«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жыл сайын беріледі және көлемі артады
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жыл сайын беріледі және көлемі артады
«2022 жылы Jas Project жобасы іске асырылды, оның аясында жастардың бизнес бастамаларын қолдау үшін 1 млн теңгеден 250 грант берілді. Дарынды жастарды қолдау мақсатында 3 млн теңгеден «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 33 адамға тағайындалды. Бұл грант жыл сайын беріледі және оның көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», - деді Д.Қыдырәлі министрліктің кеңейтілген алқа отырысында. Сонымен бірге, 2022 жылы жастар практикасынан өту кезеңі 6 айдан 12 айға дейін және бірінші жұмыс орны жобасы бойынша 12-ден 18 айға дейін ұзартылды. Бұл жастар үшін алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға және табыс табуға жақсы мүмкіндік болмақ. «2022 жылы Астана қаласында 500-ден астам адамның қатысуымен «Qogam Fest» жастар жобасы ұйымдастырылды. Бұл игі бастама да жалғасын табады. Сондай-ақ, Қазақстанда алғаш рет еліміздің түпкір-түпкірінен 200-ден астам блогердің қатысуымен министрліктің «TikTok House» жобасы іске асырылды. Жалпы жастар саясаты саласында жасалып жатқан жұмыстар өз нәтижесін бере бастады. Мәселен, былтыр Қазақстан жаһандық жастардың даму индексінде 150 мемлекет арасынан 63-орыннан 53-орынға көтерілді», - деді Дархан Қыдырәлі.