ӨНЕРДІ ӨМІРІНЕ СЕРІК ЕТКЕН ақын, сазгер Төлеу Үшқоңыров жайлы мөлтек сыр
ӨНЕРДІ ӨМІРІНЕ СЕРІК ЕТКЕН ақын, сазгер Төлеу Үшқоңыров жайлы мөлтек сыр
«Қаратау – тұл ғасырдың тұмарындай, Қайғының қара тасқа тұнарындай. Сарыарқа, күрең Сырдың арасында, Көңілдің қараңдаған құмарындай». Иә, Қаратау атырабы – сыр мен жырға, ән мен күйге арқау болған шежірелі мекен. Сол Қаратаудың сұлу көрінісін жергілікті ақын, сазгер, әнші Төлеу Үшқоңыров өзінің «Қаратау» деген жырында былайша іңкәр сезіммен суреттейді: Қаратау – қазыналы көкорай бел, Кен қазып, мал өсірген жағалай ел. Бақ дарып, бақыт қонған құт мекенім, Ардақтап тұтқа тұтып аялайды ел. Секілді қыз бұрымы өзендердің, Оятып гүлге орады кезеңдерін. Барады асып-тасып көңілімде, Қосылып тау күйіне өлеңдерім. Бұлт шықты Қаратауға сіркіретіп, Қозы-лақ төсте ойнайды дүркіретіп. Оятты жанды-жансыз табиғатты, Найзағай жер мен көкті күркіретіп. Қаратаудың шатқалдарында қызыл тобылғы өседі. Тобылғыны қазақтар ертеден-ақ киелі санап, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне мол пайдаланған. Одан шоқпар, оқтау, қамшыға сап жасап, тобылғымен ыдыстар мен қымыз сақтайтын тері местерді ыстаған. Тобылғыны қазақ сазгерлері мен жыршылары талай әнге қосқан. Өткен жүзжылдықтың 80-ші жылдары қазақ радиосынан анда-санда тыңдаушысының құлағына жағымды, көңіл пернелерін шертіп, жүрекке сәуле құятын қоңыр сазды әуен, ерекше тамылжыған «Тобылғы сай» әнін елти тыңдап жүрдік. Оны ол кезде диктор «халық әні» деп хабарлайтын еді. Кейінірек білдік, бұл әннің авторлары жамбылдық азаматтар екен. Әннің сөзін жазған сарысулық жерлесіміз, туған жердің қадір-қасиетін жақсы білетін Төлеу Үшқоңыров, ал әнін шығарған талантты сазгер, өкінішке орай, өмірден ерте озған құландық Мэлс Өзбеков болып шықты. Манаурап тау үстінен көрінсе ай, Бір сезім тербетеді көңілді жай. Ән кернеп жас жанымды мазалайды, Тартады мені өзіне Тобылғы сай. Қайырмасы: А-ай, жұлдызымсың нұрын шашқан, Әнімсің, айналайын, Тобылғы сай. Сылдырап тау астынан ағады өзен, Кеудемді кернеп менің барады өлең. Ең алғаш бақыт таптым бір өзіңнен, Құлағым сен дегенде қағады елең. Сайыңның жұпар гүлін тергем талай, Айғанмен қол ұстасып алтын арай. Өзіңмен махаббатым шоқ боп жанған, Айналдым, қуанышым – Тобылғы сай. Мэлс Өзбеков пен Төлеу Үшқоңыровтың осы әнін тыңдасам ойыма Қаратау шатқалындағы тобылғы сай түседі. Талай рет өз көзімізбен көрген, әсем табиғатына тамсанған жер. Төкеңнің осы бір тамаша жер туралы «Тобылғы сай» атты өлең жазғанына құрметпен бас иеміз. Көп уақыт өтпей, яғни 1980 жылы тағы бір талантты композитор, марқұм Мэлс Өзбеков оған әдемі ән шығарды. Өкінішке қарай, ол ән көп жылдар бойы «халық әні» деп айтылып, сөзі де бұрмаланып келді. Алайда ән авторлары республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің 1990 жылғы 27 қазан күнгі (№207) санында «Тобылғы сай» әнінің қалай шыққаны туралы мағлұмат беріп, әннің сөзі мен нотасын жариялады. Содан бастап, ән өз иелерін тапқандай болды. Бірақ әлі де болса ән авторларына қиянат жасап, «халық әні» деп хабарланып жүргені көңілге кірбің түсіреді... ...Төлеу Үшқоңыровпен осыдан 20 жылдай бұрын қала маңындағы Байзақ ауданында өткен Мәдімәр болыстың 300 жылдық жиынында танысқанымыз бар. Жанында жарты ғасырдан астам мәңгілік махаббатына айналған, бірталай шығармаларына сырлы жырлары мен әсем әндеріне арқау болған Айғанайым жеңгей. Біраз әңгіме айтылды. Қоштасар кезде «Қаратау саздары» деген кітабына қолтаңба жазып ұсынды. Қазір де қолым жұмыстан қалт еткен сәттерде Төлеу ағаның әлгі кітабына көз жүгіртіп, жыр әлемін «аралап», ішкі дүниемді байытатын әдетім бар. Содан бірер жыл өткен соң науқастанып, арнайы іздеп келіп ауруханаға жатып, өттасына ота жасатты. Сол күндері жақындау танысып, әңгіме-дүкен құрғанымыз да есімде. Сонда байқағаным, сазгердің кәдімгі «Аузы ашылса, көмейі көрінеді» дегендей өмірде қарапайым, сабырлы азаматтың нағыз өзі екеніне көз жеткізген болатынмын. Кейін де бірнеше рет басқосуларда, тойда кездесіп, жүздесіп жүрдік. Оның бойынан әрдайым шыншылдық, адамгершілік, әділеттілік, қазақылық мейірім лебі есіп тұрады. Бір байқағанымыз, ақын-сазгер аға қайда жүрмесін жұбымен, Айғанайым жеңгеймен бірге жүреді. Төлеу Үшқоңыров кіндік қаны тамған топырағы, өсіп-жетілген туған жері Сарысу өңірінен тым алыстаған емес. Ол 1938 жылы Каратау етегіндегі Маятас аулында дүниеге келіп, сол аймақта өсіп-жетіліп, «Туған жерге туыңды тік», «Ер туған жеріне» деп, зейнеткерлік жасына жеткенше маңдай терін төгіп, аянбай қажырлы еңбек етті. Төкең үш жыл әскер қатарында азаматтық борышын өтегеннен кейін, туған ауылында автомеханик, автотұрақ меңгерушісі болып қызметін мінсіз атқарған. Кеңес үкіметінің «Ішкі істер органын адал да іскер кадрлармен нығайту» жөніндегі қаулысының талабына сай лайықты қызметкер ретінде ішкі істер қызметіне ауыстырылған. Сарысу аудандық, Жаңатас қалалық ішкі істер бөлімдерінде социалистік меншікті қорғау аға қызметкері және күзет бөлімінің бастығы болып 25 жыл қызмет атқарған. Бұл қызметтерді мінсіз атқарғаны үшін «Қоғамдық тәртіпті сақтаудың үздігі» және бірінші, екінші, үшінші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», сонымен қатар «Еңбек ардагері», бірнеше мерекелік медальдармен, мақтау грамоталарымен марапатталған. Тындырымды еңбегі мен өнер саласына қосқан үлесі үшін «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» атанды. Бүкілодақтық халық шығармашылығы байқауының және «ХХІ ғасырға – жаңа ән» байқауларының лауреаты. «Қаратау саздары» ән жинағы мен «Аққуым мөлдір» атты әдеби-сазды көркем шығарманың, балаларға арналған «Жолбарыс пен мысық» атты кітаптың авторы. Жастайынан өнерді жаны сүйіп, ауданның жас өнерпаздарының шығармашылығын шыңдауға үлес қосқан атпал азамат. Оның еліміздің сүйікті әншілері сарысулық жерлестеріміз Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева, Айгүл Мақашова, тағы да басқа өрендерден «Үкілі қыз» атты ансамбль құрып, өнерге баулығандарын көпшілік осы күнге дейін жыр қылып айтып отырады. Осы жерде айта кеткен жөн, «Үкілі қыз» әнін сазгер дәстүрлі әндерді орындаудың қазіргі шеберлерінің бірі Сауле Жанпейісоваға арнап жазған екен. Қысқаша айтқанда, өнер десе ішкен асын жерге қоятын Төлеу Үшқоңыров өнер адамдарын қатты сыйлаған, оларға біраз ән арнаған. Атап айтсақ, Нұрғиса Тілендиевке «Ағаны аңсау», Роза Рымбаеваға «Гүл-Роза», Айгүл Мақашоваға «Айгүлім», Ардақ Исатаеваға «Сужорға тайым-Ардағым» Мәдина Шәріповаға «Ән-Мәдина», Жанар Айжановаға «Жанар жаным», Гауһар Қаспақоваға «Гауһар қыз» әндерін арнап шығарған белгілі сазгер. Олардың біразы бұл күндері еліміздің үлкен сахналарының төрінен, радио мен теледидардан орындалып жүр. Былай қарасаң, басты қызметі шығармашылық жұмысқа қатысты болмаса да, қолынан қоңыр домбырасы мен әуенді баян секілді музыкалық аспаптарды тастамай, қаламсапты жанына серік етіп, ақ қағазға жыр жолдарын маржандай тізген жанның әуестігіне, ізденімпаздығына, еңбекқорлығына таңғалмасқа шараң жоқ... Көңіл күмбірі жыр болып төгіліп, ән болып сайраған ағаның туған жеріне деген жүрек лүпілі ерекше. Мысалы, оның соңғы жылдары тұрып жатқан мекені Жаңатас қаласына арнаған «Жаңатас – алтын бесігім» жырына көңіл бөлейік. Жаңатас – атамекенім, Атыңды мақтан етемін. Жырақта жүрсем алаңдап, Сағынып әркез жетемін. Өзіңмен бірге гүлдедім, Махаббат – қызық күндерім. Түседі еске сол бір шақ, Жұлдызды-айлы түндерім. Жаңатас – алтын бесігім, Бақыттың ашқан есігін. Сәулетті, сәнді қала көп, Бәрінен қымбат есімің. Жаңатас – алып тірегім, Күн сайын өсіп түледің. Тасыттың елдің байлығын, Соғады бірге жүрегім. Ақынның осы жүрек тебірентер жыр жолдарынан туған жерге, сүйген еліне, өскен шаһарына деген жүрек сезімін, махаббатын білу қиын емес. Сазгерлер мен ақын жандардың жүрегі әрдайым сезімтал, нәзік, махаббатқа, көңіл сезіміне еліткіш, сыршыл. Мына жарық дүниеде сезімге, махаббатқа жыр арнамаған ақын жоқ шығар, тегі. Төлеу аға да бұл тақырыпты айналып өте алмауына, да себеп бар. Ол өмірлік серігі, сүйікті жары, балаларының анасы Айғанайымға деген жүрек лүпілі. Оны Айғанайым жеңгемізге арнаған әндері мен жырларынан сезінуге болады. Сарысулық журналист Дариха Үмбетиярова өзінің Төкеңнің шығармашылығына арнаған бір мақаласын «Ғашығын мәңгі жыр еткен» деп атапты. Өте сәтті, орынды айтылған пікір. Мәңгілік жырына айналған, Айғанайым жеңгеміз алтын алқалы батыр ана. Нағыз мақтан етіп үлгі аларлықтай «Сарысудың Қозы менен Баяны» атанған осы Төлеу менен Айғанайым. Шалқар айдын көлде бірге жүзген аққу-қаздай жарасқан екеуінің қосылғанына міне, 50 жылдан асып, 7-8 бала, 24-25 немере мен бірнеше шөбере сүйіп отырған бақытты, жарасымды отбасы. Бұған ағамыздың «Айғанайым» атты әніндегі мына шумақ дәлел болса керек: ... Наз қылығың нәзікті гүлден бетер, Жүрегіңнің шуағы күннен өтер, сәулем-ай. «Сүйем» деген сөзіңнен айналайын, Махаббатсыз жар болу мүлдем бекер, сәулем-ай. Енді бір жыр жолдарында ақын мынадай деп толғанады: Шын ғашықпын дедің-ау жаным маған, Ұзағанда жастық шақ жалындаған. Шын сүймесең жүректі неге ояттың, Шағымда махаббатым сағымданған. Сен жүресің түсімде күлім қағып, Мен келемін қызыма гүлімді алып. Илан маған, иланба қайран ғашық, Көргендеймін көгімнен күнімді анық. Көлгірсіген көп сөздің керегі не, Бойға қуат, жанға азық береді ме? Алдамшы өмір тағы бір сынап көрсін, Шықпаған жан бәріне көнеді де. Еске аларсың, алмассың еркің өзіңде, Арқау болдың сүйген жан өлеңіне. Ойда-жоқта сау еткен бал сезімім, Жанбай бықсып жүректе сөнеді ме?! Әр жылдары ұлтымыздың белгілі жазушылары Тәкен Әлімқұлов пен Әзілхан Нұршайықов, ақиық дүлдүл сазгерлер Шәмші Қалдаяқов пен Нұрғиса Тілендиев, қабырғалы ақындар Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Жақсылық Сәтібеков сарысулық Төлеу ағамен жүздесіп, жаймашуақ әңгіме барысында оның шығармаларына жақсы баға беріпті. Енді сөз ретін Төкеңнің өзіне берейік: 2013 жылы 7 мамырда 75 жасқа толуым қарсаңында ұлағатты да отаншыл азамат, адамгершілік пен махаббаттың туын көкке көтерген ағамыз Әзілхан Нұршайықовпен ойда жоқта Саудакент ауылында табақтас та сұхбаттас болу бақытына ие болдым. Әзаға өзін отырған көпшілікке таныстырды. Әзағаның қатары болмасам да өкшесін басып келе жатқан замандас інісі ретінде риясыз әзіл тастадым. – Заманымыздың ұлы жазушысы, біз құралпы және бізбен өкшелес ұрпақтардың жүректеріне махаббат нұрын төккен, жандарына сүйіспеншіліктің, адамгершіліктің қасиеттерін ұялатқан Әзілхан ағаны жақсы білеміз. Ал сізді сол Әзағаға онша ұқсата алмай отырмын. Себебі көзге қораш, кішкене қара шал сияқты көрінесіз. Ұлы да ғұламаның дене болмысы ірі де сұңғақты болады емес пе, – деп әзілімді аяқтадым. Әзаға менің құлағыма: – Бұлбұл құстың тұрпаты мен тұлғасын білесіз ғой, – деп жауап берді. Міне, осы секілді шуақты сәттер, жарасымды әзіл-қалжыңдар Төкеңнің көкірегінің тереңінде, әңгіме-естеліктерінде мол. Ортамызда жүрген қаламы жүйрік журналист Амангелді Әбіл Төлеу Үшқоңыров туралы естелігін былай тарқатады: Бірде қалалық ішкі істер бөліміне бір шаруамен бара қалайын. Жіңішке келген ұзын дәлізден алдымнан Төлеу Үшқоңыров ұшыраса кетті. Баяғы жіптіктей емес, толысқан, шашын да ақ қырау шала бастапты. Сәлем бердім. Бірден таныды. Амандық-саулық сұрастық. Төкең күзет бөлімінің бастығы екен. «Ән-жырдан қол үзіп кеткен жоқсыз ба, аға?» дедім. «Жоқ, айналайын, өнерді өлтіруге болмайды, кейінгі жылдары да біршама ән шығардым, жазу-сызумен де айналысып қоямын» деді. Кейін милициядағы жігіттерден естідім, ағамыз әншілігімен қоса, композиторлығымен де кеншілер қаласында аты аспандап кетіпті. «Жаңатас вальсі» әні жас қаланың әнұранына айналған. Көп ұзамай Төкеңді қалалық радиоға шақырып, домбыра және баянмен орындаған әндерін таспаға түсіріп алдым. Бір күні студияға Сәуле Жанпейісованы ертіп келді. Әнші қарындасты бұрыннан да танушы едім. - Шырағым, біздің әншілік әншейін ауыл ішінде ғой. Сәуле халық әндерін де, елге белгілі композиторлардың да, оған қоса менің де әндерімді тамаша орындайды. Көресің, Алла бұйыртса қазақтың бұлбұл әншісі болады бұл қыз, – дейді. Жалма-жан жазып алдым. Бұрын шулық, белгілі термеші Аяз Бетбаевтың ғана термелері бар ән-жыр қорымыз әжептәуір толығып қалды. «Талантты талант қана таниды» деген рас екен. Сәуле бүгінде елге танылған, қазақ өнерінен өз орнын тапқан талантты әнші. Содан бастап Төкеңмен арада ағалы-інідей жарасымды бір қарым-қатынас орнады. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын, белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбин, ақын-журналист Әлсейт Әлмен жарықтық, таңдайына ән ұялаған, атақты ұстаз-әнші Көпжасар Арынов бар өнер адамдарының арасына топ ете қалдым. Басымыз қосыла қалса үлкеніміз Төкең «Айғанайымын», Пернекең Ахмет Байтұрсынұлының «Аққұмын» шырқайды, Әлекең лирикалық жырларын оқиды. Кезек Көпекеңе келгенде халық әндерін де, белгілі композиторлар мен Төкеңнің әндерін де бірінен кейін бірін төгілтіп сала беретін. Тыңдаушы мен ғана. Сағымға айналған сағынышты жылдар еді, шіркін ол! 1998 жыл. Ағаның 60 жылдық мерейтойы жақындап келеді. Қысқа жіп күрмеуге келмей, Жаңатастың «жанайқайы» жаңғырып тұрған шақ. Жылуы, жарығы оқтын-оқтын болмай қалатын қалада барлық шаруа шатқаяқтап кеткен. Бірде Төкең «дүрілдетіп той жасайтын заман емес, жігіттер» деді. Ағаларын ардақ тұтатын Пернебай мен Көпжасар «тым болмаса, шығармашылық кешіңізді өткізіп, шама-шарқымызша дастарқан жаяйық» десті. Өнер жолындағы екі інісінің ұсынысын қабыл алған аға қаладағы Мәдениет сарайында әдемі кешін өткізді, тарту-таралғысы жасалды. Ән мен жырға шөліркеп қалған сарысулықтар бір серпілді сол кеште. Төлеу аға айтады: «Ертеректе Сарысу өңіріне Шәмші Қалдаяқов келді. Композитор Мойынқұм ауылындағы «Амангелді» совхозының директоры болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан соң, елге оралған бұрыннан сырлас досы Нармахан Тоққұлиевтің үйіне түсіпті. Нарекең суық тиіп, аздап тұмауратып жатса керек. Содан бірден маған телефон соғып, «біздің үйге тез жет, Шәмші келді» деді. Қазақ елі Шәкеңнің әнімен ұйықтап, таңертең оянатын кезең. Жұмысын жиып қойып, «Жигулиіме» міне салып, Нармахан ағаның үйіне жеттім. – Шәке, бұл жігіт менің ағайын інім болып келеді. Аты Төлеу. Өзі өнерге жақын, сізбен әңгімелесіп отырсын деп әдейі шақырдым, – деп Нармахан аға белгілі сазгермен таныстырды. Аман-саулықтан соң Шәмші «Шырағым, менің ата-бабам осы күй мен жырдың мекені, Ықылас, Сүгір, Майкөт сынды айтулы күйшілер мен жыршыларды дүниеге әкелген киелі Қаратаудың терістік аймағының тумасы. Созақ пен Сарысудың сайын даласы менің ойымша әркез ән сап тұрады, сенің де жүрегіңде ән бар сияқты, қане, шырқап жібер, құлақ құрышы қансын бір...» – деп мені сөзге тартты. Даңқы жер жарған композитордың алдында кімнің жүрегі дауаласын. «Аға, біздікі әншейін әуесқойлық қой» деп күмілжідім, белгілі композитордың алдында біртүрлі ыңғайсызданып. Сонда Шәкең: «Қалқам, менің қандай атағым бар, қай оқуды бітіріппін, талант ел ішінде... Еш қысылмай айта бер», – деген болатын ойнақы көздерін маған қадап. Содан соң қолыма домбыра алып, құлақ күйін келтіріп, біршама уақыт отырып қалдым. Бірақ Шәкең мені асықтырмады. Сүт қатқан күрең ыстық шайдан ұрттап қойып, домбыра шертісімді бақылап отыр. Мен бет орамалыммен жіпсіген маңдайымды сүртіп, ән ырғағын домбырама келтіріп, Мұқағалидың сөзіне жазылған әдемі бір әнді және өзімнің «Асыл құрбым» әнін шырқадым. Шәмшінің ойлы қос жанары әлдебір нүктеге қадалып қалыпты. Кім білсін, сол сәтте «маңдайынан сипайтын бір жан таппай» қысқа ғана ғұмыр кешкен Мұқағали ақын досының жарқын бейнесі келді ме екен көз алдына. Әлден уақытта барып, «соңғы әннің сөзін кім жазды?» деді. «Өзімдікі» деп жауап бердім сасқалақтап. «Айттым ғой, талант ел ішінде деп. Жүзіңе қарап маған тартқан інім екен десем, шын бауырым болдың. Өнерің өрге жүзсін!» деп құшағына алды. Сол сәтте мен ән әлемінің аспанына қалықтап ұшып кеткендей ерекше бір түсініксіз, жұмбақ әсерге бөлендім. Шәкең елде жүрген мендей інісіне қолын жайып, аса ризашылықпен батасын берді. Сол күннен бастап күрделі де, жауапты қызметте жүрген менің санам кеңейіп, жұдырықтай жүрегіме әлдебір ән ырғақтары құйыла берді. Кім білсін, сол кезде қолды бір-ақ сілтеп, Алматыға кеткенде бүгінде даңқы Шәмші мен Нұрғиса ағаларым сияқты қазақ елін шарлап кетпесе де, талай композитордың алдына шығып кетер ме едім-ау…», – дейді Төлеу аға Үшқоңыров тәтті қиялға беріліп. – Нұрғиса демекші, Ән-ағадан бата алған жылы қазақтың тағы бір ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиев өзі жетекшілік ететін «Отырар сазы» ансамблімен теріскейдегі Созақта гастрольдік сапарда болып, одан біздің Сарысуға атбасын бұрды. Бірнеше күн бойы Саудакент аспанында ән-жыр қалықтады. Сол сәтті пайдаланып Нұрағаң бастаған атақты өнер ұжымын үйіме қонаққа шақырдым. Ұлы композитордың атақ-абыройы, кім болса да бет-жүзіне қарамай тіке айтатын мінезі дастарқан басындағылардың мысын басты ма, ешкім суырылып сөйлеп кете алмай, біршама уақыт тыныштық орнады. Нұрағаң Шәмшіден естіді ме, жоқ әлде өнерге жақын азаматтардың бірінен білді ме, менің әншілігіме де, композиторлығыма да, тіпті ақындығыма да қанық екен. Өлі тыныштықты композитордың «Ал қане, інім ән шырқа!» деп саңқ еткен даусы бұзды. Нұрекеңнің мінезін сырттай білетін мен қолыма домбыра алып, шырқап бердім. Нұрғиса көкемнің әндері де кетті арасында. Құдай қосқан қосағым Айғанайым да базбір әндерге қосылып, қос дауыспен ән төгілттік. «Ой, бәрекелді! Міне, нағыз өнер деп осыны айт. Шіркін, Ұлы дала перзенттері арасында әлі қаншама талантты, өнерлі жастар жүр. Әттең, олардың жолын аша алмай жүрміз-ау, пәлі...» деп композитор ризашылық сезіммен шапалақ ұрғаны бар. Сол-ақ екен аудан басшыларынан бастап дастарқан басындағылардың бәрі де қоғадай жапырылды-ай келіп. Қазақтың кең даласын жүрегіне әнмен сыйғызған композитор мені бауырына басып, қолымды қысып, Айғанайымның маңдайынан сүйді. Ел іші ғой. Ол кезде ауданға Алматыдан әнші-композитор немесе ақын-жазушы келсе, бүкіл жұрт болып елеңдеп қалатын. Көпшілік: «Концерт бола ма, кездесу өте ме, қайда түсіпті?» деп дүрлігіп жүретін. Шіркін, ән мен жырдың, асыл сөздің қадірін білген жарықтық алдыңғы толқын ағалар-ай!», – деп аяқтады өз сөзін сексеннің сеңгіріне шыққан Төлеу аға сағымдай желіп өткен, алыстап кеткен күндерін еске алып. Ойлап отырсақ, Алматы мен Нұр-Сұлтаннан тыс жерде, шетте, яғни қарапайым елдің ортасында жүріп-ақ өнер деген айдынға кемесін салған, оның көкжиегінің кеңеюіне елеулі үлес қосып, көптің жүрегінен орын алған, өзінің сырлы жырлары мен әндерімен көңілге әсем өрнек орнатып жүрген ақын-композитор, әнші Төлеу Үшқоңыровтай азаматтардың еңбектері ұлан-асыр. Төлеу аға секілді еңселі өнерімен көпке танылған азаматтар көпшіліктің назарында жүрсін деген оймен қолымызға қалам алып, осы жолдарды ақ қағазға түсірдік. Түбінде Төлеу Үшқоңыров секілді қазақ өнеріне тарыдай болса да өз үлесін қосып жүрген дарынды әнші, талантты ақын, сырлы сазгер жерлестеріміз ел құрметіне әбден лайық. ...Жоғарыда айтылғандай, біздің балалық шағымыз казақтың киелі мекені Қаратаудың төсіне орналасқан табиғаты әсем Көкжон өңірінде өтті. Қаратаудың төл перзенті жазушы Тәкең – Тәкен Әлімқұлов өз туындыларында бүге-шегесіне дейін әспеттеген, зерделеп суреттеген, қажымай қалам тербеген аймақ бұл! Несін айтасыз, біз үшін ол кезде бұл өңірден басқа керемет жер жоқтай көрінетін. Таудың жұпар иісті таза саф ауасы, белдері мен даланы жасыл кілемге көмкерген көкшалғын, оған көрік беретін лүп еткен самалға тербеліп көздің жауын алатын ғажап лала жауқазын қызғалдақтары, манаурап алыстан көз тартатын Келіншектау келбеті, сай-салада сылдыр қағып, шынайы өмірдің қан тамыры секілді бүлк-бүлк етіп жарыса бұлқынып аққан мөп-мөлдір бұлақтар. Ту сонау көз жетпес биікке көтеріліп алып, тынымсыз шырылдаған бозторғай сазы, керемет жанға жағымды мың құбылған дала симфониясы... Тып-тыныш өмір... Бейғам тірлік... Көзге таныс, табанымыздың ыстығы қалған, тау беткейінде ирелеңдеген соқпақтар... Бір топ ауылдың қарасирақ балалары өзен жағалап, балақты түріп жіберіп балық аулаған су иірімдері... Барлығы, барлығы күні кешегідей көңілде сайрап тұр... Осы күнге дейін ауылымды, алыста қалған балалық шағымды, қайталанбас күндерімді сағынатыным рас. Көзге ілінбейтін бір тылсым күш мені өзіне магниттей тартады да тұрады. Туған ауыл, кіндік қан тамған жер өмір бойы жүректің бір түкпірінде қалады екен. Диірменнің тасындай шыр айналған мына мың құбылған, қызылды-жасылды мына дүрбелеңге толы дүниені бір сәт ұмытып кейде Төлеу аға жырға қосқан сол өңірдегі тобылғы сай көз алдыма көлбеңдеп тұра қалатыны бар. Сонда жерлес ақынның сағынышқа толы жыры және оған жарасымды ән жазған құландық Мэлс Өзбековтің сазды «Тобылғы сай» әуені еріксіз ән болып көңілге құйылады, кеудеңдегі тынымсыз соққан жұдырықтай жүрегіңді жиі-жиі қақтырып, жан-дүниеңді бір тербейді-ай келіп. Алтын бесік туған жерге деген ынтық ықыласыңды оятып, жан жылуын молайта түсіп, сезіміңді қытықтайды. Содан айналаңдағы тынымсыз дүниені сырып тастап, белгісіз күйге еніп, кейде іштей, кей сәтте, тіпті, ән ырғағына беріліп ыңылдайсың: «Манаурап тау үстінен көрінсе ай, Бір сезім тербетеді көңілді жай. Ән кернеп жас жанымды мазалайды, Тартады мені өзіне Тобылғы сай». Бұл, сірә, жүрекке жағымды, көңілге демеу сол бір назды, әсерлі қоңыр әннің құдіреті болу керек!
Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі