Алла біреуді сабырмен, ал біреуді ғайбатпен сынайды
Алла біреуді сабырмен, ал біреуді ғайбатпен сынайды
Адамды Алла Тағала күнде сынайды. Адам Жаратқанның қай сынағын да қабылдап, түсінсе, Алла ол адамға сол сынақ арқылы ұмытылмастай бір сабақ-ғибрат береді екен. Шаршап-шалдығып кеп, кешқұрым «Facebook»-ті ашқаным сол-ақ екен, Алла мені сынағына бір шыжғырып алды. Мен әлбетте әлсіз пендемін. Қаным басыма шапты. Бірақ мен тура жолға түсуге ниет қылған адам ретінде сабырға кеп, сабама түсіп, мен бұдан қандай ғибрат алуым керек деп ойладым. Солай ойлауым мұң екен, әлгі дүние маған өзге қырынан көрінді. Біріншіден, мұны мен кезінде өзім ойланбастан біреуді ғайбаттағаным үшін маған адаспай жеткен жазам деп қабылдадым. Екіншіден, саусағымды телефонның клавиатурасына жүгіртіп, байбалам салғанның орнына, қанша қиын болса да сабырға келуге үйретті. Бұл мен үшін әлбетте үлкен жеңіс! Одан кейін мені сыртымнан ғайбаттап, жұртқа мен туралы жаңсақ пікір қалыптастырғысы келген азаматтың бұл теріс амалы маған аса мағынасыз көрінді. Үшіншіден, мені қатырдым деп өзі қалай күнәға батқанын байқамаған адамның кейпі – маған оның осы қылығын болашақта өзімнің қайталамауыма зор сабақ болды. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Бір адамдар басқа бір адамдарды келемеждемесін! Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Әйелдер де басқа әйелдерді келемеждемесін! Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Бір-бірлеріңді ренжітпеңдер һәм бір-бірлеріңе лақап тақпаңдар. Иманнан кейін пасық есім қандай жаман?! Ал кімде-кім тәубе етпесе, олар залымдар. Уа, иман келтіргендер! Түрлі долбарлы ойлардан сақтаныңдар! Шындығында, ойлардың кейбірі күнә. Бір-бірлеріңді аңдыспаңдар, бір-бірлеріңнің сырттарыңнан ғайбат сөз айтпаңдар! Әлде сендердің біреулеріңе өлген бауырының етін жеу ұнай ма? Сендер оны ұнатпайсыңдар. Алладан қорқыңдар! Шындығында, Алла тәубені қабыл алушы һәм өте мейірімді», (Хужурат сүресі 11, 12) дейді. Ал Алланың елшісі Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Уа, тілімен иман келтіріп, иманы жүрегіне жетпегендер, мұсылмандарды жәбірлемеңдер, балағаттамаңдар, олардың кемшіліктерін іздемеңдер! Шындығында, Алла мұсылман бауырының кемшілігін аңдығанның өзінің кемшілігін аңдиды. Ал Алла кімнің кемшілігін аңдыса, ол үйінің ортасында жасырынып отырса да масқарасын шығарады», деген екен. Бүгін Алла мені сабырмен, ал бір бауырымды ғайбатпен сынаған екен. Мен ол азаматты кешірдім, өйткені ол ғайбаттың қаншалықты ауыр дүние екенін білмейтін шығар. Ал мен кешірмейінше, оны Алла кешірмейді. Олай болса, мен оған жамандық тілеген боп шықпаймын ба?! Ал жамандық тілеу мен ғайбаттау туыс күнәлар. Ол азамат өз кінәсін мойындап, істегенін жойса, онда екеуміз де олжаға батамыз. Егер «намыстанып» өз ісін түземесе, онда осының бәрі оның алдына айнымай келеді. Неғұрлым мейлінше қырсықпай, өз қатесін ерте ұғынып, тәубеге келген жанның жүрегі жарқырай тазаланады. Одан артық ләззат жоқ! P.S. Білгеніңді біреуге айтқан артық емес. Бұл жалғыз маған емес, бәрімізге сабақ болсын деп жаздым.
Ақберен Елгезек