Таразға ірі көлемде есірткі жеткізбек болған күдікті ұсталды
Таразға ірі көлемде есірткі жеткізбек болған күдікті ұсталды
Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері алдын ала ұйымдастырылған арнайы операция барысында есірткі заттарын өткізетін тағы бір арнаның жолын кесті. 13 қаңтарда Меркі ауданының 48 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол Тараз қаласына ірі көлемде есірткі жеткізуді жоспарлаған. Күдіктінің тұрғылықты жері бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде жертөледен жалпы салмағы 5 келі 864 грамм гашиш және 1 келі 280 грамм кептірілген марихуана табылды. Сондай-ақ, жеке басын тінту барысында күдіктіден салмағы 14 грамм гашиш тәркіленді. «Тәркіленген есірткі заттары – 5 келі 878 грамм гашиш пен 1 келі 280 грамм марихуана. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деп хабарлады облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев. Күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылуы мүмкін.