Саясат

Сайлаушылар сенімін ақтау – парыз

Сайлаушылар сенімін ақтау – парыз

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев облысқа жұмыс сапарымен келді. Жоғары палата төрағасы алдымен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік өңірлік университетінің мәжіліс залында жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесті. Басқаосуға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Парламенті Сенатындағы аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Еркін Әлиев, осы комитеттің мүшесі Абдалы Нұралиев, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Бекболат Орынбеков, облыстық, Тараз қалалық және Байзақ, Жамбыл аудандық мәслихаттарының депутаттары, облыстың зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиынды жүргізген облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков мәслихаттар жұмысының тиімділігін арттыруға, олардың қызметіне серпін беруге бағытталып отырған нормалар жөнінде айтып өтті. – Облыстың депутаттық корпусы облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарды қосқанда бүгінде 204 адамнан тұрады. Осыдан тура 2 жыл бұрын, яғни 2021 жылы 10 қаңтарда сайланып, әріптестеріміз депутаттық қызметтерін атқарып келеді. Депутаттық құрам 80 пайызға жаңаланды. Екі негізгі құжат қабылданғанын білесіздер, біріншіден, Мемлекет басшысының 2021 жылғы 18 тамыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Екіншіден, «ҚР Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына өзгерістер енгізілді. Қабылданған жаңа нормалар барлық мәслихаттар жұмысының тиімділігін арттыруға, олардың қызметіне серпін беруге бағытталған. Сонымен қатар халықтың мәслихаттарға, олардың қызметіне деген сенімін арттыруға ерекше назар аударылуда. Яғни сайлаушылардың мәслихат депутаттарына сенімін арттыру, халықпен кері байланысты нығайту, осы бағытта жұмысты кешенді және жүйелі түрде ұйымдастыру өзекті мәселе болып отыр. Сенат тарапынан мәслихаттарға нақты әдіснамалық көмек көрсетіліп келеді, – деді Махметғали Нұрғалиұлы. Мұнан соң сөз алған Сенат Спикері Мәулен Сағатханұлы ел Президентінің бастамасымен қолға алынған саяси реформаларға тоқталды. М.Әшімбаев Конституцияға енгізу үшін ұсынылған түзетулер еліміздің саяси жүйесін ғана емес, басқа да салаларды дамытуға берік негіз қалайтынын атап өтті. – Елімізде кешенді Конституциялық реформа іске асырылды. Соның нәтижесінде саяси жүйеміз жаңғырып жатыр. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік күшейе түсті. Парламенттің құзыреті кеңейді. Мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге баса мән берілді. Конституциялық реформаны іске асыру мақсатымен тиісті конституциялық заңдар қабылданды. Соның шеңберінде мәслихаттардың да рөлі арта түсті. Облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тағайындау процесінде өкілдік орган депутаттарының, яғни сіздердің ықпалдарыңыз зор. Сайлау үлгісі де өзгергені белгілі. Енді облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының сайлауына да аралас үлгісі енгізілді. Аудандар мен қалалардағы сайлаулар толығымен мажоритарлы жүйеге сәйкес өткізіледі. Сондықтан алдағы уақытта жергілікті өкілді органдардың жұмысы қазіргіден де жандана түсетініне сенеміз, – деді М. Әшімбаев. Өздеріңізге белгілі, Конституциялық реформаның аясында Парламенттің рөлі айтарлықтай арта түскені белгілі. Спикер осы ретте Сенаттың алдында тұрған жаңа міндеттерге тоқталды. – Қазіргі таңда Парламент палаталары арасында қарым-қатынас жандануда. Бұл жердегі басты мақсат – заң шығару және қабылдау процесін оңтайландыру. Сенатта заңдарды қарау рәсімі де тезірек жүргізіледі. Дегенмен мұндай белсенділік заңдардың сапасына кері әсерін тигізбейтінін атап өткен жөн. Жалпы азаматтарымыз өзгерістердің болашақта емес, қазір болғанын талап етуде. Сондықтан заң шығару процесі осы талапқа сәйкес жаңғыртылуда. Сонымен қатар Конституциялық реформа аясында Сенаттың рөлі, өкілеттіліктері қайта зерделенуде. Нақты айтсақ, Сенат Президенттің Конституциялық Соттың және Жоғары Сот кеңесінің төрағаларын тағайындауына келісім береді. Жуырда ол құзыретімізді пайдаландық. Соның нәтижесінде Конституциялық Соттың төрағасы осы тәртіп бойынша тағайындалды. Одан бөлек Ұлттық банктің және Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағалары, Бас прокурор Сенаттың келісімімен тағайындалатыны белгілі. Тағы бір міндет, бұдан былай Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын палатаға айналады. Маңызды экономикалық-әлеуметтік процестердің негізі аймақтарда өтетіні белгілі. Өңірлерімізді кешенді түрде дамытпайынша, тұтас ел дамуын жаңа деңгейге көтеру мүмкін емес. Сенат үшін өңірлерді өркендету негізгі міндетке айналып отыр, – деген Мәулен Әшімбаев 14 қаңтарда өтетін Сенат депутаттарының сайлауы туралы айтты. «Палата құрамының жаңаруы жоғарыда аталған жаңа мақсат-міндеттерді іске асыруға өз әсерін тигізетіні анық. Осы сайлауда өңірлерден 20 сенатор сайланады. Бұл сайлауға жалпы 64 кандидат қатысуда. Олардың 30 пайызы әйелдер. Орта есеппен 1 мандатқа 3 кандидаттан келіп отыр», деді Спикер. Басқосуда облыстық мәслихаттың депутаттары Ерболат Саурықов, Керімқұл Бегалиев, Ерқанат Манжуов пен Тараз қалалық мәслихатының депутаты Эльмира Мырза-Ғали ауылдарға интернет тарту, «Серпін» бағдарламасы, қоғамдағы әйелдер мәселелері төңірегінде ұсыныс-тілектерін айтты. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жұмыс сапары Байзақ ауданында жалғасты. Сенат төрағасы аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовпен бірге «Алел-Агро» АҚ-да болып, «Жамбыл облысында етті құс шаруашылығын дамыту» инвестициялық жобасымен танысты. Жобада құс фабрикасы, жем зауыты және ет комбинатының құрылысы қамтылған. Кәсіпорын ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыру мүмкіндіктерін ескере отырып, жылына 25 мың тонна тауық етін өндіру үшін келісімшарттық шаруашылықты ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Осы орайда Жамбыл облысында құс өсірушілердің келісімшарттық шаруашылықтарының қауымдастығын құру көзделуде. Сондай-ақ Сенат Төрағасына ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасының барысы туралы баяндалды. Ауыл тұрғындарын ауылшаруашылық бизнесіне барынша тартуға бағытталған жобаның бірінші кезеңінде қатысушылардың орташа айлық табысы 65 пайызға артқан. Жобаның ауқымын кеңейту аясында 2023 жылы облысқа 11,5 миллиард теңге бөлінбек. Нәтижесінде тағы 22 ауылдық округ жобаға еніп, үш мыңнан астам жобаны қаржыландыру жоспарлануда. Тұрғындарға тиімді шарттармен, яғни 2,5 пайызбен жеті жылға аспайтын мерзімге несие беріледі. Аталған кәсіпорын базасында Сенат Төрағасы жамбылдық шаруалармен кездесті. Кездесуде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауылшаруашылық саласындағы негізгі бағыттарға тоқталды. Аймақ басшысы пилоттық жоба, ағын су мәселесін шешу үшін су жүйелерін реттеу, субсидия беру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Айта кетейік, өңірдегі шаруаларды мемлекеттік қолдауға (субсидия) 2021 жылы 19 миллиард, 2022 жылы 31,2 миллиард теңге қаржы бағытталған. Биыл 31 миллиардтан аса қаржы қарастыру жоспарлануда. Сондай-ақ басқосуда облыста өткен жылы ауылшаруашылық техникаларының 11 пайызға жаңарғаны және тұқым шаруашылығын ілгерілету, қант қызылшасы алқабын ұлғайту шаралары туралы да айтылды. Бұдан бөлек жиында ауылшаруашылық кооператив төрағалары, кәсіпорын басшылары, шаруалар мемлекеттік бағдарламалардың тетіктері айтарлықтай мүмкіндіктер беріп отырғанын жеткізіп, бірқатар мәселелерді де көтерді. Өз кезегінде Мәулен Әшімбаев облыстағы ауылшаруашылық саласында, тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалады. Кездесуде көтерілген мәселелер жоғары палатаның тиісті комитетінің назарында болатынын жеткізді. Жамбыл жеріндегі жұмыс сапары барысында М.Әшімбаев Талас ауданында да болды. Өндірістік кәсіпорындарды аралап, ондағы қалпына келтіру жұмыстарының барысына қанықты. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовпен бірге Мәулен Әшімбаев «Talas Investment Company» ЖШС натрий цианидін шығаратын зауыттың тыныс-тіршілігімен танысты. Кәсіпорын 15 мың тоннаға дейін натрий цианидін өндіруге мүмкіндігі жетеді. Оның 5 мың тоннасы экспортқа бағытталған. Компания бүгінде өндірісті 30 мың тонна натрий цианидіне дейін кеңейту бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру есебінен қосымша 300 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сенат Төрағасы «Игілік» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының қазандығында болды. Қазандық қалыпты жұмыс істеп тұр, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға ыстық су мен жылу тұрақты жеткізілуде. «Игілік» МКК-да мазут қондырғылары мен екі бу қазандығы қайта құруды қажет етеді. Алайда оған қаржылық қиындықтар қолбайлау болып отыр. М.Әшімбаев жұмыс сапарының қорытындысы бойынша көтерілген барлық проблемалық мәселелер жан-жақты зерттелетінін атап өтті. Сондай-ақ Сенат Төрағасы Қаратау қаласындағы қатты дауыл кезінде зақымданған тұрғын үйлерді аралап көрді. Мұнда табиғи апат салдарынан 12 көпқабатты тұрғын үй мен қалалық әкімдік ғимараты бүлінген. Мәулен Әшімбаев тұрғындарға қалпына келтіру жұмыстары Сенаттың ерекше назарында болатынын жеткізді. Сонымен бірге ол Қаратаудағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға көмек көрсетілетінін айтты. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Сенатының Төрағасына ауылдық округтердегі қалпына келтіру жұмыстары жайлы да баяндалды.

Айжан ӨЗБЕКОВА