Әлеумет

«Жасөспірімдер үйі» жақсылыққа жетелейді

«Жасөспірімдер үйі» жақсылыққа жетелейді

Он алты жасқа толғаннан кейін балалар үйінде тәрбиеленген ұл-қыздар тәуелсіз, ересек өмірді бастайды. Олар уақыты келгенде өз үйлеріндей болған құтхананы тастап кетуге мәжбүр болады. Баспанасыз күн кешу, жұмысқа тұра алмау деген секілді үлкен өмірдің сынағына төзу төрт құбыласы сай ересек адамдардың өзіне оңай емес. Ал балалар үйінен түлеп ұшқан жасөспірімдер немесе ата-анасынан айырылған тірі жетімдердің одан кейінгі тағдырын сөз ету бізге де оңай емес.

Осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын еліміздің сол кездегі бірінші ханымы – Сара Назарбаева жетім балалардың тағдырына алаңдап, қорғансыз балалардың ауыртпашылықтарын жеңілдету мақсатында бірнеше жобаны қолға алғаны есте. Оның ішінде С.Назарбаеваның бастамасымен Қазақстанның барлық облыс орталықтарында осы санаттағы жастардың тәуелсіз өмірге бейімделуіне қолайлы жағдай жасау үшін «Облыс әкімдігі білім басқармасының жасөспірімдер үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылған болатын. Мұндай мекеме 2001 жылы Тараз қаласында да пайда болып, қорғансыз қалған немесе асыраушысынан айырылған балаларға өз есігін айқара ашқан еді. Облыстық білім басқармасына сеніп тапсырылған «Жасөспірімдер үйі» осы жылдар ішінде көптеген жетім балаларға қамқорлық танытып, үлкен өмірге бейімдеді. «Жасөспірімдер үйін» көбінесе №1 Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің түлектері паналайды. Басқа облыстардағы «Жасөспірімдер үйіндегідей» мұнда да балалар заң мен талап аясында 16 жастан 23 жасқа дейін тұра алады. Олар мұнда әдетте тамыз айында оқуға түсу емтихандарын тапсырып, мамандығын алатын оқу орнын белгілеген кезде келеді. Бұл мәселелермен балалар үйінің қызметкерлері айналысады. «Жасөспірімдер үйі» қызметкерлерінің негізгі міндеті – балалар үйінің түлектеріне әлеуметтік көмек беру, әлеуметтік және жанұя өміріне бейімдеу, еңбек нарығына белсене араластыру. Балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілерінің қалай өмір сүріп жатқандығын, оларға нендей жағдай жасалғанын білу мақсатында аталған мекемеге арнайы ат басын бұрып, ондағы ұл-қыздардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін өз көзімізбен көріп қайтқан едік.

Мейірімге толы шаңырақ

«Жасөспірімдер үйі» қаланың тыныш, адам аз жүретін Лазарев көшесінің №2 мекенжайында орналасқан. Онда барлығы 72 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде ұлдар – 42, қыздар – 30, жетім балалар саны – 38, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалғандар саны – 34. Кәмелет жасқа толмағандар саны – 16, студенттер – 54. Мұнда да жасөспірімдер бәрін өз үйіндей сезінуі тиіс. Мақсат пен талап сондай. Тәрбиеленушілердің ішінде жиырмасы түрлі жұмыс істеп жүр. Ал үш жігіт әскери борышын өтеуде. Бұл жерде де қимай әскерге шығарып салады, әскерден келген азаматтарды қуанып қарсы алады. Балалардың барлығы мемлекеттен тегін берілетін тұрғын үй үшін кезекке тұрғызылған. Мекеме бұрын №3 дәрігерлік амбулаториямен бір ғимаратты тең бөлісіп пайдаланған. Тұрғын үй кешені мен әкімшілік бір қабатта орналасқандықтан тәрбиеленушілер мен қызметкерлерге ғимарат тар болыпты. Бөлмелер екі, үш, тіпті төрт адамға арналған. Оның үстіне ғимарат ескі болғандықтан ішкі жылу, кәріз, ауызсу жүйелерінде де ақаулар көбейіп жиі істен шығып, біраз қолайсыздықтар тудырыпты. Дегенмен 2020 жылы ғимарат басы бүтін «Жасөспірімдер үйінің» қарамағына беріліп, артынша толықтай күрделі жөндеуден өткені – көңілге демеу. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей-ақ, сол кезде мекеме басшылығында да ауыс-түйістер орын алып, директорлық қызметке Бекбол Қайыпчаев тағайындалады. Бір кездері сырты тозып, іші ескіріп тұрған мекеме қазір адам танымастай өзгерген. Қабырғалардың бәрі қазақша ою-өрнектермен әсемделген. Мекеме іші заманауи талаптарға сай етіп безендірілген. Облыстық «Жасөспірімдер үйінің» директоры Бекбол Сұраншыұлы бізге мекеменің ішін аралатып, тыныс-тіршілігімен таныстырды. Барлығын шетінен рет-ретімен көрсетіп, жұмыс жайын да егжей-тегжейлі баяндады. Оның сөзіне сүйенсек, балалардың біліміне, денсаулығына, шығармашылық дамуына жақсы жағдайлар жасалған. Мекеме күрделі жөндеуден соң қарасаң көзің тоятындай жайнап тұр. Іші кең, жарық әрі таза. Жатақхана типіндегі ғимарат шағын спортзал, демалыс бөлмесі, шеберхана, компьютер бөлмесі, кітапхана, акт залы, тігін бөлмесі, архив, педагог-психолог және әлеуметтік педагог кабинеттері, медициналық кабинет, асхана, кір жуатын бөлмелермен жабдықталған. Тәрбиеленушілер күндерін босқа өткізіп, тамақ ішіп, ұйқыны серік етумен ғана шектелмейді. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және шығармашылық дамуының мәселелерімен білікті тәрбиешілер айналысады. Мәселен, демалыс бөлмесінде балалар оқуынан не жұмыстан шаршап келгеннен кейін телефонға қадала бермей бір мезгіл теледидар қарап, болмаса кітап оқып, өзге қатарластарымен әңгіме-дүкен құрып сергіп алады. Бұл бөлменің қадірі Қатарда футболдан өткен әлем чемпионаты кезінде тіптен арта түсіпті. Футболсүйер жасөспірімдер бірде-бір ойынды бос жібермей, өз командаларына жанкүйер болып, демалыс бөлмесін думанға бөлепті. Әрбір маңызды спорт додалары өткен сайын сондай көңіл күй қайталанады екен. Одан бөлек студенттер онлайн сабақ жүйесіне ауысқан кезде оларға ыңғайлы болуы үшін, әрі ғаламтордан өздеріне қажетті мәліметтерін табуына қолайлы компьютер кабинеті де қарайластырылған. Адам болған соң денсаулық сыр бермей тұрмайды. Осы мәселе қалай шешімін тауып отыр деген ой жетегімен медициналық алғашқы көмек көрсету бөлмесіне бас сұқтық. Ол жерде ең алғашқы ем-дом шараларын өткізуге қажетті барлық медициналық құралдар жеткілікті. Балалардың денсаулығы үнемі бақылауда. Ауырған-сырқағандары болса алғашқы көмек көрсетіліп, ем қабылдайтын мүмкіндіктері бар. Әрине, баланың денсаулығы – ең басты байлық. Оған тиісті көңіл бөлу аса қажет. Бұл жағынан алғанда жасөспірімдер үйінің алға қойылған жүйелі жұмысы бар екенін көріп, олардың денсаулықтары тиісті деңгейде қорғалып отырғанын білдік. Ал шеберхана балалардың кілті жоғалғанда, есіктерінің құлпы бұзылып қалғанда және өзге де тұрмыстық техникалар істен шыққанда оларды жөндеп, кем-кетікті бүтіндегенге таптырмайтын орын. Мұнда спорт нұсқаушысы Дастан Амандосовтың жетекшілігімен дене шынықтыру сабақтары жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Спортзалдағы теннис үстелі, штангалар және бірнеше тренажерлер іспетті басқа да спорт жабдықтары шетінен жаңартылып жатыр. Қолөнерді жақсы көретін қыздар үшін бірнеше тігін машиналары бар шағын тігін бөлмесі қарастырылған. Бұл кабинетте өнерлі қыздардың өз қолдарымен жасаған түрлі шығармашылық жұмыстарын көріп, көңіліміз марқайып қалды. Әрине, олар – кәсіби тігіншілер, кәсіби суретші не болмаса мүсіншілер емес, бірақ олардың жасағандары қиял мен арманға толы. Сондықтан да шынайы, әсерлі шыққан. Бәрі де өзінің жарасымдылығымен, үйлесімділігімен дайындалған бұйымдар. Кішігірім өнер көрмесіне келгендей әсер аласың. Тігін бөлмесіндегі колөнер шебері Айгүл Ақылбай осы мекемеде жиырма жылға жуық қызмет етіп келеді. – Бұл жерде қолөнерге ебі бар қыздар өздерінің қиялынан туған бұйымдарын жасап, уақыттарын тиімді өткізеді. Мен де оларға қолымнан келгенше бағыт-бағдар беріп, тәрбиелеп жүрмін. Мұнда қыздар қоржын, шағын көрпеше тігіп, тоқыма тоқумен айналыса алады. Өкінішке қарай, өткен жылы қыздарымды байқауларға қатыстыра алмадым. Бұйыртса, көктемгі Наурыз мерекесі қарсаңында «Аспара» колледжінде 1-курс оқитын Татьяна Шевелева және Кристина Бозняк деген екі қызымды байқауға қатыстырсам деген ниеттемін, – дейді Айгүл Күмісбекқызы.  width= Одан кейін мекеме басшысы бізді тәрбиеленушілердің ұйықтайтын, демалатын бөлмелерімен таныстырды. Шыны керек, ол жерден де көңіліміз толып шықты. Кең әрі жарық бөлмелер, біркелкі жиналған төсек-орындар, киімдерін қоятын әдемі жиһаздарды көргенде тұрмыстық заттардың ыңғайлы, сапалылығына көз жеткіздік. Балалар бөлме тазалығына мұқият қарайды екен. Ішкі тазалыққа көп мән беріп, өз киім-кешектерін жинап, ұқыптылық көрсетіп отырады. Бұл да болса тәрбиелік жұмыстардың нәтижесі емес пе? Мекемеде барлығы 15 жатын бөлме бар. Олар екінші қабатта орналасқан. Қыз балаларға арналған 7 бөлмеде жуыну бөлмесі мен гигиеналық құрал-жабдықтардың барлығы бар. Ұлдар мен қыздардың бөлмелері шай ішуге арналған үстел, шкаф, тоңазытқыш, микротолқынды пеш сынды тиісті жиһаздармен жабдықталған. Терезелерде әдемі перделер ілініп, еденге төсеніш төселген. Балалар оқулары мен жұмыстарынан келген соң қалауынша өз бөлмелерінде не астыңғы қабаттағы ортақ асханада тамақтана алады. Жалпы жасөспірімдер үйі жайлы және үлкендер жағы балаларға жылы қабақ танытып, мейірімдерін аямайтындығы көрініп тұрды. Сәйкесінше тәрбиеленушілер де бір үйдің баласындай тату, өздерін еркін сезінеді, тәрбиешілерді жақын аға-әпке санап, директорды туған әкесіндей көреді. – Біз халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар төлеу, халыққа қызмет көрсету орталықтары және басқа да маңызды әлеуметтік құрылымдармен, қоғамдық бірлестіктермен, мемлекеттік органдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Өйткені біздің қамқорлыққа алынғандар жұмысқа орналасуда, оқудағы мәселелерін шешуде, жәрдемақы алуда және түрлі құжаттармен, соның ішінде баспанамен қамтамасыз етуде аса көмекке зәру. «Ас – адамның арқауы» демекші, тәрбиеленушілерді тамақтандыру жайы да назарда. Әр балаға он күнде бір рет азық-түлік беріледі. Ұлдар мен қыздар тағамдарды қалауынша таңдап, өздері әзірлейді. Мұндай шешім жастарды өз-өзіне қызмет көрсетуге дағдыландыру үшін маңызды. Әрине, ешкім іштен біліп тумайды. Олар бұрын тамақ пісіріп көрмегендіктен балаларға ас дайындауды тәрбиешілер үйретеді. Әбден дағдыланғанша қастарында қарап, бақылап тұрады. Ерте ме, кеш пе, жастар тәуелсіз өмірді бастайды, қыздар тұрмысқа шығады, бұл олардың өздері үшін қажет, – дейді Бекбол Сұраншыұлы.

Бұл мекемеден де спорт шеберлері шыққан

Ұл-қыздар жақсы білім алып, лайықты жұмысқа орналасып, өмірден өз орындарын тауып жатса мекеме қызметкерлері іштей марқайып қалады. Мезгілі жеткенде жастар отау құрып, баспаналы болып шаңырақтан ұзап жатса да «Жасөспірімдер үйінің» ұжымы олардан көмектерін аямайды. Мықты тәрбие мен қолдаудың арқасы болар, бір қуанарлығы, мұнда өмірдің ағынымен жүзіп, болашағына бейқам қарайтын жасөспірімдер аз. Көпшілігі оқуда озат, адал еңбектерімен өз нандарын тауып жүр. Өз мақсаттары мен армандары бар. Бұл үйден түлеп ұшқан жастардың көбісі биік шыңдардан көрініп жүр. Болашағынан үміт күтіп, солардың ертеңі жарқын болуы үшін үлкен күш салған мекеме ұжымы, әсіресе директоры олардың жетістіктері жайында үлкен мақтаныш сезіммен қуана әңгімелеп берді.  width= – Біздің «Жасөспірімдер үйіндегі» балалардың қай- қайсысы болса да мықты. Сөзіме көптеген дәлелдер келтіруіме болар еді. Тек бірнешеуіне ғана тоқталып өтейін. Мәселен, өзім басшылыққа келген жылы төрт жігіттің Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясына оқуға түсуіне себепші болдым. Күн-түн демей жаттығып, емтиханға дайындалып мақсатымызға жеттік. Академияға хат жазып жүріп, уайымдап, шыр-пыр болған балаларым сенімді ақтады. Бәрі де «сен тұр, мен атайын» дейтін спортшылар. Всеволод Польшин – қол күрес бойынша түрлі додаларда топ жарып жүр. Қазір Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алды. Абылай Мұхитдинов – футболшы. Ал Нұрлан Иманалиев пен Юрий Богомолов – баскетболшы. Тек жігіттер жағы ғана емес, мерейімізді асырып жүрген қыздарымыз да аз емес. Бізден түлеп ұшқан Гүлбаршын Койчубаева есімді өнерлі қызымыз бар. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдаған. Қазір Түркия елінің Измир қаласындағы мықты университеттердің бірінде білімін жалғастыруда. Тағы бір тәрбиеленушіміз Сымбат Жұлдызбай облыстық сотта қызмет етеді. Светлана Чеславлева деген талантты модель қызымызды айтпай кетуге болмайды. Сән әлемінде өзін танытып үлгерді. Түрлі дизайнерлермен бірге жұмыс істейді. Сән апталығына қатысуға Қазақстанның біраз қаласынан шақырту алып тұрады. Бұл ұл-қыздарымыздың барлығы қайда жүрсе де хабарсыз кетпей, жағдайларын баяндап тұрады. Мерекелерде құттықтап, бос уақыттары болса келіп қуантады. Бүгінгі жетістіктері біздің арқамызда болғанын айтып көңілімізді жадыратып қояды. Бірақ біз тек себепшіміз. Бәрі өз еңбектерінің жемісі. Өздерінің қалаулары, құлшыныстары болмаса біз қанша сүйрегенімізбен ештеңе шықпас еді. Тағы бір-екі ұлымды Алматыдағы спорт академиясына түсіремін деп дайындап жүр едім, оларды әскерге алып кетті. Өздері өтініп сұраған соң екеуін бір жерге, бір ротаға жіберді. Ол да жақсы, бір-біріне демеу. Келген соң бәрібір спорт саласына барамыз дейді. Қысқаша айтқанда жағдай осындай. Қарап тұрсам, уақытымыздың басым бөлігін отбасыммен емес, осы жерде өткізеді екенмін. Мұндағы бізге сенген, бізге үміт артқан балаларға әке болуға тырысып келемін. Балалар үшін менің кабинетімнің есігі әрқашан ашық. Олар келіп іштегі уайымдарын айтып, қиыншылықтарымен бөлісіп кетеді. Тыңдаймын, қолымнан келген көмегімді беремін, ақылымды айтамын. Былайша айтқанда 72 баланың әкесімін, – дейді мекеме басшысы. Мекемедегі студенттер көбінесе «Аспара», Тараз сервис және технология, Тараз теміржол, Жамбыл политехникалық жоғары және Қаратау қаласындағы Қаратау құрылыс-техникалық колледждерінде білім алып жүр. Колледж қызметкерлері «Жасөспірімдер үйіне» жиі бас сұғып, өз білімгерлерінің жағдайын біліп, мерекелерде сый-сияпаттарымен құттықтап кетеді. Біз мекеменің жай-күйімен танысып жүргенімізде осындай сәттің куәсі болдық. Тараз сервис және технология колледжінің ұжымы өз білімгерлерін Жаңа жыл меркесімен құттықтап келді. Қолдарында балаларға деп әкелген тәттілері мен шағын сый-сияпаттары бар. Ғимарат үйін аралағанда қасымнан ары-бері өткен жасөспірімдерге зер сала жүрдім. Тәрбиеленушілер Бекбол ағайларымен күлімдей, қалжыңдаса амандасты. Тіпті кейбіреулері құшақтай алып, еркелеп жатты. Шынайы сезім, арқасүйер адамына деген сенім осындай болса керек. Тағы бір айта кетерлігі, мұндағы ұлттары өзге тәрбиеленуші балалардың барлығы да қазақшаға судай. «Ассалаумағалейкум!», «Сәлеметсіз бе!» деп ізет көрсетіп тұрады. Туып тұрған мүмкіндікті пайдаланып, екі-үш баланы сөзге тарттым. Әуелі жақында ғана әскерден келген Фархат Исмайловпен тілдесудің сәті түсті. – «Жасөспірімдер үйіне» 2018 жылы келдім. Көкшетеу 1055 әскери бөлімшесінде әскери борышымды өтеп, жақында үйіме қайта оралдым. Әскерде кейбіреулер байбалам салып жүргендей қорқынышты емес. Қазір «Sushi Love» мейрамханасында жұмыс істеймін. Маған осы жер, осындағы аға-әпкелерім, бауырларымдай болып кеткен достарым өте қымбат. Бұл жерде жанымызға қажеттінің бәрі бар. Апайларымыз бізден өздерінің мейірім- махаббаттарын аямайды, – дейді ол. Ал Ангелина Дорохова болса, интерьер дизайнері болуды армандайды. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз иновациялық институтын осы мамандық бойынша тәмамдаған ол қазір Алматыдағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясына оқуға түсуге дайындалып жүр. Тағы бір тәрбиеленуші Анастасия Плотникова Тараз сервис және техникалық колледжінің 3-курс студенті. – Кондитер мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Осындағы жақындарымды қолымнан шыққан тәтті торттарыммен қуантып тұрамын. Мамандығым өзіме ұнайды, тәтті-дәмділерді пісіргенді жаным сүйеді. Сүйікті ісім – кітап оқу. Әсіресе әлем әдебиеті, оның ішінде фантастика жанрындағы кітаптарды оқығанды ұнатамын. Ағайларымыз бен апайларымнан кітапханаға бару керек болған кезде сұранып тұрамын. Қазір де жүргізуші ағамен бірге Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасына бара жатырмын. «Гарри Поттер» кітабын оқып бітіріп, енді жалғасын аламын. Мұнда бәрі тамаша, бірге ойнаймыз, жиі қыдырып тұрамыз, – дейді Анастасия. Тәрбиеленушілердің қайсысымен сөйлессек те күмілжімей, ойын анық жеткізеді. Жүздерінде күлкі, өздері еркін.

Ынтымағы жарасқан ұжым

Әртүрлі ұлт өкілдерінен жиналған жасөспірімдердің жағдайлары өте жақсы деп айтуға болады. Барлығы бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Мұндағы қызметкерлердің әрқайсысы өз ісінің кәсіби мамандары. Директордың оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Мадиева өз жауапкершілігіндегі балалардың жағдайын барынша жасап жүр. Тентегі болса, жылы сөздерімен ақылға салып тұрады. Л.Құралбекқызы: «Әрине, көңілінде қаяуы мен сағынышы бар осынау жасөспірімдермен жұмыс істеу оңай емес. Біз өзімізді олардың анасындай, әпкесіндей сезінеміз. Еркелетер жерде еркелетеміз. Ескертер жерде ескертеміз. Бастысы нағыз дұрыс тәрбиені бергіміз келеді. Беріп те жүрген секілдіміз», деді. Педагог-ұйымдастырушы Асия Құрманбаева болса, мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында. Жаңа оқу жылында жылдық жоспарын бекітіп, тәрбиешілерге бөліп береді. Біз барғанда ұжым ұлт көсемі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күніне арналған іс-шараны өткізіп жатты. Салтанатты іс-шараға жауапты тәрбиеші Жанат Сарыбаева жиналғандарға Қонаев атамыздың өнегелі өмір жолынан сыр шертіп, тың мағұлматтар беріп, кітаптарынан көрме ұйымдастырды. Ұстаздардың ерекше көңілді қажет ететін балаларды үлкен өмірге баулудағы ерен еңбектері жоғары тараптан ескеріліп келеді. Айталық, жаңа оқу жылының басында, ұстаздар күні мерекесі қарсаңында облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен мерекелік іс-шарада «Жасөспірімдер үйінің» тәрбиешісі Қуатбек Шарбадаров «Ерен еңбек иесі» аталымы бойынша марапатталып, қаржылай сыйлыққа ие болды. Шағын ғана ұжымның үлкен істерін көріп көңіліміз марқайды.  width= – Кейде жетім балаларға қысым көрсеткен, ұрған деген сынды түрлі, қорқынышты жаңалықтарды естіп жатамыз. Өзі онсыз да өмірден соққы жеген балаларға қалайша жәбір көрсетуге болады? Оларға дауысыңды сәл қатты көтеріп сөйлесең болды, қаймығып қалады. Жоқ демеймін, бізде де бұзық балалар бар. Кеудеде жаны болған соң балалығын жасайды. Сонда да оларды еш нұқыған емеспіз. Айқайсыз-ақ, таяқсыз-ақ түсіндіруге болады. Мен үлкендер ұрысқан сайын балалар одан бетер қырсығып, өрши түседі деп ойлаймын. Сондықтан мұндай мәселеде абай болу керек. «Сенің ақылың бар ғой, ондай бұзықшылығың жоқ секілді еді ғой» деп, ақырын ғана жанды жеріне дөп тигізе білу керек. Шүкір, біздің балалар өте ақылды, тәрбиелі. Шектен шыққан бұзықтыққа бармайды. Жазда біздің мекемеге облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы арнайы келіп, үйіміздің тұрмыс-тіршілігімен танысып кетті. Балалармен еркін форматта әңгіме-дүкен құрып, арман-тілектерін тыңдады. Қажет кезде ағалық, әкелік ақылын айтты. Балалардың қуанғанын көрсеңіз. Ол кісі «Мейірім» жобасы аясында осындағы тәрбиеленушілердің депозит шотына ақша аударып, қаржылай көмек көрсетуде. Тағы да бір жайтты айта кеткім келіп тұр, «Нұрислам», «Фиркан» секілді ірі сауда орындар желісі, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты мекемелер балаларға тегін азық-түлік таратып, жиі демеушілік жасап тұрады. Кейде жеке кәсіпкерлер «Балаларды қуантсам деп едім» деп сыйлықтарымен келеді. Мұндағы тіршілік осындай. Барынша балаларды қуантып, ұжым болып жиі демалысқа шығып тұруға тырысамыз. Жазда өзен-көлдерге шомылып қайтамыз, кәуәп пісіріп, сауық-сайран құрып, табиғат аясына саяхат ұйымдастырамыз. Күн жылыда есік алдында футбол ойнаймыз. Қазіргідей қыс мезгілінде футболды «Қазфосфаттың» спортзалына барып ойнаймыз. Сондай мүмкіндік тудырып отырған мекеме ұжымына алғысымыз шексіз. Сондай-ақ тарихи орындарға экскурсия жасап тұрамыз. Қыстыгүні қазіргідей қар жауғанда ойнап-күліп жүріп есік алдының қарын күрейміз. Бұл әрі еңбекке тәрбиелеудің бір түрі. Қардың жауғандығын пайдаланып, балаларды «Тектұрмас» тарихи-мәдени кешені жақтағы сырғанаққа апарып қайтсақ па деп отырмыз, – дейді Б.Қайыпчаев. Біз аталған үйден жақсы ниет, бірлескен жұмысты көрдік. Ата-ана жылуын көрмесе де мемлекеттің ыстық қамқорлығында тәрбиеленген балалардың өмірге құштар көңілін байқадық. Сол тәрбиеленушілерге әкесі мен анасындай болған мекеме қызметкерлерінің шынайы көңілдерін таныдық. Мұнда барлық жағдай жасалған. Бірақ барлық тәрбиеленуші бір ғана нәрсені аңсайды. Ол өзінің туған ата-анасының жылуы. Бірақ олар ата-анасындай болған ұстаздары мен тәрбиешілеріне аса құрметпен қарайды. Сол сәби күндерінен тағдыр талқысына түсіп, түрлі сынақтар көріп келе жатқан осынау жасөспірімдерге жақсылық пен ізгілік, өмірлеріне сәттілік тіледік. Ал «Жасөспірімдер үйінің» оларға деген қамқорлығы шексіз!

Ақтоты ЖАҢАБАЙ