Жол жөндеу жұмыстары жалғасады
Жол жөндеу жұмыстары жалғасады
Жыл ішінде Сарыкемер ауылындағы Байзақ батыр, Қонаев көшелері жанындағы жаяу жүргінші жолымен қоса, Мырзатай ауылындағы 10, Сеңкібай ауылындағы 4, Дихан-2 ауылындағы 6, Абай ауылындағы 7, Көктал ауылындағы 11 үлкенді-кішілі көшелерді «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орта жөндеулерден өткізді. Сондай-ақ 17 аудандық маңызы бар жалпы көлемі 2 385 шаршы метр жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олардың ішінде Кеңес, Байзақ, Мәдімар, Ақшолақ, Аймантөбе ауылдарының кіреберіс жолдары да бар. Елді мекендер арасын жалғайтын жолдар да жөнделіп, қарым-қатынас жақсарды. Аудандық маңызы бар жолдарға «СМЭУ» ЖШС 33 жол белгілерін, 8 жасанды жол кедергісін орнатты. Осы жылы ауыл тұрғындарының тұрмысын тіктеуге арналған пилоттық жобаға енген Қостөбе, Түймекент, Үлгілі, Жалғызтөбе ауылдық округтері көшелерін жөндеуге басымдық беріледі деп күтілуде. Жолға биыл да аз қаржы қаралып отырған жоқ. Енді сол қаржыны тиімді пайдаланып, көше, ауыл арасындағы жолдардың өз уақытында, сапалы жөнделуіне мән беруіміз керек. Бұл ретте қажетті орындарға қойылуы керек жол белгілері де ұмыт қалмауы тиіс. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жол жөндеу жұмысы жалғасады. Аудандағы 43 елді мекеннің 42-сі бұрнағы жылдары газдандырылып қойылғанын жақсы білеміз. Ал өткен жылы аудандағы «көгілдір отынмен» қамтылмаған соңғы ауыл Төрткүлге газ келіп, тұрғындарын қуанышқа бөледі. Елді мекен тұрғындары ауыл көшелеріне тартылған газ жүйесін үйлеріне кіргізіп, көгілдір отынның рақатын көре бастады. Аудандағы елді мекендердің барлығы да электр энергиясымен толық қамтылған. Байзақ аудандық электр жүйесі мекемесі аудандағы электр энергиясының тұрақты берілуін қатаң қадағалап отырады. 2019-2022 жылдары мемлекеттің «Ауыл – ел бесігі», «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары аясында бірнеше ауылдық округтердегі ескі электр желілері, бағаналар ауыстырылып, көше жарықтары орнатылды. Мәселен, өткен жылы Сарыкемер ауылдық округіне подстанса орнатуға 970 миллион теңге қарастырылса, Бурыл, Ақшолақ орта мектептерінің аумағын жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Ауданда тұрғын үй мәселесі өте өзекті болып отыр. Себебі аудандағы халық саны жыл өткен сайын көбейе түсуде. Ауданда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға 1 990 азамат кезекке тұрған. Кезекке тұрғандар Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, жетім балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, көпбалалы отбасылар, оралмандар (қандастар), зейнеткерлер, толық емес отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер болып әр санат бойынша бөлініп қойылған. Былтыр тұрғын үй кезегіне 258 азаматтан өтініш түссе, олардың арасынан 87 азаматтың құжаттарын зерделегенде тұрғын үй кезегіне тұруға сәйкес емес екендігі анықталып, өтініштері кері қайтарылды. Ауызсу да күрделі мәселелердің бірі. Солай болғанымен оны шешу бағытында мемлекеттің «Ауызсу», «Ақбұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол» тәрізді бағдарламаларының аясында аудандағы 43 елді мекеннің 30-ы ауызсумен қамтылған. Олардың 27-сіне «Байзақ су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, 3 елді мекенге «Теміржол су» ЖШС қызмет көрсетеді. Өткен жылы Аққия, Сарыбарақ, Ақтөбе, Ботамойнақ, Қосақ, Жеңіс, Жібек жолы, Тегістік ауылдарына республикалық және облыстық бюджеттерден тиісті қаражаттар бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстар биылғы жылға өтпелі болғандықтан қайта жалғасатын болады. Аудандағы Төрткүл, Қайнар, Жаңасаз ауылдары халық саны аз елді мекендерге жатады. Осыған сәйкес бұл ауылдарға суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату жоспарланып отыр. Ал Төрегелді ауылын Жібек жолы ауылымен бірге ауызсумен қамту бағытында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Мемлекеттен мол қаржы бөлініп, елді мекендердің барлығына орталықтандырылған ауыз су жүйесі жыл сайын рет-ретімен тартылып, пайдалануға берілуде.
Жарқынбек ШОҒАЛОВ, аудан әкімдігі тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің