Жамбыл жаңалықтары

«Бүркіт» арнайы жасағы жаңа ғимаратқа көшті

«Бүркіт» арнайы жасағы жаңа ғимаратқа көшті

Кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасақ ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға қатысқан облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ел тыныштығы, қоғам қауіпсіздігі мемлекет үшін аса маңызды мәселе екенін жеткізді.– Ел тыныштығын қамтамасыз ету – отансүйгіштіктің нағыз белгісі. Ішкі әскердің жауынгерлік жолын жалғастырушы Ұлттық ұлан еліміздің ішкі тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолында өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Бақытымызға орай, бүгінгі таңда біз бірлігі жарасқан елде өмір сүрудеміз. Бірақ «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, ел ішіне іріткі салуды көздегендерден сақ болғанымыз жөн. Оған дәлел ретінде өткен жылғы қаңтар оқиғасын айтуға болады. Қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған қаңтар оқиғасы кезінде мыңдаған бейбіт тұрғындар, құқық қорғау органдарының және де әскери қызметкерлер зардап шекті. Адам шығыны орын алып, көптеген әлеуметтік нысандар бүлінді. Бұл оқиға елімізге орны толмас қайғы әкелді. Сондықтан Ұлттық ұлан біртұтас жауынгерлік күш ретінде еліміздің тыныштығын күзетуі тиіс. Әлемдегі қазіргі ахуалға байланысты Қазақстан Республикасының әскери доктринасына сәйкес ішкі әскерге жаңа маңызды міндеттер жүктелді. Осыған орай әскеріміздің жауынгерлік жағдайын жақсарту мақсатында ұйымдастырушылық-штаттық құрылымы жетілдірілді. Осылайша өткен жылы облысымызда «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағы құрылды. Күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген ғимарат жасақтың алдағы жұмысына оң септігін тигізетіні анық. Бұл ғимаратта алдағы уақытта тек бейбітшілік мақсаттағы іс-шаралар өткізілсін дегім келеді. Барлығымызға зор денсаулық тілеймін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! –

деді Нұржан Молдиярұлы. Сонымен қатар ашылу салтанатында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің бастығы, полковник Нұрлан Кәрібжанов, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Талапкер Әмриев сөз алып, жасақтың еліміздің даму және қауіпсіздігін сақтау мақсатындағы еңбектеріне табыс тіледі. Ғимараттың лентасын облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы мен Талапкер Қыдырұлы кесіп, нысанды аралап көрдік. Сонымен қатар «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағының киім және қару үлгілерімен танысты. Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің командирі, подполковник Әзиз Оңласынұлының айтуынша, облыс әкімдігінің қолдауымен ғимарат 300 миллион теңгеге жуық қаржыға күрделі жөндеуден өтіпті. Ғимаратта жасақтың жауынгерлік дайындығын арттыруға барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ Әзиз Оңласынұлы «Бүркіт» жасағы осыдан 6 ай бұрын құрылғанын, терроризмге қарсы күресу, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қауіптің алдын алу мақсатында жұмыс істейтінін тілге тиек етті.

Талғат НҰРХАНОВ