Жастар

ЖЫЛДАН-ЖЫЛҒА ЖАЛҒАСҚАН ЖАТАҚХАНА ЖЫРЫ

ЖЫЛДАН-ЖЫЛҒА ЖАЛҒАСҚАН ЖАТАҚХАНА ЖЫРЫ

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде: «Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек. Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді», деген болатын. 

Рас, Үндеу жарияланғалы елімізде студенттік жатақханалардың құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай жатақхана тапшылығы біржола шешілудің орнына, керісінше одан бетер өзекті бола түсуде. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында айрықша тоқталып, нақты міндеттер жүктеді.Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2018-2021 жылдар аралығында елімізде 30 630 орындық 124 жатақхана пайдалануға беріліпті. Ал жыл басында Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Асқар Ибраимов 2022 жылы елімізде студенттер үшін 11 мың орындық 32 жатақхана пайдалануға берілетінін баяндады. Демек, төрт жылда 75 мың емес, 41 630 орындық студенттік жатақхана салынады. Бірнеше ай бұрын Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының Ілгерілету және сыртқы коммуникация департаментінің директоры Айнұр Сағындықова елімізде 84 мыңнан астам студенттің жатақханаға мұқтаж екенін мәлім етті. Сондай-ақ өткен жылы Қазақстандағы 1,1 миллион студенттің тек 174 мыңы (16 пайызы) ғана жатақханамен қамтылған екен. Осы статистикалардан-ақ еліміздегі жатақханаға байланысты ахуалдың жай-жапсарын бағамдай беруге болады. Ал өңіріміздегі ахуал қалай? Жатақханалардың жайы жақсы ма? Ж аңа оқу жылының басталуына орай өзектілігі арта түскен мәселеге байланысты туындаған осы және өзге де сұрақтарымызға жуырда «Аmanat» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында өткен жиында жауап алдық. Басқосуда баяндама жасаған партия облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Уалихан Болатбектің келтірген деректеріне сүйенсек, Жамбыл облысында да жатақхана мәселесі жетісіп тұрған жоқ екен. Ендеше, алдымен жоғары оқу орындарындағы жатақханалардың жай-күйіне тоқталайық. Уалихан Болатбектің айтуынша, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 1 240 студентке арналған 3 жатақханасы да орташа деңгейдегі жөндеу жұмыстарын қажет етеді екен. Өңірлік университеттің 500 орындық студенттік жатақхана құрылысының аяқталғанына екі жыл болғанымен, әлі күнге дейін пайдалануға берілмепті. Өткен жылғы зерделеу барысында оқу орнының басшылығы 2021 жылдың соңына дейін жатақхана студенттердің игілігіне берілетінін айтыпты. Бірақ құрылысы әлдеқашан аяқталған жатақхананың құжаттарын қабылдау жұмыстары өте баяу жүргізіліп жатқан көрінеді. Зерделеу барысында Халықаралық Тараз инновациялық институтының 500 орындық жатақханасында студенттерге барлық жағдай жасалғаны анықталыпты. Уалихан Болатбек жоғары оқу орындарында студенттердің жатақханаға деген сұранысы толықтай қанағаттандырылғанын, алайда құрылысына, сапасына байланысты олқылық аз емес екенін атап өтті. –  Облысымыздағы 44 орта арнаулы оқу орнының (20 мемлекеттік, 24 жекеменшік) он сегізінде студенттік жатақхана бар. 2021 жылы жүргізілген зерделеу барысында облыс орталығында орналасқан Тараз политехникалық колледжі мен Қаратау қаласындағы Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің жатақханалары республика бойынша ең нашар жатақханалардың тізіміне кірген болатын. Бүгінгі жиынға қатысып отырған облыс әкімдігі білім басқармасының маманы екі колледждің жатақханасының мәселесі бойынша толыққанды жауап береді деп ойлаймын.  Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Тараз политехникалық колледжінің жатақханаларына биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Былтыр зерделеу барысында аталған колледждердің жатақханалары бойынша бірқатар сын айтылған. Атап өтер болсақ, Тараз политехникалық колледжінің жатақханасында басқа оқу орындарының студенттерінің жатқаны және ешқандай санитарлық талаптардың сақталмағаны анықталған. Сондай-ақ жатақханадағы орнына студенттер ай сайын 10 000 теңге төлеп тұрған. Жалпы мемлекеттік колледждерде жатақхана тегін беріледі. Ал жекеменшік колледждерде бағаның ала-құлалығы байқалады. Ал №17 Жамбыл колледжі, №16 Жуалы колледжі, №7 Бетқайнар колледждерінің жатақханалары күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Аталған колледждердің студенттік жатақханаларының жағдайы жыл сайын нашарлап бара жатқанын айта кету керек. Тараз қаласындағы 3 колледжде 750 орынды 3 жатақхана (№9 Меркі колледжі– 100 орын, Абай атындағы Жамбыл жоғары гуманитарлық колледжі – 300 орын, Жамбыл медициналық жоғары колледжі – 350 орын) салу қажеттілігі туындауда. Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі мен Жамбыл медициналық жоғары колледжінің студенттері үшін Қ.Тұрысов көшесінің бойында жатақхана салу бойынша инвестор мен «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы арасында келісім жасалған. «Қаржы орталығының» мәліметіне сүйенсек, биыл құрылысы аяқталу керек. Бірақ аталған мекенжайда ешқандай жұмыстың жүргізілмегені белгілі болды. Ал №9 Меркі колледжі жатақхана құрылысын жүргізу үшін құжаттарын дайындауда, – деген Уалихан Болатбек зерделеу барысында белгілі болған басқа да мәселелерді жіпке тізді. Ал жатақханалардың жай-күйіне байланысты жиында көтерілген әрбір сұраққа жауап берген облыс әкімдігі білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Алтынай Жайлышева атқарылған жұмыстарға тоқталып, шешімін күткен мәселелерді де ашық айтты. – Облысымыздағы 18 колледждің жатақханаларының сыйымдылығы – 2 329 орын (мемлекеттік –1879, мемлекеттік емес – 450). 2022 жылы бірқатар колледждердің жатақханаларына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің Домалақ ана көшесінде орналасқан 200 орындық жатақханасы барлық талаптарға сай келеді. Ал Жұбанышев көшесіндегі жатақханасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл қолға алынып, тиісті қаржы бөлінді. Қазіргі таңда бірінші және екінші қабаты жөнделіп, жиһаздары алынды. Баяндама айтылғандай Абай атындағы жоғары гуманитарлық колледжі мен Жамбыл медициналық жоғары колледжінің жатақханасына байланысты мәселе туындап тұрғанын жасыруға болмайды. Негізі облысымыздағы 3 колледжде 750 орынға жатақхана қажеттілігі бар. Екі жыл бұрын министрлік арқылы қаржы басқармасымен келісімшартқа отырған болатынбыз. Инвестор табылды. Инвестормен қаржы басқармасының арасында келісімшарт жасалған. Кәсіпкер жұмысын бастап, желтоқсан айында өткізу керек болған. Алайда қазіргі уақытта инвестор ұялы телефонына жауап бермейді. Банктен тиісті қаржыны алмаған. Сондықтан құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Жаңа инвестор тауып, келісімшартқа отыру тиісті жұмыстар атқарылуда. №9 Меркі колледжінде жатақханаға қажеттілік – 100 орын. Колледждің 100 орындық жатақхана құрылысын жүргізу үшін 2 гектар жер телімі бар. Мемлекеттік жер актісі мен сәулеттік жобалау құжаттамасы дайын. Бүгінгі күні облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы тарапынан жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Тараз политехникалық колледжінде олқылықтар орын алғанын жоққа шығара алмаймыз. Бағаға байланысты колледж құрылтайшысымен сөйлесіп, 5 мың теңгеге төмендетеміз. Себебі студенттер үшін 10 000 теңге шынымен-ақ қымбат, – деген Алтынай Жайлышқызы Құлан агротехникалық жоғары колледжінің аумағында соғылатын студенттер қалашығы жобасына айрықша тоқталып өтті. Жоба аясында студенттер үйі, бассейн, спорт кешені, кинотеатр, дүкен, кафе, жастар сарайы мен саябақ салу жоспарлануда екен. Облыс әкімі тарапынан қолдау тапқан жоба келесі жылы толықтай аяқталмақ. Сонымен қатар жиында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әкімшілік департаментінің директоры Руслан Амантаев сөз алып, зерделеу барысында анықталған кемшіліктерді жою мақсатында атқарылған жұмыстарды баяндады. – Құрылысы аяқталған 516 орындық жатақхана ағымдағы жылдың қараша, желтоқсан айларында пайдалануға беріледі деп ойлаймыз. Қазіргі таңда құжаттары рәсімделуде. Ал Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің жатақханасы 177 орынға арналған. Жатақханада қысқы маусымға дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деді Р.Оразбайұлы.  Департамент директорының айтуынша, құжаттарын рәсімдеудің ұзаққа созылуына байланысты 516 орындық жатақхананың биыл да пайдалануға берілмеуі мүмкін екен. Осы орайда жиынға қатысушылар тарапынан Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің жатақханасына байланысты бірқатар ұсыныстар айтылды. Мәселен, Талас аудандық жастар ресурстық орталығының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрсұлтан М анатбек аталған к олледждің жатақханасына қажеттілік көп емес екенін, 10-15 студенттен аспайтынын, сондықтан бес қабатты ғимаратты басқа мақсатта (тұрғын үй) пайдалану керектігін ортаға салды. Жалпы бір сағатқа жуық уақытқа созылған жиында ж атақханаға байланысты қордаланған мәселелер жан-жақты талқыланып, атқарылған жұмыстар екшелді. Біз «Аmanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының зерделеу барысында анықтаған кемшіліктерінің негізгілеріне ғана тоқталып өттік. Енді газетіміздің алдағы нөмірлерінде студенттер жайлы орындарына жайғасып болғаннан кейін жатақханаларды арнайы аралап, жағдайды өз көзімізбен көріп қайтуды мақсат етіп отырмыз. 

Талғат НҰРХАНОВ