Мектеп формасына өзгерістер енгізілді
Мектеп формасына өзгерістер енгізілді
Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы бұйрығымен орта білім беру ұйымдарының мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Arainfo.kz тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін Оқу-ағарту экс-министрі Асхат Аймағамбетов мектеп формасы талаптарына енгізілген өзгерістер туралы айтқан болатын.
Бұйрыққа енгізілетін өзгерістер жайында 2022 жылғы қарашада Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеген болатын.
Оқу-ағарту министрлігінің қолданыстағы бұйрыққа енгізген өзгерісі 10 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бұйрыққа қандай өзгерістер енгізілді: Қыздарға да, ұлдарға да рұқсат етілген мектеп формасының қатарына түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка қосылады. Ұлдарға арналған мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, көйлек, күнделікті жейде немесе түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет, жемпір). Ер балаларға арналған шалбар, ұзын және аяқтың тобығын жабуы қажет. Қыздарға арналған мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка (қыста: тоқылған жилет, сарафан, жемпір). Қыздарға арналған шалбар бос және ұзындығы бойынша аяқтың тобығын жабуы қажет. Сонымен бірге біркелкі киім үлгісіне (ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка) қойылатын талап алынып тасталды. Енді галстук міндетті болмайды. Бұл өзгерістер қажет болған жағдайда пайдалануға болатын қосымша мүмкіндік пен нұсқа ғана. Ата-аналар өндірушіні таңдауда және мектеп формасын сатып алуда тәуелсіз екенін еске сала кетейік.