БІЛІМ САЛАСЫНДА БІРҚАТАР ӨЗГЕРІС БАР
БІЛІМ САЛАСЫНДА БІРҚАТАР ӨЗГЕРІС БАР
Шәкіртақы өседі
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің сөзіне сәйкес бірінші кезекте студенттердің шәкіртақы мәселесін қайта қарау жоспарланып отыр. «2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақысын екі есе арттыру жоспарланған. Сондықтан бюджетте қаржыландырудың қажетті көлемін қарастыру маңызды», деді Саясат Нұрбек. Айта кету керек, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қазақстандық жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы өскен. Нақтылағанда, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушыларға ай сайынғы мемлекеттік стипендияның мөлшері әртүрлі көлемде төленеді. Мәселен, даярлаудың педагогикалық бағыттарында және даярлаудың «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша оқитын студенттерді қоспағанда, жоғары білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге 36 660 теңге төленсе, педагогикалық бағыттар бойынша оқитын студенттерге 58 800 теңге беріледі. Сондай-ақ «Денсаулық сақтау» дайындық бағыты бойынша оқитын студенттерге – 58 800, интерндерге – 61 660, магистранттарға – 86 987, «Назарбаев университетінде» оқитын магистранттарға – 162 500 теңге, докторанттарға 195 000 теңге төленбек. Ал облысымыздағы ЖОО-ларда оқитын студенттер 2 түрлі шәкіртақы алады. Мәселен, педагогикалық бағытта оқитындар ай сайын – 58 800, ғылыми бағытта оқитындар 36 660 теңге алады. Студенттің оқу үлгерімі озық болған жағдайда жоғарылатылған стипендияға ие болады.
Студенттер саны артады
Елімізде қазіргі таңда 119 жоғары оқу орны жұмыс істейді, онда 626,2 мың студент білім алады. Ал біздің облыста орналасқан 2 жоғары оқу орнында 20 645 студент білім алуда. Министрдің айтуынша, студенттер санының артуына байланысты тамыз айында жатақхана бойынша 87 мың орын тапшылығы болған. Төрт айдың ішінде министрлік оны 75 мыңға дейін түсірген. – Еліміздегі демографиялық өзгерістер жоғары білім саласының дамуына едәуір әсер етіп отыр. 3 жылдың ішінде миллионға жуық бала дүниеге келді. Ол – үлкен тарихи рекорд. Үш жылдың ішінде қатарынан 3 рекорд орнатылды. Мысалы, 1991 жылы 61 ЖОО-да 288 мың студент білім алса, 2025 жылға қарай 800 мыңнан астам білім алушыға жетеді деген болжам бар. Ал 2030 жылы студенттер саны миллионға жуықтайды, – деді кеңейтілген алқа отырысында С.Нұрбек.
Бағдарламаға өзгерістер енгізіледі
Министрдің хабарлауынша, қазақстандық студенттер белгілі блогер Арман Юсуповтың «Поток» атты маркетинг платформасында білім алуға келіссөз жүргізіп жатқандығын мәлімдеді. – Бұл – біз қалыптастыруға тиіс сапалы курстардың негізі. Сондықтан нарықта өз курстарының практикалық маңыздылығы мен құндылығын, олардың шоғырландырылған түрде тасымалдай алатын білімін дәлелдеген осындай командалармен ынтымақтастықты бастаймыз. Осылайша барлық студентіміз осындай элективті курстарға қол жеткізе алады, – деді ол. Министр жуырда барлық студенттер әлемдік цифрлық кітапханалармен тегін қамтамасыз етілетінін де атап өтті. – «Coursera» корпорациясымен келісімге қол қойылды. 16 қаңтарда тараптар қаржыландырудың бірінші кезеңіне шығады. Биыл «Coursera»-ның қазақ және орыс тіліне аударылған алғашқы курстары біздің студенттеріміз үшін қолжетімді болады. Жастар бұл ресурсты ұтымды пайдалану қажет деп есептеймін, – деп қосты Саясат Нұрбек.
Аяулым ЖАМАНҚАРА