Қоғам

ОТБАСЫЛЫҚ ЦИФРЛЫҚ КАРТАНЫҢ ТИІМДІЛІГІ ЗОР

ОТБАСЫЛЫҚ ЦИФРЛЫҚ КАРТАНЫҢ ТИІМДІЛІГІ ЗОР

ЖЫЛ ӨТКЕН САЙЫН ЕЛІМІЗДЕ ӘЛЕУМЕТТІК-ЕҢБЕК САЛАСЫН ЦИФРЛАНДЫРУ БОЙЫНША АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛЫП, НӘТИЖЕСІНДЕ ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ ДА ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ. 1 ҚЫРКҮЙЕКТЕН БАСТАП ІСКЕ ҚОСЫЛҒАН ОТБАСЫЛЫҚ ЦИФРЛЫҚ КАРТАНЫҢ ДА ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕККЕ МҰҚТАЖ ОТБАСЫЛАР ҮШІН ТИІМДІЛІГІ ЗОР БОЛМАҚ. 

Ақпараттық жүйені құру белгілі бір отбасының жағдайын 5 санат бойынша (экономикалық, әлеуметтік, тұрмыстық, денсаулық, білім) деңгейін зерделеуге мүмкіндік береді. Зерделеу нәтижесінде қандай да бір көмекке мұқтаж отбасыға қажетті мемлекеттік қолдау шаралары жүргізіледі. Яғни отбасылық цифрлық картаның көмегімен әр отбасыда неше адам барын, әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табысын, жұмысқа жарамсыз жандардың бар-жоғын, денсаулық жағдайы сынды түрлі факторды анықтап, тиесілі көмек көрсетіледі. Яки құжаттар немесе қағаз тапсыру барысында әлеуметтік санатты растау сынды жағдайлар туындамайды. Бұл – аталмыш ақпараттық жүйенің басты артықшылығы. Осы орайда облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аслан Оразбековтен жобаның негізгі мақсатын, қалай жұмыс істейтінін сұрап, қазіргі таңда осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға қанықтық. – Отбасылық цифрлық карта – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жобасы. Жоба негізінен бірнеше төлемнен тұрады. Оған баланың тууына байланысты жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, асыраушысынан айырылғандарға төленетін және өзге де жағдайда төленетін қызмет түрі жатады. Бір тиімділігін айтып өтейін, егер отбасыда нәресте дүниеге келсе, ол жерде бірден жөргекпұл берілуі тиіс екені көрсетіліп тұрады. Содан бірден Нұр-Сұлтан қаласындағы серверден баланың ата-анасының біріне «Сізге жәрдемақы беріледі» деген секілді мәтінде хабарлама жіберіледі. Сонымен бірге, «Егер келіссеңіз «Иә», келіспесеңіз «Жоқ» деп жазыңыз» дейді. Егер «Иә» деп жауап берсе, оған бірден жәрдемақы тағайындалады. Яғни бұрынғыдай Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжат жинап, әуре болмайды. Бұған қоса 4 немесе одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасыларға да жәрдемақы тағайындалады. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы ала алады, – дейді А.Оразбеков. Отбасын кешенді қолдау жайы – Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде күн тәртібінде тұрған мәселе. Елімізде бұл тұрмыстық түйткілдің түйіні цифрлық әлеуметтік картаны енгізу арқылы тарқатыла түсетіндігіне сенім мол. Жаңа жүйе ағымдағы жылдың маусым айынан бастап республиканың барлық өңірлерінде пилоттық режимде іске қосылған болатын. – Отбасылық цифрлық карта бойынша біздің облыста да жұмыстар өз деңгейінде жүзеге асырылып жатыр. 1 қыркүйектен бастап бала тууына, бір жасқа толуына байланысты және ерекше балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін көмек бойынша жіберілетін хабарламалардың құжаттары дайындалу үстінде. Содан кейін 1 қазаннан бастап әлеуметтік көмектер берілетін болады. Әлеуметтік және зейнетақы төлеу бөлімдерімен жұмыс істелуде. Күнделікті түскен ақпаратты өңдеп, салыстырып, жеке сәйкестендіру нөмірімен есептеп, құжаттары дұрыс болса, «хабарламаға «иә» деп жауап беріңіздер» деп, егер құжаттары дұрыс болмаса, тиісті бөлімдерге жіберу арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біздің облыста жәрдемақы ала алмай жүрген зейнеткерлер көп екен. Қазіргі уақытта 3 мыңға жуық адам қалды. Осы орайда, Тиісті бөлімдермен зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оның көбісі 1930 жылы туғандар. Кейбірі ертеректе қайтыс болып кетіп, АХАЖ бөліміне тіркелмеген. Олар тізімде тұр. Бірақ олардың өмірлік статусы анықталмаған. Соның барлығын нақтылау үстіндеміз. Яғни тізімді тазалап алуымыз керек. Бұл азаматтардың мемлекеттік мекемелерге жүгінуін күтпей-ақ, түрлі салалардан белсенді түрде кешенді қолдау шараларын көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қолжетімді индикаторлар арқылы отбасының әлеуметтік жағдайының нашарлауына болжам жасалады. Бастапқы жұмыстар легі осылай топшыланып отыр, – дейді Аслан Ұланұлы.  Кешенді қолдау тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін түзеуге, сапалы білім беруге, денсаулық сақтауға және экономикалық өсімге бағытталған. Бұл қоғамның тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді. Сондай-ақ мұндай цифрландыру жобаларын іске асыру мен мемлекеттік қызметтерді автоматтандырудың тағы бір ерекшелігі – әлеуметтік-еңбек саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен тәуекелдерді болдырмау болып табылады. Цифрландыру мен автоматтандыру нәтижесінде қызметті алушылар мен қызметті берушілер арасында тікелей қатынас болмайды, яғни адами факторлар орын алмайды дейді мамандар.

Айжан ӨЗБЕКОВА