Инвестицияның игілігі мол
Инвестицияның игілігі мол
Айта кетейік, аймақ басшысының бастамасымен қолға алынған инвестициялық штабтың әр апта сайынғы отырыстарында инвесторлардың өз жобасын ұсынуы, оларға қажетті көмек, қолдау көрсету шаралары жолға қойылған. Бүгінгі таңда штабтың 23 отырысы өтіп, оларда жалпы құны 1,6 триллион теңгеден асатын 66 инвестициялық жоба қаралған. Инвестициялық штаб жаңа жобаларды ғана емес, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардағы өндіріс көлемін арттыру бойынша ұсыныстарды да назарға алады. Инвестициялық штаб қызметінің арқасында 2022 жылы өңдеу өнеркәсібіне 63 миллиард теңге инвестиция тартылды. Басқосу барысында облыс әкімі жүзеге асып жатқан әрбір жобаның жан-жақты есебін тыңдады. Олардың қатарында «Monterra Qazaqstan» ЖШС (тау-кен металлургия комбинатының құрылысы), «KazChemTraiding» ЖШС (цемент зауыты), «Shagala Mining» ЖШС, «Eco-chicken» ЖШС (шағын құс фермаларының құрылысы), «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС (өндірістік құрылыс материалдары), «Talas Investment Company» ЖШС (натрий цианидін өндіру) және басқалар. Инвестициялық жобаларды қолдау аясында облыс орталығы мен ауданның тиісті бөлімдері және әкімдіктеріне инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер телімдерін бөлу міндеттері жүктелген. Аймақ басшысы бұған дейін берілген хаттамалық тапсырмаларды орындау және қажетті құжаттарды дайындау жұмыстарында сылбырлық танытып отырған аудан әкімдері мен бірқатар облыстық басқармаларды сынға алды. – Қосымша жұмыс орындарын ашу үшін бюджеттен тыс қаражат көздерін қарастыру – әкімдердің жұмысының тиімділігін бағалау критерийлерінің бірі екенін ұмытпаңыздар. Әзірге бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі көрінбейді. Инвесторлар аудан, қала әкімдерінің соңынан емес, қайта әкімдер оларды іздеуі керек. Дайын ұсыныстарды күтпей, әлеуетті инвесторларды өздеріңіз табыңыздар, – деді Н.Нұржігітов. Облыс әкімі бұл саладағы төмен көрсеткіштер үшін тиісті басшылардың жеке жауапкершілігін ескертті. Бұл күні аймақ басшысы «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисінде инвестициялық штаб отырысын өткізді. Инвесторлар керамикалық бұйымдар шығаратын зауыт, металлургиялық кешен, агроөнеркәсіп кешені, фармацевтикалық зауыт салу бойынша жобаларын ұсынды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі