БАБА РУХЫНА АДАЛДЫҚ
БАБА РУХЫНА АДАЛДЫҚ
Тәуелсіздік ең алдымен ұлттық рух, санамыздың жаңғыруына жол ашты. Ұмыт болған тарихқа, ұлы тұлғаларға ешкімге жалтақтамайтын азат елдің көзқарасымен қарауға мүмкіндік берді. Соның бірі – ұлы баба Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати мұрасы еді. Бұрын тек ғалымдарымыз ғана біліп, зерттеу еңбектерінде деректерін пайдаланатын, бірақ былайғы жұртшылық тегіс біле бермейтін Мұхаммед Хайдардың есімі, еңбегі тек тәуелсіздік жылдарында ғана кеңінен айтылып, атақ-даңқы жайыла бастады. Бұл жөнінде кезінде мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев ұлы бабаның 500 жылдық мерейтойына орай болған жиында былай деп толғана айтқан: «Қоғамымыздың рухани өміріндегі аса бір айтулы оқиғаға куә болып отырмыз. Атын бүкіл әлем білетін Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің мүшелді жылы өз елінде алғаш рет аталып отыр. Бұл – Әбу Насыр әл-Фарабидің мың жылдық салтанатынан кейінгі екінші бір ерекше жағдай. Бақсақ, ғасырлар бойы өз байлығымыздың қызығын өзіміз көре алмай келіппіз. Өз қазынамыздан өзіміз қол үзіп қалыппыз. Өз жақсыларымызды ағалаудың орнына, кей ретте кісі ағасын көбірек жағалап келіппіз. Сөйтіп, өзімізді-өзіміз жете білмейтін, жете танымайтын жағдайға жетіппіз. Бұл отаршылдық саясаттың ғана емес, сол қалыптастырған бодандық сананың өрескелдігі еді», деді. ХХ ғасырдың 90-жылдарының соңына қарай ұлы баба есімі қазақ даласына қарыштап ене бастады. Соның ең алғашқы маңызды оқиғаларының бірі – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 3 қарашадағы №1485 қаулысымен Тараз мемлекеттік университетіне XVI ғасырдың ғажайып тұлғасы, ұлы тарихшы, дарынды қолбасшы, көрнекті ақын, жан-жақты дарын иесі Мұхаммед Хайдар Дулати есімінің берілуі және қазіргі бас ғимараттың алдына зәулім де сәулетті ескерткішінің қойылуы болатын. Бұл маңызды іс-шараға сол кезде Елбасы, республикамыздың зиялы қауымы мен ғалымдары қатысып, ризашылықтарын, қуаныштарын білдіріп жатты. Осындай игі іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне, жалпы оқу ордасының Дулати атымен аталуына сол уақыттағы университеттің ректоры, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Уәлихан Қозыкеұлы Бишімбаевтың қажырлы еңбегі, биік ұйымдастырушылық қызметі сеп болғанын тарих алдында ұмытпауымыз керек. Университетке ұлы баба есімінің берілуі үлкен құрмет болумен қатар, зор жауапкершілік те міндеттеді. Ендігі жерде университет ұлы ғалымның өмірі мен шығармашылық жолына зерттеулер жүргізу мен мұраларын насихаттауды жүйелі орындауды міндетіне алған. Міне, осы шараларды жүзе асырудың үлкен салмағының бірі тарихшы-ғалым Асқар Абдуалыға жүктелгені сөзсіз. Қазақ ғылымының тарихында М.Х.Дулатиге арналған тұңғыш халықаралық ғылыми-теориялық конференция сол кездегі Жамбыл мемлекеттік университетінде 1997 жылдың наурыз айының 14-15 күндері болды. Бұл шын мәнінде ұлы баба өміріне, шығармашылығына арналған тарихи ғылыми жиын еді. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанның маңдайалды тарихшы ғалымдары ұлы тарихшының өмірі, мұрасы туралы ғылыми баяндамаларын жасады. Тұңғыш ғылыми конференцияның қаншалықты салмақты болғанын баяндама жасаған ғалымдардың аты-жөндерінен-ақ байқауға болады. Академик Манаш Қозыбаев, тарихшы К.А.Пищулина, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшелері К.Байпақов, Б.Көмеков, профессорлар Ә.Дербісәлиев, Ж.Молдабеков, У.Шалекенов, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Б.Кәрібаевтар баяндама жасаса, Өзбекстаннан келген профессорлар А.Каюмов, А.Урунбаев, қырғыз профессоры И.Молдобаев, тағы басқалар Дулати тақырыбындағы ғылыми баяндамаларын ұсынды. Жасыратын несі бар, өзбек ағайындар Мырза Хайдарды өздеріне теліп, өзбек деп келген. Жан-жақты ғылыми негізді әңгімеден кейін оның қазақ екені, Дулат тайпасының перзенті екені дәлелденді. Араға 1 жыл уақыт салып, 1998 жылдың 18-20 қыркүйек күндері М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ҚР Ғылым министрлігі – Ғылым академиясы, ҚР Білім, Мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының қатысуымен «Қазақстан көне ғасыр тарихының проблемалары» атты Мұхаммед Хайдар Дулати халықаралық оқулары өтті. Мұнда да академик Манаш Қозыбаев бастаған Қазақстан ғалымдары, Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдары терең танымдық баяндамаларын жасады. Елімізде, оның ішінде Тараз қаласында ұлы баба мұрасына деген ерекше құштарлық, мақтаныш сезімі қалыптасқан. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің басты мақсаты – ұлы баба мұрасына деген ғалымдардың бетбұрысын, ғылыми зерттеушілігін арттыру болатын. Бұл міндет сол тұста артығымен орындалды десе болады. Бұл конференциялардың өтуі, келген қонақтарды күтіп, шығарып салу, барлық шараларды ұйымдастыру, конференция жинақтарын шығару айтар ауызға жеңіл болғанымен оның артында толағай еңбектің, күннен түнге ұласқан ізденістің жатқаны сөзсіз. Оның үстіне өзіне де, өзгеге де биік талап қоятын ректор Уәлихан Қозыкеұлының жұмыс стилі белгілі. Міне, осы шаралардың бел ортасында ауыр жүгін көтеріп Асқар Бегәділұлы жүрді. Дулатитанудағы маңызды қадам – Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің туғанына 1999 жылы 500 жыл толуына байланысты 1999 жылғы 23-30 мамыр аралығында республикалық М.Х.Дулати қоғамдық қорының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі У.Қ.Бишімбаев бастаған делегацияның Үндістанға, Кашмир өлкесінің бас қаласы Сринагардағы «Мазар-и салатин» қабірстанындағы ұлы ойшыл зиратына туған жер топырағын жеткізуі еді. Делегацияның 8 мүшесінің ішінде сол кезде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жанынан алғаш құрылған ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастырушысы Асқар Абдуалы да бар еді. 27 мамыр күні зират басында митинг болды. Оны Кашмир университетінің ректоры, профессор М.И. Кадири ашып, ұлы қайраткердің Кашмир тарихындағы орнына тоқталды. У.Қ.Бишімбаев өткен жылы шығыстанушы ғалым Ә.Дербісәлиевтің осында болып, баба зиратын тапқанын, соған орай ата-баба дәстүрімен қазақ жерінің топырағын ұлы ғалым зиратына салу, сондай-ақ бейіт топырағын Тараздағы ойшыл ескерткішіне сіңіру, Сринагардан мәңгілікке сая тапқан ғалым бабаға исі түркі халқы атынан тағзым етіп, бас ию ниетімен келгендерін айтты. Ә.Дербісәлі өткен жылға қарағанда зираттың қалыпқа келіп, күтімге алынғанына ризашылығын білдірді. «Мұхаммед Хайдар зираты туған жерден жырақта болса да біздің екі елді қауыштыруға себепкер болып, қазақ-кашмир халықтары достығының алтын көпіріне айналуда», деді. Бұдан соң Кашмир университетінде, Үндістан астанасындағы Дели және Джавахарлал Неру атындағы университеттерде, Делидің Сахития Академиясында ғылыми жиындар болып, ұлы бабаның Кашмир тарихындағы орны, халық өміріне әкелген әлеуметтік-мәдени жаңалықтары жан-жақты сөз болды. Әсіресе солардың ішінде доктор М.А.Вани баяндамасы мазмұндылығымен, деректердің нақтылығымен назар аударды. Ол: «Мырза Хайдар Кашмирді билеген жылдары елдің әл-ауқаты өсіп, мәдениеті өркендеді де, ол әсіресе архитектура мен өнерге ерекше мән берді. Ыстық моншаны да Кашмирге әкелген Мырза Хайдар» дей келіп, «Ол жаңа сауда орталықтарын ұйымдастырды. Орта Азиядан түрлі кітаптар алдырып, ол жаққа Кашмирдің жазба жәдігерліктерін жіберіп тұрды. Кашмир өлкесінен көптеген кітапханалар аштырды», деп үлкен баға берді. «Мырза Хайдар балалардың мектепке түгел баруын да қадағалаған. Жергілікті халықтың сый-құрметіне ол осылай да бөленген», дейді. Сахития Академиясындағы халықаралық ғылыми конференцияда өзге баяндама жасаушылармен қатар, Асқар Абдуалы да Тараз университеті жанындағы ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы туралы жан-жақты әңгімелеп береді. Дулатитанудың алғашқы кезеңінде де, одан бері – күні кешеге дейін де университеттің бірінші проректоры ретінде Асқар Абдуалы халықаралық ғылыми-теориялық конференциялардың жоғары деңгейде өтуіне ұйымдастырушылық-басшылық жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен атқарды. Ол сонымен қатар Дулати мұрасына қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, конференцияларда ғылыми баяндамалар жасады. Соның ішінде «М.Х.Дулати өмірі мен шығармашылығы Үндістан ғалымдарының зерттеулерінде», «Бабыр және Дулат: тұлғалық үндестіктер», «М.Х.Дулати Саид ханның қолбасшылық қызметінде», «Мұхаммед Хайдар Дулатидің қолбасшылық келбеті» атты зерттеулерінің дулатитанудағы маңызы ерекше деп білеміз. Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмір жолын, әсіресе өмірінің соңғы кезеңін – Кашмирді билеген тұсын тереңірек тануда Үнді тарихшыларының еңбегін зерделеу аса маңызды. А.Абдуалы Үнді тарихшысы Ахмед Рази еңбегін саралап, оның «Мұхаммед Хайдар Дулат табиғат берген дарындарына қоса өте батыл және шынайы қолбасшыны қалыптастыратын барлық қасиетке ие еді» деген пікіріне ерекше мән береді. Ұлы баба бойындағы қолбасшылық қасиет оны биіктерге көтерді. Үнді тарихшыларының пікірлері бір жерден шығып жатпайды. Әсіресе Мұхаммед Хайдардың мезгілсіз өлімі туралы пікірлер әр тарап болып келеді. Оның үнділіктер үшін түп тегі түркі-моғол екендігі де ұмытылмай, жаулап алушы ретінде қаралатын көзқарас та барлығы байқалады. Ғалымның «Бабыр мен М.Дулат: тұлғалық үндестіктер» атты мақаласы нақты деректерге құрылған. «Бабыр наме» кітабы мен «Тарих-и Рашиди» салыстырыла тексеріледі. Бабыр бөлесі Мырза Хайдарды жақсы көрген, оның басына қауіп төнгенде қамқорлығын ұсынған. Бұл жөнінде ол «Бабыр наме» кітабында былай деп жазады: «Өзбектер әкесін өлтіргеннен кейін ол келіп, көзімнің тірісінде үш-төрт жылдай жүрді. Содан соң рұқсат алып, Қашғарға ханға кетеді. Енді ол ақыл тоқтатып, әрі қарай жақсы жолға түсті. Жазуға, сурет салуға, оқ пен садақ тартуға арналған дөңгелектер дайындауға – бәріне де оның қолы шебер болды. Оның өлеңге де дарындылығы бар болатын. Маған одан өтініш келді: оның сөз саптауы ұйқасты», деп жазды ол. Бабыр туралы ұлы ғалым да жүрекжарды пікірін ашық білдіреді: «Ол әрдайым аялап, еркелетіп отырып, мейіріммен уәде етіп, кейде қатты ескертіңкіреп білім алуға ынтықтыратын... Оның мейірімі мен шапағаты мені өмірге әкелген әке-шешемнің мейірімінен кем түспейтін», дейді. Ұлылар арасындағы үндестік осылай болатын. Заманы қиын, тағдырлары ауыр болса да адамдардың бір-біріне деген мейірім-шапағаты күні бүгінге дейін үлгі аларлықтай. Зерттеу мақаласын А.Абдуалы былай түйіндейді: «З.Бабыр мен М.Дулат шығармаларындағы сабақтастық, олардың өмір жолдарының тағдырластығымен де байланысты көрінеді. З.Бабыр әкесі Омар Шейхтен он екі жасында, М.Дулат әкесі Мұхаммед Хұсайыннан тоғыз жасында айырылған. Балалық кездеріндегі көрген қиындықтары да аз болмады. Ата-аналарынан берілген тәлім-тәрбиенің, бойларындағы өжеттілік пен батырлық кездескен қиындықтарды жеңуге, білім-ғылымда, өнер мен лауазымдық биліктің шыңдарына жеткізді. З.Бабыр Үндістанда төрт жыл, ол құрған моғол империясы үш ғасырдан астам өмір сүрсе, М.Дулати Кашмирде 10 жыл билік құрды. Екеуі де 50 жас шамасында өмірден өткен», дейді. «М.Х.Дулати Саид ханның қолбасшылық қызметінде», «Мұхаммед Хайдар Дулатидің қолбасшылық келбеті» мақалалары бір-бірімен байланысып жатыр. Саид хан мен Мырза Хайдар өмірлерінің 21 жылын бірге өткізген. Ол 1514 жылы Саид ханның Қашғарияны Әбу Бәкірден тартып алу жорығына қатысып, кейін өзінің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде жорықты толық баяндайды. Мұхаммед Хайдар 30 жасқа келгенде Саид ханның толық сеніміне ие болып, әскери қолбасшылық қызметін атқарады. Бұл туралы автор былай дейді: «Жасым отызға толған кезеңде хан әскер істерін маған сеніп тапсырды. Алайда жаныма тәжірибелі кеңесші адамдар мен беделді әмірлерді қосып беріп: «Бұл кісілердің айтқан ақыл-кеңестерін еш уақытта да екі етпейсің, барлық істерде оларға құлақ асып, бойұсынып жүргін», дейтін». Дулати талай жорықтарда шыңдала түседі. Ол қашанда оң шешімдер қабылдап, талантты қолбасшы ретінде ұрыс кезінде әртүрлі соғыс қимылдары мен әдіс-тәсілдері арқылы тәжірибе жинақтайды. Біраз уақыт өткен соң Саид хан оған былай дейді: «Сенің ой-пікіріңе менде толық сенім пайда болды». Осыдан кейін барлық әскери істер мен мемлекет істерін маған сеніп тапсырды һәм бүкіл істерде менің қолыма шексіз билік, еркіндік берді және ханның жарлықтары мен үкімдері (пәрмендері) менің атыма жіберіліп отыратын. Сондай-ақ менің өз атыма ханның жеке хаты да келіп тұратын. Кашмир жорығынан қайта оралғанымда, Тибетте ханның құзырына бардым. Мені ол оңашада да, көпшіліктің көзінше де «бауырым» деп атайтын». Саид хан мен Мырза Хайдар арасындағы уақыттың сынынан өтіп шыңдалған достық, бауырластық осылай орнаған болатын. Мақаланы А.Абдуалы былай қорытады: «Саид ханның тұсында мемлекеттің әскери қолбасшысы атанған М.Х. Дулати сол кезеңдердегі соғыс тәсілдерін шебер ұйымдастырып, қалың қолға басшылық жасады. Ал Саид хан әскери қолбасшы болу үшін оған лайықты азамат ретінде М.Х. Дулатиді тағайындады. Әдетте қолбасшыға жеңіске жетуде қолда бар күштер мен құралдарды өте тиімді пайдалана білетін, дарынды, әскери жағдайлардың дамуын болжауға қабілетті, жігерлі, ұйымдастырушылық қабілеті бар тұлғалар таңдалады. Бұл қасиеттердің барлығын Саид хан Мұхаммед Хайдар Дулатидің бойынан көре білгені анық», дейді. «Мұхаммед Хайдардың қолбасшылық келбеті» атты мақаласында автор М.Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегіне сүйене отырып, оның 30-дан астам шайқасын анықтауға болады дейді. Әскери жорықтарын 2 кезеңге бөліп қарастырады. Бірінші кезеңді бөлесі Бабыр жорықтарымен байланыстырады. Ол 1510-1512 жылдары Бабырдың шайбандық өзбектермен болған 3 шайқасына қатысқан. 1510 жылы Бабыр патшаның Дешт-е Күлікке жасаған жорығына Мұхаммед Хайдардың өз сұранысымен алып барады. 1511 жылдың тамызындағы екінші шайқаста болған жасөспірім жігіт тәжірибе жинақтайды. 1512 жылғы желтоқсан айында шайбан өзбектерінен Бабыр патша жеңіліс тапқанда, М.Х. Дулати жеңілістің не екенін жандүниесімен сезінеді. Зерттеуші Дулати әскери жорықтарының екінші кезеңі – 1512-1533 жылдар аралығын Саид ханға қызмет жасау уақытымен байланыстырады. Мұнда 15 жорықтың хронологиялық тізбесі келтіріледі. Бабырдың ұлдары Камран, Һұмаюн әскерлерінің құрамында 3 ірі шайқасқа қатысқан. Сөйтіп, өз заманында Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің аса дарынды қолбасшы ретінде есімі мәшһүр болғанын А.Абдуалы ғылыми негізде делелдеп жазады. Бүгінге дейін жалғасқан тұтас еңбектен біз профессор А.Абдуалының ғалым ретінде Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати рухына адалдығын анық танимыз. Бұл шын ғалымның біз бағалауға, айтуға тиісті жақсы қырының бірі болса керек.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор