Әлеумет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ «АНАҒА ТАҒЗЫМДА»

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ «АНАҒА ТАҒЗЫМДА»

Бүгін облыс орталығына ҚХА жанындағы Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы, ҚР Президенті жанындағы әйелдері ісі және отбасылық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Нәзипа Шанаи іс сапармен келіп, әуелі «Анаға тағзым» орталығына бас сұқты. «Мәдениетті ұлт-мәдениетті ана» жобасының өңірлерде жүзеге асырылуын саралап жүрген ол, орталықтың аталған бағытта бірнеше жұмыс жоспарларын орындағанына көз жеткізді.

«Мирас» ата-дәстүр экспозициялақ залында ұлттық қолөнер бұйымдарынан ұйымдастырылған көрмені тамашалап, қазақы нақыштағы қуыршақтар жасау бойынша қолөнершілер Р.Иманали мен Г.Абдуллаеваның «Бойтұмар» қолөнер және дизайн студиясының қатысушыларына өткізген шеберлік сағатына қатысты. «Береке» аспаздық студиясында бастау алған «Ана көрген» бейнежобасының тұсаукесеріне куә болды. Одан соң, «Шолпы» сұлулық студиясында «Тырнақ әрлеу шебері» мен «Бет әрлеу» курсының қатысушыларымен сұхбаттасқан төрайым әйел-аналардың ұсыныстарын тыңдады. Курс қатысушысы Гүлбарам Эгембердиева осы орталықта оқып, өзін жан-жақты дамытып жатқанын естіген алыс ауылдардағы құрбыларының аудандарда да орталық филиалдарының ашылғанын қалайтындықтарын айтты. Сондай-ақ, Нәзипа Шанаи басқа да үйірме жұмыстарының бағыт-бағдарымен танысып, үйірме жетекшілері мен қатысушыларының ұсыныс-пікірлеріне құлақ асты. «Жан дауа» психология кабинеті мен «Сырғалым» сырласу клубының да жұмысын көрді. Нәзипа Шанаи «Алқа» мәжіліс залында бақытты отбасының тұтқасы болған әйел-аналармен кездесу өткізді. Орталық өнерпаздарының дайындаған өнерлерін тамашалап, рухани олқылықтардың орнын толтыратын нақ осындай орталықтардың керек екенін тілге тиек етті. «Анаға тағзым» орталығының ашылу сәтіне куә болған кездегі жоспарланған мақсат-міндеттерді артығымен орындап жатқандарыңызды көріп, қуанып тұрмын. Жүрген жерімде сіздердің жұмыстарыңызды айта жүретін боламын» — деп Нәзипа Ыдырысқызы орталық жұмысына көңілі толғанын жеткізді.