Бірлескен істе береке бар
Бірлескен істе береке бар
Аймақ басшысы Д.И.Менделеев атындағы РХТУ делегациясымен кездесті
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Д.И. Менделеев атындағы Ресей химиялық-технологиялық университетінің делегациясымен кездесті. Кездесуге облыстық білім басқармасының, білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің және Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының өкілдері де қатысты. Кездесу барысында Д.И.Менделеев атындағы РХТУ мен жергілікті жоғары оқу орындары арасындағы, атап айтқанда, ғылыми зерттеулер саласындағы бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеудегі стратегиялық әріптестік мәселелері талқыланды. Сондай-ақ облыс мектептерінде химия және басқа да жаратылыстану-ғылыми пәндерді оқыту деңгейін арттыруға, мектептердің жоғары оқу орындармен және кәсіпорындармен желілік өзара байланыс желісін құруға бағытталған «Менделеев сыныптары» білім беру жобасын іске асыру мәселесі қаралды. Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылында ҰБТ тапсыратын 8 694 жамбылдық түлектің 18,5 пайызы химиялық-биологиялық бағытты таңдап отыр. Жыл сайын облыстың оқушылары химия пәнінен халықаралық Менделеев олимпиадасына белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Қонақтар білім беру саласын дамытудың негізгі бағыттарымен, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы жоспарлы жұмыстармен танысты. – Жамбыл облысының аумағында бүгінде бірнеше ірі химиялық өндіріс орны бар. Еліміздегі химиялық өнімдерді өндіру көлеміндегі өңірдің үлесі 30 пайызды құрайды. Бұл саланы одан әрі дамыту жоғары білікті мамандарды даярлап отыруды қажет етеді. Сондықтан ірі жоғары оқу орындарымен жан-жақты өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, – деді облыс әкімі. Д.И.Менделеев атындағы РХТУ ректорының міндетін атқарушы Илья Воротынцев оқу үдерісіне жаңа технологияларды енгізу үшін жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайту қажеттігін атап өтті.
Меморандумға қол қойылды
Іскерлік байланыстарды жандандыру мақсатында Д.И.Менделеев атындағы РХТУ мен М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Яғни М.Х.Дулати университеті келесі оқу жылынан бастап өңірдегі химия өндірісіне қажетті химик-технолог бакалавры мамандарын «Қос дипломды» бағдарламасы бойынша дайындайтын болды. Осылайша студенттер оқу бітіргенде аталған университетпен бірге Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің дипломын қатар алып шықпақ. Бұл туралы Дулати университетінде өткен Д.И.Менделеев атындағы РХТУ арнайы делегациясымен өткен кездесу барысында айтылды. Кездесуге РХТУ ректорының міндетін атқарушы Илья Воротынцев, «Уралхим» біріккен химиялық компаниясы бас директорының орынбасары Александра Глазкова, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Ғани Тоқсанбаев қатысты. Онда Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті, Дулати университеті және «Қазфосфат» ЖШС арасында іскерлік байланыс туралы үшжақты келісім жасалып, меморандумға қол қойылды. Жиында И.Воротынцев Ресей өздерінің оқу ордасы жайлы сөз қозғап, қысқаша бейнебаянға шолу жасады. – Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті ТМД елдерінің химиялық технология бойынша базалық ұйымы саналады. Университетімізде барлық филиалдарды есепке алғанда 7 500 студент білім алып жүр. Университетте 54 кафедра, 11 институт пен факультет, қосымша 33 ғылыми-зерттеу зертханасы бар. Олардың мақсатты моделі – ғылым мен ғылыми мақалалар ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіптік серіктестеріміздің көмегімен патенттер мен нақты технологияларды енгізу. Мәскеуде, Тула облысында және Ташкентте университеттің үш филиалы жұмыс істейді. Ташкент қаласындағы филиал төрт жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Ол жерден жыл сайын 600 бакалавр мамандық иесі атанып шығады. Сондай-ақ жыл сайын қаржыландыру көлемі артып, бакалаврлар ғана емес, магистранттар мен докторанттар да көбейіп келеді. Д.И.Менделеев атындағы РХТУ-дың бюджеті 4,6 миллиард рубльді құрайды. Бюджеттің жартысы экономиканың нақты секторындағы химия кәсіпорындарын қаржыландыруға жұмсалады. Өткен жылы Ресей үкіметі ғылым мен техниканың 10 жылдығының басталғанын жариялады. Химияның біздің өмірімізде қаншалықты маңызды екендігі, ғылымның осы саласындағы білімнен қаншалықты пайда алуға болатыны туралы мектеп қабырғасында жүргеннен оқытылады. Біздің университеттің мектептерде арнайы Менделеев сыныптарын ашу тәжірибесі бар. Ол сыныптарда балалар болашақта ең мықты химия университетінің студенттері, одан кейін химия өндірісінің жоғары санатты технологтары мен инженерлері болу үшін химия пәнін қарқынды түрде оқиды. Мәскеуде біздің университеттің қолдауымен ашылған технологиялық парк бар. Ол жерге химия ғылымын жақсы көретін мектеп оқушылары, тіпті балабақша тәрбиеленушілері де келіп химиялық эксперименттер жасай алады. Университетіміздің Ресейде және шетелде, мысалы, Швейцарияда, Кубада, Вьетнамда жүзеге асырылып жатқан көптеген пайдалы жобалары бар. Біз университет ұжымы технологиялық және білім беру саласындағы ынтымақтастығымызды одан әрі жан-жақты кеңейтуге ниеттіміз, – деді Илья Воротынцев. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, Ресей заң ғылымдары академиясының мүшесі Данияр Нұрмұханбет университетте химия өнеркәсібі саласына білікті кадрларды дайындау мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ облысымызда химия өнеркәсібінің қалыптасуы мен дамуы туралы қысқаша баяндама жасады. Проректор өз сөзінде Тараз қаласы Қазақстандағы химия өнеркәсібінің орталығы болып есептелетінін, М.Х.Дулати атындағы осы университет бұрынғы үш оқу орнының, яғни Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты, Жамбыл педагогикалық институтының мұрагері екенін атап өтті. Университетте барлығы 15 мың студент, 500-ден астам магистрант және 40-тан астам PhD-докторлары білім алуда. Студенттер шетелде, оның ішінде Испанияда, Португалияда, Ресейде, сондай-ақ жетекші отандық университеттерде тәжірибе алмасу арқылы білім алу мүмкіндігіне ие. Университетте дәріс беру үшін Ресейден, Балтық жағалауы елдерінен, Германиядан шетелдік профессорлар да шақырылады. Осы жоғары оқу орны аясындағы ғылыми жобаларды қаржыландыруға жыл сайын 100 миллион теңгеден астам қаржы тартылады екен. Бұдан кейін «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Ғани Тоқсанбаев сөз алып, кәсіпорындағы білікті кадрлардың, білікті инженер-технологтардың тапшылығы мәселесін шешудің маңыздылығын атап өтті. Ол қазақстандық және ресейлік жоғары оқу орындарының ынтымақтастығы отандық химия өнеркәсібіне септігін тигізіп, «Қазфосфат» ЖШС зауыттары жұмысшыларының санын 5 мың адамға дейін арттыруы мүмкін деген ойын жеткізді. Айта кетейік, ресейлік делегация құрамында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химиялық-техникалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Федор Колоколов және ректораттың меңгерушісі Вера Леонова да болды. Мұхтар Қазбекұлы мен «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Ғани Тоқсанбаев: «Ресейлік әріптестерімен меморандумға қол қою арқылы олар біздің студенттерге тәжірибе алу үшін кең ғылыми мүмкіндіктер ұсынады», деген сенімін білдірді. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық мамандықтарды игеруге көмектесетін әлемдік жоғары оқу орындарының филиалын ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл іскерлік кездесу Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындау мақсаты негізінде жүзеге асырылды. Жиында қос оқу орнының өкілдері технолог мамандарды даярлаудағы оқу үрдісінің ерекшеліктеріне тоқталды. Онда білім беру бағдарламалары, дуальді оқыту жүйесі және болашақ мамандарға ұсынылатын өндіріс орындары туралы айтылады. Ресми кездесуден кейін делегаттар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Химия және химиялық технология» кафедрасында болып, ғылыми-зерттеу зертханасының жұмысымен танысты. Сонымен қатар «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Минералды тыңайтқыштар зауытына барып, өндіріс орнының жұмыс барысын көрді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ