Қоғам

Қоғамдық жұмысшы һәм қолбала

Қоғамдық жұмысшы һәм қолбала

Мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабында: «Адамға жазаның ең үлкені – жұмыссыз қалдыру» деген сөзі бар. Қазақстан бодандықтың қамытын шешіп, өз алдына тәуелсіз ел атанған тұста егемендікпен қатар келген әлемдік қаржы дағдарысы сол заманда елде жаппай жұмыссыздық белең алса жағдайдың қандай болатынын көрсетіп бергені есте. Дегенмен еліміз етек-жеңін жиып, еңсе тіктегелі бұл қиындықтар да артта қалды.

Бұған біз мемлекетіміздің «Жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы кәсіп ашып, өз ісін бастаймын деген азаматтарға жеңілдетілген несие, қайтарымсыз қаржы беру, тұрғындарды кәсіпкерлік негізде оқыту, қайта даярлаудан өткізу, «екі қолға бір күрек іздегендерді» ақылы қоғамдық жұмысқа тарту, жас мамандарға «Жастар тәжірибесі» арқылы жолдама беру, тұрақты жұмысқа орналастыру секілді жағдай жасауының арқасында, яғни еліміздің жұмыспен қамту саясатының жүйелі жүргізілуі нәтижесінде қол жеткіздік. Бүгінде халықтың тұрмыстық жағдайын түзеу, өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жұртшылыққа әлеуметтік қолдаудың сан түрін көрсетіп отырған жергілікті жердегі халықты жұмыспен қамту орталықтары екенін айта кетуіміз керек. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының ішінде бізге ең танысы – азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру, ақылы қоғамдық жұмысқа тарту және жас маманға «Жастар тәжірибесі» бойынша жолдама беру. Бір айта кетерлігі, жұмыспен қамту орталығы арқылы қандай да бір мекемеге ақылы қоғамдық жұмысқа орналасқандардың немесе «Жастар тәжірибесімен» бір мекемеге жұмыс істеуге барғандардың сол мекемеге сіңісіп, тұрақты жұмысқа орналасып кетуі сирек. Егер ол мекемеде қосымша штат болмаса өкпе жоқ. Алайда ақылы қоғамдық жұмыс бойынша бір мекемеге жолданып, ол жерде әңгімелесуден өту арқылы қолындағы дипломы бойынша белгілі бір маманның қызметін атқарғандардың елеусіз қалып, оның орнына тура сондай маманның төтеннен келіп орналасуы әділеттілікке жата ма? Мұндай мысалдар әр салада жетерлік. Мәселен, былтыр Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы Тараз қаласындағы №5 емханаға ақылы қоғамдық жұмыс бойынша жолданған үш адамның бірі кіші медицина қызметкері (санитарка) міндетін атқарған. Екеуі орта буын медицина қызметкері болса, оның бірі көп уақыт өтпей өз еркімен жұмыстан шыққан. Тазалықшы мен мейірбикенің жұмысын істеген екі адам жыл аяғына дейін еңбек етіп, 31 желтоқсанда келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты жұмыстан босаған. Сол секілді «Жастар тәжірибесімен» келгендердің ішінде де ешбірі мұнда тұрақты жұмысқа орналаса алмапты. Олардың аталған емханаға жұмысқа орналаса алмауының сыры неде? Біз осыны білу үшін қалалық №5 емхананың кадр бөлімінің басшысы Зухра Сапарбековаға жолықтық. Ол бар кінәні жұмыспен қамту орталығы арқылы келген мамандарға артып отыр. – 2021 жылы 6 адам «Жастар тәжірибесі» арқылы келсе, оның үшеуі бізге тұрақты жұмысқа тұрды. Ақылы қоғамдық жұмыспен келгендер орналасқан жоқ. Бұл бойынша өткен жылғы үш адамның екеуі келісімшарт мерзімі аяқталуына байланысты жұмыстан кетсе, бірі өмірден өтіп кетті. Бірақ ол медицина қызметкері емес. Ал 2022 жылы осы емханаға жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбек етуге кілең жұмысқа зауқы жоқ, өз міндетіне жүрдім-бардым қарайтын, медициналық білім деңгейі төмен адамдар келді. Олар тіпті қарапайым қол жуу қағидасын білмейді. Бұған осындағы медицина мамандары олармен әңгімелесе отырып көз жеткізген болатын. «Жастар тәжірибесі» арқылы келген жастардың мамандығы көрсетіледі, яғни бізге олар медицина қызметкері ретінде келген болып есептеледі. Ал ақылы қоғамдық жұмыс бойынша келгендердің ішінде медициналық білімін растайтын дипломы, «білімін жетілдірді» деген сертификаты барларын өзіміз анықтаймыз. Олармен келісе отырып, мамандығы бойынша бірдеңе үйренсін деген ниетпен дипломына сай жұмыс береміз. Мейірбикенің міндетін атқарғандарға әу баста жақсы жұмыс істеп, көзге түссе осында алып қалатынымызды талай мәрте айттық. Бірақ олар керісінше бізді зәрезап етті. Жұмысқа біресе келеді, біресе келмейді немесе түстен кейін үйіне қайтып кету секілді жайттар қайта-қайта орын алды. Ашығын айтқанда, өз міндетіне жүрдім-бардым қарады. Тіпті еңбекке жарамсыздық парағын алмай, өзінің немесе баласының ауырғанын сылтауратып бір апта жұмысқа шықпағандар да болды. Бір жолы «Еңбек жәрмеңкесі» ұйымдастырылды. Сол жерге барсам, бізге «Жастар тәжірибесімен» келген бір қыз сонда жүр екен. Себебін сұрасам, мандытып жауап қатпады. Ол сол уақытта жұмыста болуы керек еді. Осы секілді жайттар көптеп кездесті. Оларға еңбек тәртібіне бағыну керектігін түсіндірсек, «айлықақыны сіздер төлеп отырған жоқсыздар» деп өзімізбен салғыласады. Ал ондай адамдарды біз қалай жұмысқа аламыз?! – деді Зухра Төлегенқызы. Жұмысқа біресе келіп, біресе келмей еңбек тәртібін сақтамау заңды да, ұжымды да сыйламау деген сөз. Осыны алға тартып З.Сапарбековаға «Жұмыспен қамту орталығы арқылы келгендердің ішінде еңбек тәртібін бұзғандардан кезінде жасаған қылығына орай алынған түсініктеме немесе сол маманның атынан жұмыспен қамту орталығына жолданған шағымхат бар ма?» деген сауалымызды қойдық. Кадр бөлімінің басшысы бұл жайтқа кешіріммен қарағандарын, десе де жұмысқа келмей жүргендер жайлы уақытында жұмыспен қамту орталығының мамандарына «WhatsApp» арқылы шағымданғандарын алға тартты. «Жастар тәжірибесі» арқылы келген бір жас маман еңбек тәртібін сақтамағаны үшін жұмыстан шығарылғанын да сөз арасына қосты. Өткен жылы осы мекемеге қанша орта буын медицина қызметкері тұрақты жұмысқа тұрғанын айтудан бас тартты. Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Әділхаир Атин орталыққа былтыр жұмыс сұрап 20 мың 697 адам қайырылғанын, оның ішінде 94 жас маман «Жастар тәжірибесі» бойынша 10 мекемеге жіберілгенін айтты. Ал ақылы қоғамдық жұмыс бойынша 1 мекемеде 3 адам еңбек етіпті. – Жалпы «Жастар тәжірибесінен» өткендердің қатарында 68-і тұрақты жұмыс тапты, ал «Ақылы қоғамдық жұмысқа» жолданғандардың ешқайсысы тұрақты жұмысқа орналасқан жоқ. Негізі ақылы қоғамдық жұмысқа тартылатындармен біз алдын ала әңгімелесеміз. Оларды содан кейін, яғни өз келісімі бойынша жұмыс күшін қажет еткен мекемелерге жібереміз. Бір айта кетерлігі, олардан диплом талап етілмейді. Егер жұмыспен қамту орталығы арқылы жолданғандардың қандай да бір мамандық иесі екенін растайтын дипломы бар болса, ол әлгі мекеме қызметіне сай келсе, оларды сол мамандық бойынша еңбекке тартады. Бірақ олар «аталған мекемеге тұрақты жұмысқа орналассын» деген заң жоқ. Десе де біз бір бос орын бола қалса, жұмыспен қамту орталығы арқылы барған мамандарды мамандығы бойынша жұмысқа алу жөнінде сол мекемеге өтінішхат жолдаймыз. Бірақ олардың алуы, алмауы өз еркінде. Жалпы тұрақты жұмыс іздегендер біздің орталыққа келмей-ақ enbek.kz сайтынан бос жұмыс орнын көріп, түйіндемесін жіберуіне немесе өздері барып жолығуына, әңгімелесуден өтуіне болады. Біздің орталық қайырылған тұрғындарға өтініші бойынша қай мекемеде бос орын болса, сол жерге тұрақты жұмысқа орналасуға, «Жастар тәжірибесінен» өтуге, ал ақылы қоғамдық жұмыс бойынша, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды «Әлеуметтік жұмыс» орындарына жібереміз. Зейнетке шығуына 3 жыл қалған, бірақ бос жүрген азаматтар да «Күміс жас» жобасы бойынша еңбек ете алады. Сол секілді бір мекемеде маман зейнетке шығатын болса, «Ұрпақтар сабақтастығы» қанатқақты жобасы бойынша бір жас маманды жібереміз. Зейнетке шығатын адам бар білгенін жас маманға үйретеді, сөйтіп, ол жас маман соның орнында қалады. Мақсатымыз – бос жүрген азаматтарды еңбекке тарту, олардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу, – деді Әділхаир Серікжанұлы. Еліміздің еңбек нарығында жұмыс күшіне деген сұраныс қай салада болсын бар. Бірақ жұмыс іздеуші қай ортада болмасын бәсекеге лайықты екенін, өзінің кәсіби деңгейін, біліктілігін, қабілетін көрсетуі керек. Егер бұрын жұмыс істемеген болса, өз саласын жетік білуге, атқаратын жұмысын білікті маманнан үйренуге тырысуы қажет. Мемлекет уақытша болса да жұмыс беріп, біреу білгенін үйретіп жатса, әрине, кім де болсын жақсы қырынан көзге түсуге тырысатыны анық. Ал Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы №5 емханада жыл бойы еңбек еткендердің кежегесінің кері тартуының сыры неде? Осы ой жетегімен солардың бірқатарына хабарластық. Оның ішінде ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған тұрғынның бірі Нұрғали Киташев ауылда шаруасы шығып қалуына байланысты өз еркімен жұмыстан кеткенін айтты. «Жастар тәжірибесі» бойынша еңбек еткен Аяулым Әбдіғаппар мен Айнұр Ошақбай қалалық №5 емханада жұмыс істеуге өздерінің құлқы болмағанын растады. – Бізге аға мейірбике жақсы жұмыс істесеңдер жұмысқа қабылдануларың мүмкін деп бір мәрте айтқан. Негізі міндетімізді барынша адал атқаруға тырыстық. Көктемде «Ұлы дала» ықшамауданында №5 емхананың филиалы ашылғанда бізді сол жерге ауыстырды. Мұнда 4-5 жалпы тәжірибелік дәрігерге, емшара кабинеттеріне және фильтр кабинетіндегі мамандарға патронаждық қызмет, екпе егу, лабораториялық биоматериалдарды алу сынды бағыттар бойынша көмектестік. Ы.Сүлейменов көшесінің соңы, «Ұлы дала» ықшамауданы және «Бурыл» тұрғын алқабындағы үйлерді аралап, оларды тізімге алып, айтарлықтай еңбек еттік. Ол жаққа екі бағытта ғана автобус жүрді. Кей кездері кеш қалсақ, қоғамдық көлік болмай қалатын. Жаяу қайтқан кезіміз де болды. Жұмыс орнымызға екі автобусқа отырып қатынау, түскі ас ішу мәселесіне келгенде де күнделікті жұмсайтын шығынымыз аз болған жоқ. Егер маған №5 емхананың өзінен жұмыс ұсынылса бас тартпас едім, – деді Айнұр Талғатқызы. Біздің бір байқағанымыз, ақылы қоғамдық жұмыс немесе «Жастар тәжірибесі» арқылы №5 емханаға жолданғандардың дені сол мекемеде тұрақты жұмыс істеуге зауқы болмаған. Сөздерінен ұққанымыз, олардың қазір басқа медициналық мекемелерден жұмыс іздестіріп жатқаны аңғарылды. Жұмыспен қамту орталықтарының басты мақсаты – жұмыс күшін қажет еткен мекемелерге бос жүрген азаматтарды орналастыруда ақысыз делдалдық қызмет көрсету. Оларға тұрақты, жоқ болса уақытша жұмыс тауып беру. Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығы өз міндеттерін мейлінше орындаған. Осы жерде бір заңды сұрақ туындайды. Өзгелер медициналық мекемелерге тұрақты жұмысқа қандай жолмен тұрып жатыр екен? Бәлкім, таныс-тамырдың көмегіне жүгіне ме? Көкейде күмән болмас үшін орта буын медицина қызметкерлерін жұмысқа конкурс арқылы, арнайы комиссияның шешімімен қабылдау қажет-ау. Сонда қоғамда біреудің көмегіне емес, өз біліміне сүйенетіндердің бағы ашылар. Тағы бір айтар жайт, кез келген мекеме дардай дипломы барларды қоғамдық жұмысшы ретінде алып, қолбала секілді жұмсап, келер жылы орнына басқасын қабылдағанша ішінде еті тірілерін тұрақты жұмысқа алса игі.

Нұрым Сырғабаев