Тараз қаласына 200 қоғамдық көлік қажет
Тараз қаласына 200 қоғамдық көлік қажет
Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғабит Алтаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Таразда қоғамдық жолаушылар тасымалы саласында 9 тасымалдаушы жұмыс істейді. Тоғыз тасымалдаушының алтауы - жекеменшік иелері. 34 маршруттағы 349 автобустың – 153-і қытайдың дизельді, 172-сі газбен жүретін ресейлік, 15-і бензинмен жүретін көліктер. Дерекке сүйенсек, соның 84-і жолаушылар тасымалдағанына 5-7 жылдан асқан. 90 автобустың жолда жүргеніне 5 жылға жуықтаған.
Тараз қалалық қоғамдық кеңестің құрылыс, энергетика, инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту мәселелері жөніндегі комиссиясының төрағасы Рахманқұл Байтелиев қоғамдық көлік жұмысы бойынша жүргізілген мониторинг арқылы жолаушылар тасымалына тартылған 340 автобустың 279-ы жеке меншікте, ал қалғандары жалға алынғанын анықталғанын айтады. Мәліметтер көрсеткеніндей, соңғы 10 жылда "Саяхат-99", "ДамРус", "Таразпастранс", "ArsenTransCompany" жауапкершілігі шектеулі серіктестері бірде-бір жаңа автобус сатып алмаған. Тараз қаласындағы қоғамдық көлік жұмысындағы кемшіліктер туралы мәселе көп көтеріледі. Соның бірі – автобустардың жеткіліксіздігі. Қала әкімі Бақытжан Орынбеков қазіргі уақытта облыс орталығында 200 автобус қажет екенін, оларды алдағы үш жылда сатып алуды жоспарлап отырғанын жеткізді.