Тігіншіліктің тегін курсы
Тігіншіліктің тегін курсы
Тәуелсіз шебер іс-шара барысында келген қонақтарға өз іс-тәжірибесімен бөлісіп, ұлттық өнердің қыр-сырымен таныстырды. Түкті кілемді тоқудың техникаларын үйретті. Сондай-ақ тықыр кілем, гобелен, басқұр тоқудың жолдарын көрсетіп, айырмашылығын атады. – Қолөнер халық өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатыр. Сан алуан қолөнер бұйымдарының әсемдігі, өрнегі тұрмысқа әр беріп, мән беріп келеді. Сондықтан ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан бұл өнердің түрі өміршең. Оны меңгеріп, теңгеру – ұрпаққа аманат, – дейді Эльмира Жантаева. Шеберлік сағатында тігін курсын тәмамдаған қатысушыларға сертификаттар табысталды. Екі айлық тігін курсына қатысқан 7 қыз-келіншек пен аналар ою ойып, құрақ құрап, көрпе тігіп, тігіншілікті меңгерді. Шеберліктерін шыңдап, өздерін дамытқан әйел-аналардың алдағы ісіне орталық басшысы сәттілік пен табыс тілесе, олар өз кезегінде көп нәрсе үйреткен жетекшілеріне, орталық қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды. «Тігін өнері – біреу үшін күнкөрістің қамы болса, енді біреулерге жай ғана шығармашылық немесе тыныштық табу. Осы үш топтағы жандардың бәріне, басқа да аталмай қалған мүдделі жандарға орталықта тегін тігін курсы өтеді. Оған жұмыссыз қыз-келіншектер мен қызығушылық танытатындар қатыса алады. Жұмыссыз қыз-келіншектер мен көпбалалы аналарды қолдау мақсатында өтетін тігін курсы Қазақстан халқының мәдени дәстүрі мен қолөнерін жаңғыртуға және әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік береді», дейді ұйымдастырушылар.
Айжан ӨЗБЕКОВА