Жамбыл жаңалықтары

«СЕРГЕК» ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

«СЕРГЕК» ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

– Өткен жылдың соңында түрлі ақпарат көздерінде «Жамбыл облысының орталығында 2022 жылы 1 желтоқсаннан бастап қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Сергек» жүйесі іске қосылады» деп ақпарат тарай бастады. Білуімізше, бүгінге дейін жүйе әлі іске қосылған жоқ. Егер айтқан уақытында қосылмаған болса, жұртшылықты даурықтырудың қандай қажеттілігі бар? Ал енді кейбір таныстарымыз 1 желтоқсаннан бастап «Сергек» жүйесі іске қосылғанын, айыппұл жиналып бір-ақ келетінін айтады. Кімге сенерімізді білмей дал болдық.

Медет БАЗАРБАЕВ, мұғалім

Облыстық полиция департаменті тесттiк режимнiң аяқталуына байланысты 2023 жылдың 16 қаңтарынан бастап облыс орталығында «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесі іске қосылғанын хабарлайды. 48 аппараттық-бағдарламалық кешен (35-і желілік учаскеде және 13-і қиылыстарда) қаланың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жүйе жылдамдық режимінен асып кету, бағдаршамның тыйым салу сигналына өту, жол белгілерiн сақтамау (тоқтау сызығын басу, қиылыстың алдында дұрыс орын ауыстырмау, тыйым салынған жерде тоқтау және тұрақтау) секілді жол ережелерінің бұзылуларын тіркейді. Жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркеу автоматтық режимде жүргізіледі және полиция қызметкері тексергеннен кейін құқық бұзушыға жіберіледі. Барлық ереже бұзу жағдайлары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімінде автоматты түрде тіркеледі. Хаттамаларды электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен erap-public.kgp.kz және egov.kz сайттарынан, сондай-ақ «Каspi.kz» банкінің мобильді қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер бөлімінде жүктеуге болады. Аппараттық-бағдарламалық кешендерде тіркелген құқықбұзушылықтармен келіспеген жағдайда облыстық полиция департаментіне хабарласу керек немесе нұсқамада көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалыңыз.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі