Жамбыл жаңалықтары

ТАРИХИ ТАРАЗ ТҮРЛЕНЕ ТҮСПЕК

ТАРИХИ ТАРАЗ ТҮРЛЕНЕ ТҮСПЕК

Екі мың жылдан аса тарихы бар Тараз қаласы – Қазақстанның көз тартатын көрікті шаһарларының бірі. Табиғаты тамылжыған, ажары айшықты, тарихы бай, шежіреге толы өңір бүгінде қарқынды дамып келеді. Сәні мен сәулеті келіскен заманауи ғимараттар бой көтеріп, шаһардың сәніне сән қосып тұр. Алдағы жылдары да киелі шаһар түрлене түспек. Тараз қаласын дамытудың үш жылдық картасында көне шаһарды жан-жақты дамытуға бағытталған жұмыстар қарастырылған.

Қала билігі жол картасында 2025 жылға қарай өнеркәсіп өндірісінің көлемін 567,8 миллиард теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр. Яғни жыл сайын 5-10 пайыз өсім қамтамасыз етілуі қажет. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін жалпы құны 16,5 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылады. Сондай-ақ жаңадан құрылған «Тараз» индустриялық аумағында жоспарланған жобаларды іске асыру үшін жалпы ауданы 184,6 гектар жер телімі анықталып, басқарушы компанияға ұсынылған. Қазіргі таңда инвесторлар құны 55,3 миллиард теңгені құрайтын 5 жобаны жүзеге асыруға кіріскен. Бұдан бөлек кәсіпкерлердің сұраныстары негізінде шағын бизнес бастамаларды жүзеге асыру мақсатында қала аумағында 1,6 гектар жер телімі белгіленген. Бүгінде облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе 100-ге жуық жобаның тізімі жасалған. Әр жобаның мүмкіндігіне қарай орындар белгіленіп, шеберханалар, цехтар ашылады. Тараз қалалық Медиа орталығының берген мәліметіне сүйенсек, қаладағы құрылыс жұмыстарының көлемі 2022 жылғы 68,1 миллиард теңгеден 2025 жылға қарай 80,1 миллиард теңгеге дейін артады. Айта кетерлігі, пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданын 564,4 мың шаршы метрге дейін арттыру күтілуде. Бұл көрсеткіштерді орындау үшін бюджет қаражаты есебінен жыл сайын 50-ге жуық көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ 2023-2024 жылдары жеке инвесторлардың қаражаты есебінен 11 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Білім саласы бойынша да ілгерілеу байқалады. Айталық, 2023-2025 жылдары жалпы құны 58,1 миллиард теңгеге 14 мектеп салынады. Сондай-ақ 2025 жылға дейін №15 ықшамауданнан «Оқушылар сарайы» бой көтереді. Осы жұмыстардың нәтижесінде 12 мыңнан аса баланың заманауи білім алуына жағдай жасалады. Сонымен қатар алдағы үш жылда 6,4 миллиард теңгеге 19 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Шаһар басшылығы денсаулық сақтау саласына да ерекше мән беруде. – Мемлекеттің басты байлығы – адам мен оның денсаулығы екені баршаға мәлім. Сол себепті саланың дамуы қашанда маңызды. Осы мақсатта денсаулық сақтау саласында 28 миллиард теңгеге 13 жоба іске асырылады. Атап айтқанда, 6 жаңа нысанның құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріледі. Биыл балалар жұқпалы аурулар ауруханасының, келесі жылы патологоанатомиялық бюросының, 2024 жылы 70 төсек-орынға арналған емдеу корпусының, облыстық балалар фтизиопульмонологиялық арнайы шипажайының, перинаталдық орталықтың құрылысы, №15 ықшамауданда емхана құрылысы аяқталып, ел игілігіне беріледі. 4 аурухана қайта жаңғыртудан өтеді. 3 нысанға күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл жұмыстар қала тұрғындарының сапалы медициналық қызмет алуына жағдай жасайды, – дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков. Қалада жұмыссыздық мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Жұмыспен қамту саласында алдағы 3 жылда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы 20 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның шеңберінде 1 500 азаматқа қайтарымсыз грант беріліп, 1 650 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа, 900 азамат жастар практикасына тартылады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыздан 4,9 пайызға дейін, жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайыздан 3,3 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар биыл «Мамыр» саябағының аумағында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған иппотерапия орталығы және 30 орындық монша салынады. Ал спорт саласында 2023-2025 жылдары 5 нысанның құрылысы жүріп, аулаларда 14 шағын футбол алаңшасы салынады деп жоспарлануда. 2023 жылы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Асанәлі Әшімовтің шығармашылық орталығы салынып, «Көне қамал» кешенінің үшінші кезеңі іске асырылады. Өткен жылы Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енген болатын. Бүгінгі таңда қаламызда 76 қолөнерші 8 бағыт бойынша жұмыс істейді. Алдағы кезеңде осы саланы дамыту мақсатында қолөнер орталығы ашылады. Сондай-ақ биыл саяжайларды жандандыру мақсатында «Жеңіс», Қайрат Рысқұлбеков, «Шахристан», «Арбат» және «Үшбұлақ» демалыс орындарында гүлзарлар алаңы, демалыс аумағы, велосипед, скутер айдайтын арнайы алаң, дүңгіршектер, заманауи үлгідегі аттракциондар салынады. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да ілкімді істер аз емес. Инфрақұрылымның игілігін тараздықтар әрдайым сезінуде. Мәселен, 2023 жылы «Казарма», «Құмшағал», «Қызыл Абад», «28 саяжай», «Шөлдала», «Жиделі», «Көлтоған» массивтерінде ауызсу құбыры желілерінің құрылысы аяқталады. №15 ықшамауданда, «Асқаров», «Хамукат», «Қарасай», «Көктем» массивтеріне газ құбырлары тартылады. Сонымен қатар №14, №15 ықшамаудандарға және алқаптарға электр желісі тартылады. «Бюджет мүмкіндігіне байланысты барлық мәселелерді бір жылдың ішінде шешу мүмкін емес. Даму картасында өзекті мәселелердің басымдықтары ескеріліп, кезең-кезеңімен шешілетін болады», дейді шаһар басшысы. Қала әкімінің айтуынша, шаһар көшелері тақтайдай тегіс болатын күн де алыс емес. Биыл 3,2 миллиард теңгеге 116 көше мен бұрылыстарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 871,6 миллион теңгеге Саңырық батыр және Шостакович көшелері қайта жаңғырудан өтіп, «Барысхан» және «Бурыл» тұрғын алқаптарында жол құрылысы басталады. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы асфальт жолдың үлесі 61 пайыздан 75 пайызға дейін артады. Қала көшелерінің самаладай жарқырап, тұрғындардың қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай туғызу мақсатында биыл 500,3 миллион теңгеге темір бетонды бағаналары бар 68 көшеге түнгі жарықшамдар орнатылады. Қоғамдық көлік саласын дамыту қашанда өзекті. Әрине, автобустардың қызметіне көңілі толмайтын азаматтарымыз аз емес. Бұл салада да олқылықтардың бар екенін жасырмаймыз. Сол себепті автобус парктерін жаңарту мақсатында 2023 жылдан бастап жыл сайын үлкен және орта сыйымдылықты 70 автобустан алу жоспарлануда. Қосымша 15 жаңа бағыт ашылып, 120 аялдама орнатылады. Тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрған азаматтар бүгінде тиісті жер теліміне қол жеткізіп жатыр. Нақтырақ айтсақ, бүгінгі күні Тараз қаласы аумағынан жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімін алу кезегінде 111 874 азамат тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 1821,6 гектар болатын 5 алқапты мемлекеттің мүддесі үшін алып, қажетті инфрақұрылым жүргізу жұмыстары басталған. Аталған тұрғын алқаптарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар реттелгеннен кейін жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 6 213 жер телімін беруге мүмкіндік тумақ. Тараз қаласының сәулеттік даму жоспары соңғы кезде қоғам талқысына жиі түскен мәселенің бірі болды. Қаланың Бас жоспары – шаһардың даму болашағын айқындайтын негізгі құжат болғандықтан демографиялық жағдайдың өзгеруі мен уақыттың ағымына қарай түзетулер енгізу аса маңызды. Тараз қаласының дамуын заманауи жоспарлау, тұрғындарға қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдарды тиімді салу мақсатында Бас жоспарға өзгерістер енгізілмек. Қазіргі уақытта қала аумағы 18 787 гектарды, жобалау аумағы 30 542 гектарды құрайды. Бас жоспар бойынша Тараз қаласының құрамына Жамбыл және Байзақ аудандарынан жалпы көлемі 10,4 мың гектар жер, халық саны 44,5 мың адамды құрайтын 14 елді мекен мен 2 саяжай алқабын енгізу қарастырылған.

Айжан ӨЗБЕКОВА