Асқар тау аласармайды
Асқар тау аласармайды
12 қаңтар – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ халқының біртуар ұлы тұлғасы Дінмұхамед Қонаевтың дүниеге келген күні. Биыл оның туғанына 111 жыл толып отыр. Осыған орай облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен өңірдің бірқатар зиялы қауым өкілдері Тараз қаласындағы Д.Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Ұлттың ұлына айналған тұлғаны еске алуға келгендердің қатарында облыстық, қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мен ардагерлер, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары және жоғары оқу орындарының басшылары, тұрғындар да болды. Саналы ғұмырында елі үшін еңбек етіп, елге болсын деген ниетпен күн кешкен Дінмұхамед Ахметұлындай тұлғаның халық үшін орны бөлек. Д.Қонаев өзінің халыққа жақындығымен және қарапайымдылығымен жұрттың жүрегінен орын алғаны баршаға аян. Міне, осындай жанның өнегелі ғұмырын кейінгі ұрпаққа дәріптеу, қазақ халқының алдында сіңірген айрықша еңбегін бағалау, есімін мәңгі есте қалдыру – біз үшін бұлжымас парыз.
Нұржан ӘЛІШ