Қоғам

Суық судан келер сырқат көп

Суық судан келер сырқат көп

Жыл сайын қаңтар айының 19-ына қараған түні дүниежүзінің православ христиандары «крещение» мерекесін атап өтетіні бәрімізге белгілі. Соңғы уақытта «Шоқындыру мерекесіне» қазақтар да атсалысып, белсенді қатысады екен. Осыған орай «Мұсылмандарға бұл рәсімге қатысуға бола ма, жалпы суық суға түскенде адам бойында қандай өзгерістер болады?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

«Крещение Господне» Иоанн Креститель пайғамбардың Иордан өзенінде Иисус Христосты шоқындыруынан туындаған мейрам. Христиандардың сеніміне қарағанда, бұл күні барлық су тазарып, қасиетті суға айналады-мыс. Сондықтан мерекеде адамдар арнайы белгіленген орындарға барып, мұздай суға түседі. Ал сол киелі суға түскен кісінің рухы мен тәні тазарады деcеді. Қақаған қаңтар айында өткізілетін шараға қатысушылар көбеймесе азаймай келеді. Біздің өңірдің өзінде аталмыш дәстүрді ұстанатындардың арналған арнайы шомылу орындары да бар. – Төтенше жағдай өкілдері бұл діни мереке күні арнайы кезекшілікке шығады. Мәселен, осындай жоралғы Жаңа жамбыл фосфор зауыты маңайындағы Аса өзенінде, орыс шіркеуіндегі арнайы су ойығында, Билікөлге бара жатқан жолдағы Әулиебастау, Тектұрмас жақта, Спирт зауыты маңында және «Бөбек» саяжайы жанындағы өзенде өткізіледі. Оның әрқайсысына 2, үлкен Әулиебастау, Аса секілді суайдындарына 3 құтқарушыдан бөлініп тұрады. Одан бөлек жедел жәрдем қызметкерлері мен жергілікті полиция өкілдері де бар. Құтқарушылар арнайы қызметтік техникалармен барады. Осы уақытқа дейінгі кезекшілікте ауыр жағдайлар тіркелген жоқ. Мамандар суға түсушілерге алысқа кетіп қалмауын, суға жалғыз өздері түспеуін, қауіпсіздікті сақтауларын ескертіп тұрады. Келушілердің қатарында орыстардан бөлек кәріс, қазақ азаматтары бар. Мәселен, бір тәулікте Әулиебастау көліне 500-600-ге жуық адам келіп-кетеді. Олардың барлығы суға түсушілер емес, суға түсушілерді қолдап немесе сол рәсімді тамашалау үшін келгендер. Біздің қызметкерлер сол күні түнгі сағат 11-12-лер шамасында барып, таңғы 8-9-ға дейін бақылап тұрады, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары Қуаныш Әбілқасымов. Қыс мезгілінде тастай суға түсуді әдет қылғандардың бірі – қала тұрғыны Нұрәли Абдуллаев. Жастайынан тастай суға шомылып келген оның айтуынша, мұздай судың денсаулыққа пайдасы орасан. – Мен шоқыну мейрамына қатыспаймын, мұсылманмын ғой. Бірақ салқын суға түсудің артықшылығын көп көрдім. 15-16 жыл қатарынан Талас өзеніне түсіп келдім. Шыны керек, соңғы екі жылда денсаулығыма байланысты үзіліс жасадым. Негізі суға түсуді күзде немесе қыста емес, көктем айында, наурыз айының соңынан бастау керек. Сонда дене де, ағза да суыққа тез үйренеді. Салқын суға түскен адамның қартаюы бәсеңдейді. Менің жасым 52-де, бірақ мен өте жас көрінемін. Денсаулығым да тәуір. Ол осы суға түсудің арқасында ғой. Сонымен бірге тыныс алуың да жеңілдейді. Алла қаласа, биылғы көктемде суға түсуді бастаймын. Салқын суға түсуді аңсап жүрмін. Ағзама да сол жетіспей жүрген секілді, – дейді ол. Суық суға шомылу шынымен де ағзаға пайдалы ма? Тастай суға шомылғандардың бойында қандай өзгерістер болады? Осы сауалдарды Тараз қалалық №2 емхананың терапевт дәрігері Гүлназ Әбдірахмановға қойып көрдік. Дәрігер «Шоқындыру» рәсімінің аталып өтуіне байланысты жыл сайын осы уақытта суық тиіп ауырып, емханаға қайырылушы пациенттердің көбейетінін айтады. – Дәстүр бойынша, яғни 18-19 қаңтардан кейін емханаларда пациенттер саны күрт артады. Науқастардың көбіне суық тию, сондай-ақ үсік шалу және өкпенің қабынуы жиі кездеседі. Сонымен қатар мұзды суға шомылудың салдары бірден пайда болмай, біраз уақыт өткеннен кейін байқалуы мүмкін. Мұзды суға шомылу – ағза үшін маңызды сынақ. Бұл көптеген созылмалы аурулардың асқынуына себеп болуы мүмкін. Егер сіздің денсаулығыңызға күмәніңіз болса, шомылмас бұрын дәрігермен кеңескен дұрыс. Егер адам бойында төмендегідей диагноздар болса, салқын суға түсуге болмайды. Олар: - жүрек-тамыр жүйесінің созылмалы аурулары (жүрек клапандарының ақаулары, ишемиялық стенокардия); - өкпенің созылмалы аурулары (туберкулез, пневмония, астма, өкпе эмфиземасы); - созылмалы бүйрек аурулары (нефрит, цистит); - буындардың созылмалы аурулары; - қант диабеті; - ЖРВИ. Егер сіз шомылдыру рәсіміне қатысу шешімін қабылдаған болсаңыз, төмендегі айтылатын бірнеше міндетті ережелерді сақтағаныңыз дұрыс. 1) ауа температурасы минус 10 градустан төмен болмаған кезде арнайы жабдықталған және рұқсат етілген жерде 10 секундтан аспайтын уақытта ғана шомылу қажет; 2) киім суға түсер алдында тез шешілетіндей болуы керек; 3) суға түсер алдында, жылыну үшін жылы бөлмеде бірқатар физикалық жаттығулар жасаңыз; 4) суға біртіндеп кіріңіз; 5) баспен суға түспеңіз; 6) шомылғанға дейін және кейін алкогольді ішпеңіз; 7) шомылғаннан кейін жылы киімге ауысып, ыстық шай ішіңіз. Егер сіз алдын ала дайындықты елемейтін болсаңыз, шомылғаннан кейін ағзаңызда гипотермия және созылмалы аурулардың өршуі мүмкін. Себебі суық суға батыру капиллярлардың күрт жиырылуын тудырады. Жасы ұлғайған сайын атеросклерозға байланысты қазірдің өзінде тарылған тамырлар одан бетер жиырылады. Ми тамырларының спазмы инсультке әкеліп, жүректің тоқтап қалуы мүмкін. Жыл сайын дерлік шомылу кезінде дені сау ер адамдардың 2-3 өлімі жүрек қызметінің бұзылуына байланысты болады. Шомылдыру рәсімінен өту балалар үшін де қауіпті, өйткені оларда өте жұқа май қабаты бар және дененің гипотермиясы тезірек жүреді. Мұндай сүңгуірлерден кейін гематурия, бедеулік, гломерулонефрит, бүйрек жеткіліксіздігі пайда болуы мүмкін, – дейді дәрігер. Мақаламызға ғаламтордан ақпарат іздеп отырып, қасиетті суға шомылуға қатысты қазақтың «бөрі сырғақ» салты туралы дәстүрі жайлы материалды көзіміз шалып қалды. Онда былай делінген: «Бөрі сырғақ» – қаңтар айының 15-і мен 19-ы аралығындағы күндерінде ат құлағы көрінбейтін боран соғады. Қаңтардың қатты аязы 18-інен 19-ына қараған түні қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Осы түн әлемдегі барлық заттың тазару түні, әсіресе судың ең тазаратын уақыты. Қасқырлар түнгі 00.00-ден таңғы 6:00-ге дейін жұптасады, ұйығады. Көпті көрген көнекөз қариялар қасқырлардың жұптасуына орай қаңтардың осы түнін «Бөрі сырғақ» деп атайды. Сырғақ деудің себебі – қатты соққан бораннан қар үстінде ештеңе тұра алмайды, сырғанап ұшып кетеді. Ертеде бабаларымыз осы күнгі сумен нәрестені қырқынан шығарып, қасқырдай батыр болар деп жуындырған. Көшпенді халық болғандықтан қасқырдай жүректі болады деп таңғы төрт-бестерде бұлақтың таза суын ішкен. Бұл – біздің ата-бабаларымыздан қалған ырым-дәстүр. «Қазақта ешқашан қыста суға түсу дәстүрі болмаған. «Крещение» діни жоралғысына қатысушылар алдымен мұзды «крест» қылып ойып алып, суға сүңгиді екен. Әрине, крещениеде суға сүңгіп шыққандардың барлығы шоқындылар деуден аулақпыз. Әйткенмен де әз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Кім қай қауымға ұқсаса, онда сол қауымнан» дегені тағы бар. Сондықтан әр істі ойланып істеген жөн болар. Бұл христиандардың өздері тойлайтын мейрам ғой. Біздің дәстүрімізде оны тойлау жоқ. Судың ең көсемі, судың тазасы әрі қасиеттісі – Мекке-Мәдинадағы зәм-зәм суы. Сондықтан қасиетті, құрметті деп сол суды ғана есептейміз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Зәм-зәмді тік тұрып, Құбылаға қарап тілек тілеп ішсе орындалады. Кім қандай ниетпен ішсе қабыл болады», деген. Сол сияқты тағы бір хадисте «Кімде-кім бір қауымға ұқсап жүрсе, сол қауыммен тіріледі», деген. Сосын мынау еліміздің батыс аймағында мұзды крест емес, ай сияқты етіп ойып алып, сол күні суға түсіп жүргендер бар екен. Алла сақтасын. Ол да болмайды, яғни шоқыну рәсімі болатын күні суға түсуге болмайды. Егер ешқандай атаулы күнсіз-ақ үнемі салқын суға түсіп жүргендер сол күнге сәйкес келіп түсіп қалса, онда әңгіме басқа. Егер дәл сол күні, яғни суды қасиетті деп атаған күні барып, солардың салт-дәстүрімен суға түсетін болса дұрыс емес. Салтымызда бар болса осы уақытқа дейін айтылып, орындалып жатар еді», дейді «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Нұралы Бақытұлы. Міне, біз осылай ой қозғадық. Оны сана биігінде сарапқа салу зерделі оқырманның өз еншісіндегі дүние.

Айжан ӨЗБЕКОВА