыда өзі ұнатқан математиканы ысырып, ағылшын тіліне ерекше ден қоя бастайды. Бұл тұста да ағасының сіңірген еңбегі зор екенін айта кеткен жөн. Кішкентай күнінен бастап інісін ағылшын тіліне бейімдеп, сөздік кітаптардың, мультфильмдегі субтитрлардың дұрыс әлде қате аударылғандығын талқылап отыратын көрінеді. Ихсан жаңа мектепке оқуға қабылданған жылы, білім мекемесіне Филиппин елінің Манила қаласынан Мэлла есімді ағылшын пәнінің оқытушысы жұмысқа келеді. Бір ауыз қазақша, не орысша білмесе де балаларды бар жан-тәнімен беріліп оқытатын педагог көп ұзамай-ақ оқушылардың жүрегінен жол тауып үлгереді. Балаларды өзгеше заманауи тәсілдермен оқытатын ұстаздың еңбегі көп ұзамай өз нәтижесін бере бастайды. Мәселен, өткен жылы ақпан айында Ихсан ағылшын тілінен өткен халықаралық «Gold Media» онлайн олимпиадасының бас жүлдегері атанды. Жақында жеңімпаз атанып келген білім бәйгесі 29 шілде мен 7 тамыз аралығында өткен. Сайысқа дайындық қаңтар айынан басталған. Бастапқы кезде баласын шетелге жіберу үшін қыруар қаражат керектігін назарға алған ата-анасы «жарысқа қатысудан бас тартсақ па екен» деп те ойлапты. Жол шығыны, жатын орны, тамағы, одан бөлек қыдырғанға, өзі ұнатқан затын алуға қажет деген қаржының барлығын қоса есептегенде 2,5 миллион теңгеден асып жығылатын сома шығады. Қаражат жағын ойлағанымен, жалындап тұрған ұлдарының сағын сындырып алудан тағы қорқады. Анасы мен әкесінің қысылыңқырап жүргенін көрген жас бала да «жақындарыма салмақ салдым-ау» деген оймен өзін ыңғайсыз сезіне бастайды. Үйдегілерін «Бара алмасам да ренжімеймін», деп сендірсе де соншама дайындалып, еңбектенген соң іштей бұл мүмкіндікті жіберіп алғысы келмейді. Анасының айтуынша Ихсанның кәдімгідей алаңдап, уайымдағаны сонша біраз уақыт күйзелісте жүріпті. Қалай болса да баламызды осы байқауға қатыстырамыз деген нақты шешімді қабылдауға қамқор ағасы Темірлан мен Мэлла ханым ықпал етеді. Қазіргі сәтте Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Биология» пәні бойынша білім алып, қосымша Сыр еліндегі «Білім-Инновация» лицейінде ағылшын тілінің оқытушысы болып еңбек етіп жүрген Темірлан шетелдердің біріне магистратураға түсемін деп жинап жүрген бар ақшасын інісінің болашағы үшін жұмсайды. «Магистратура күте тұрар, інім олимпиадаға қатысып келсін» деген ағасының сөзін Мэлла ұстазы толықтыра түседі. Сүйікті оқушысының ата-анасына «Біздің мектептен 6 бала барғалы жатыр. Бірақ түйсігіммен сезіп тұрмын, дәл осы жарыста жеңіс Ихсанға бұйырады. Ихсан менің «черная лошадкам» деп сеніммен айтады. Шахмат ойынына қатысты бұл термин жарыстың фавориті, жеңіске ең лайықты кандидат деген мағынаға ие. Ағасы мен ұстазы үлкен үміт артып отырған соң Ихсанды ата-анасы Лондонға жіберуді ұйғарады. Жарыс жақындаған сайын дайындық та күрделене түседі. Деңгейі өте жоғары, халықаралық маңызға ие олимпиада екендігін ескерсек, жауапкершілік те соған сай болуы керек. Осыны түсінген ұстазы Мэлла жатпай-тұрмай ала жаздай балаларды дайындаумен болады. Қаншама айлық еңбек, жұқарған жүйке, ата-анасы мен ағасының сенімі еш кетпеді. Ихсан өзі үшін жанын беруге дайын жақындарының үмітін ақтады. Нәтижесі өздеріңіз білетіндей. Әсіресе ұстазының қуанышында шек болмады. Ихсан бас жүлде алды деген сөзді естігеннен көңілі босап, жылап жіберіпті. Лондонға келген балаларға қала тарапынан түрлі қызықты, танымдық экскурсиялар ұйымдастырылғандығын айта кеткен жөн. Ихсан ерекше ұнататын, талайдан армандап жүрген «Гарри Поттер» мұражайын өз көзімен көріп, естелікке музейдің паспортын алған екен. Танымал тұлғалардың мүсіндері тізілген «Музей восковых фигур», әлемге әйгілі «Биг бен» және өзге де тарихи орындарды аралап рухани сергіп қайтады. Жаңа дүниені, шетелді көргеніне қуанып, отбасына көрген-білгендерінің барлығын түсіріп жіберіп, алған әсерімен бөлісіп тұрды. – Лондон расында да әсем қала. Атмосферасы бөлек, адамдары да басқаша. Жүздерінен мейірім байқалады. Әрі олар әр нәрсеге үлкен мән береді. Мәселен, мен қолымдағы сусынның ыдысын қайда тастарымды білмей біресе ары, біресе бері қарап тұрғанымды бір кісі байқап қалып, күлімдей амандасып қоқыс тастайтын орынның қайда екендігін көрсетті. Жарысқа келгенімді естіп маған сәттілік тілеп, тіпті жігерлендіріп жіберді. Сайыс кезінде де әр елден келген ұл-қыздармен танысып, жаңа достар таптым. Дегенмен байқау өте ауыр болды. Тапсырмалар ауысқан сайын қиындық деңгейі жоғарылай берді. Бірақ берілген тапсырмаларды дұрыс орындап шықтым. Ол үшін ұстазым Мэлла ханымға алғыс айтамын, мені жақсылап дайындады, – дейді жарыс жеңімпазы. Аталған байқауда жеңіске жеткен тек Ихсан ғана емес, сол мектептің тағы екі оқушысы күміс және қола медальға, өзге екі оқушысы қатысқаны үшін Құрмет грамотасына ие болыпты. Қызықтың бәрі жеңімпаздар елге оралғанда басталды. Алматы әуежайына келіп қонатын ұшақты қарсы алуға Жамбылдан тек Мэлла ханым, жүлдегер ұлдың отбасы ғана барған. Алматының өзінен 125 High school білім беру академиясының сол қаладағы филиал директоры мен оқушылары арнайы келіп, жүлдегерлерді құрмет-қошеметпен күтіп алады. Қарсы алуға келген 125 High school мекемесі оқушыларының арасында еліміздегі талантты, жас актерлердің бірі Махамбет Айқынұлы да болған екен. Рейтингі жоғары тележобалардан жиі көрінетін, танымал жастың осы қуанышты бөлісуге арнайы келгеніне Ихсанның ата-анасы қатты риза болыпты. Таразға келген соң өздері білім алатын мекеменің директоры Әділет Басар марапаттап, оқу ақысына бір жылға 70 пайыз жеңілдік жасаған. Ал қалалық білім беру мекемесі бұларды мүлде мойындағысы келмеген. Сондағы айтқан бар уәждері «балалар мемлекеттік емес жеке білім беру ұйымының атынан қатысқан. Бұл жарыс мемлекет тарапынан бекітілмеген. Талаптарға сай емес» дегенге саяды. – Жеме-жемге келгенде міндетсінуге еш хақымыз жоқ. Бала өзіміздікі. Демек қуаныш да өзіміздікі. Мемлекет құттықтамады деп ренжитін жөніміз емес. Бірақ баланы рухтандыру, ынталандыру үшін мына оқиғаға, жеңімпаз балаға сәл де болса көңіл бөлсе екен деп тіледім. Еңбектері бағаланса деп армандадым. Биыл – Балалар жылы. Осындай талантты, дарынды жеткіншектерге қолдау болмаса бос ұранның керегі қанша? Бәрінен де лайықты бағасын ала алмаған ұлымның алдында қатты ұялдым. Бір ауыз қазақша не орысша білмесе де барын салып балаларымызды оқытқан,осы қуанышқа себепкер жан Мэлла ханымның еңбегі де еленбей қалды, – дейді анасы Ләззат Ілесова. Халықаралық білім додасынан бас жүлде алғандығынан жерлестер бір ай бойы хабарсыз болып жүргенде, жағымды жаңалық көрші елдерге қалай тарады деген ой туындайды. Мұнда ешқандай да құпия жоқ, Баласының жетістігіне қуанған ана instagram-дағы парақшасына Лондонда қыдырған сәттерін, жарыс барысындағы, марапаттау рәсіміндегі суреттерін жүктеген. Қалай тауып алғаны белгісіз, Ресейдің ең танымал блогерлерінің бірі, жоғарыда аты аталған Иван бұлардың анасы Ләззатқа өзі хабарласып, құттықтауын жеткізеді. Артынша қуанышты жаңалықпен блогында бөлісуіне рұрсат сұрап, youtube арнасындағы каналына zoom платформасы арқылы сұхбат беруін өтінеді. Мына жайтқа алғашында сенер-сенбесін білмей абдырап қалған анасы блогердің сенімді жан, қаншама оқырманы бар екендігіне көз жеткізген соң сұхбат беруге келіседі. Біраз жақсы ойлар айтылып, мәселелер қамтылған онлайн сұхбатты алыс-жақын шетелдегілердің барлығы тамашалайды. Жарты сағаттан сәл асатын сұхбаттың видеосы «Черная лошадка. Школьник из Тараза выиграл золотую медаль в Лондоне» деген атаумен youtube арнасына жүктелген. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дегендей осы оқиғалардан кейін Ихсанның есімі жиі ауызға алынып, жеңісі туралы барлық жерде жазыла бастады. Тіпті елімізге танымал тележүргізуші Ләйла Сұлтанқызының өзі сұхбат алып, «Tengrinews», «Экспресс К» секілді интернет порталдардың журналистері олимпиада жайын білу мақсатында бірінен соң бірі хабарласып жатты. Бүкіл ТМД көлеміне есімі жайылған жас дарынымызды осылай кеш танығанымыз өкінішті-ақ! Шетелдерге өнер байқауларына, спорттық жарыстарға барып, олжалы оралып жатқан өзге де саңлақтарымыз аз емес әрине. Бірақ дәл осылай білім бәсекесінде бақ сынап, ағылшындарды өз отанында ұтқан өрендер саусақпен санарлық қана. – Жақында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил мырза жеңімпаз балаларды қабылдап, құттықтау рәсімін өткізді. Жақсы тілектерін арнап, лебізін білдіріп жатқан соң балалар кәдімгідей көңілдері марқайып, жадырап қалды. Балаға керегі тек жылы сөз бен көңіл ғана. Ендеше өз балаларымызды көрсетуден неге тартынамыз? Қалалық білім бөліміндегілер жеке мектепте білім алады деп мойындамай, оқушыларды бөле-жарғандарына жаным қатты ауырды. Жеке мектепте оқыса не болыпты? Өз балаңды өзекке тебетіндей ол сайысқа өзге елдің атынан қатысқан жоқ, қайта Жамбыл өңірінің атын әлемге танытып келді. Жұрт әлі күнге жекемізге шығып құттықтау хаттар жіберіп жатады. Youtube каналындағы сұхбаттың астындағы жақсы пікірлерді оқығанда марқайып қаламыз. Қазір ғылым-білімнің заманы. Балдырғандарға жас күнінен қолдау көрсетпесек, ертең үлкендерден көңілі қалған балалар елден безінуі ғажап емес. Сондықтан оларды кеудесінен итермей, лайықты көңіл бөлінсе, жас жеткіншектер өздерінің мемлекетке керек екендігін сезінсе деген тілегім бар,– дейді перзентінің болашағына алаңдаулы әке. Ихсанның екі ағасынан бөлек, артынан ерген тағы бір бауыры бар. Темірлан Қызылордада білім алып жатса, үлкен ағасы Дастан Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы бір орта мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Ағайынды төртеу үйлерінде бір-бірімен шет тілінде сөйлесіп, ағылшынша кино-мультфильмдерді аудармасыз көреді. Темірлан ағасының қандай мамандықты таңдағанын жақсы білетін Ихсанның анатомия, биологоия ғылымдары жайлы ілімі де аз емес. Астрономия, физика, тарих пәндеріне деген қызығушылығы жоғары. Білімді жеткіншекпен аз ғана тілдескен уақыт ішінде оның қаншама тарихи оқиғалар мен ғылыми терминдерден хабардар екендігін аңғарып, іштей таңданысымызды жасыра алмадық. Ихсанның суретшілік қасиеті де бар. Салған туындылары кісіні сүйсіндірмей қоймайды. Білімді өрен бала болып ойнауды да ұмытпайды. Кішкентай бауыры екеуі Ұлыбританиядан ала келген дулығасы мен шпагасымен семсерлесіп ойнағанды ұнатады. Ихсан болашақта ақпараттық жүйелердің маманы не болмаса дәрігер болғысы келеді екен. Әзірге нақты таңдауды жасамапты. Бір сүйсіндіргені болашақта қандай жағдай болса да Қазақстаннан алыс кетпеймін деп кесіп айтты. Қалай десек те болашақта үлкен жарыстарда топ жарып, еліміздің атын шығаратын бір ұлтжанды азамат жетіліп келе жатқанын мойындауымыз керек. Біздің бір байқағанымыз жеңімпаз баланы қалалық білім бөлімі елемеген. «Арнайы шақырып, құрмет көрсетті» деген Тараз қаласының әкімдігі бір кітапты сыйға тартумен шектелген. Дұрыс, кітаптан асқан сыйлық жоқ. Алайда сол кітаптың қасына баланың білімін толықтыра түсуі үшін демеуші көмегімен болса да қажетке жарайтын бір ноутбук, ең болмаса смартфон қоса салса болмай ма? Осындайда «Болам деген баланың бетінен қақпа, белін бу» деген мақал еріксіз ойға оралады екен.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ