Техниканың тілін білу – заман талабы
Техниканың тілін білу – заман талабы
Ғылым мен білімге терең зер салып, озық технологияны игеру – бүгінгі заман талабы. Қазіргі таңда пайда болған роботтар адам немесе жануарлардың барлық дерлік қызметтері мен іс-әрекеттерін жартылай атқарып жүр. Мемлекетіміздегі өнеркәсіптің жеделдетіле индустрияландырылуы, жаңа технологиялардың қарқынды дамуы өскелең ұрпақты жоғары білікті техникалық сала мамандары ретінде даярлауды талап етеді. Оқушыларға бағдарламалау негіздерін үйрету, инжинерлік-техникалық конструкциялау мен робот техника негіздерін интеграциялау үдерісіне жеке тұлғаның ғылыми-техникалық және шығамашылық әлеуетін дамыту – осы жиынның басты мақсаты болды. Балалардың робот техникасына қызығушылығын арттыру, педагогтардың робот техникасы туралы теориялық және тәжірибелік біліктілік дағдыларын дамыту мақсат етілген практикалық семинарға қосымша білім беру ұстаздары мен жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері қатысты. Екі бөлімнен тұратын семинар-практикум да теориялық және практикалық бағытта баяндамалар жасалып, шеберлік сыныптар өткізілді. Жалпы аталған іс-шараға 50 педагог қатысса, аудан бойынша 50 білім қызметкері «ZOOM» платфомасы арқылы қосылды. – Робототехниканы оқытудағы басты мақсат – жеке тұлғаның ақпараттық біліктілігінің негізін қалау, яғни оқушыларға ақпаратты жинау әдістерін, сондай-ақ оны пайымдау және тәжірибеде қолдану технологияларын меңгеруге көмектесу. Робототехника курсында жобаларды әзірлеу барысында оқушылар өздерінің танымдық, шығармашылық дағдыларын дамытуға, дербестігіне өте тиімді әсер ететін өз тәжірибелерін бір-бірімен бөлісе алады. Осылайша жалпы робот платформасымен оқушыларға қоршаған орта ерекшіліктері мен қолда бар қосалқы материалдарды ескере отырып, осы жағдайда пайдалануға болатын шешімдерді өз бетінше қабылдауға мүмкіндік беретініне көз жеткізуге болады. Тағы да бір айта кетер маңызды жайт – өз әрекеттерін айналасындағылармен келісіп жасай білу, яғни командада жұмыс істеу дағдысын игеру, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің бөлім жетекшісі Қымбат Қасымбаева. Семинар соңында жеңімпаздарға сертификат табыс етіліп, қатысушылар марапатталды.
Шапағат ӘБДІР