Бесік-ұрпақ тәрбиесінің бастауы
Бесік-ұрпақ тәрбиесінің бастауы
Үлкендер үлкен мектеп еді...
Өзі үйреткен талапқа сай үлкендермен алдымен амандасу, содан соң жаттатқан жеті атамызды, руымызды жаңылыспай айтып беруші едік. Сол атамыз үйге қона қалған күні қатты қуанатынбыз. Өйткені ол кісі қазақ батырлары туралы аңыз-ертегіні шешендік нақышпен айтқанда аузымыздың суы құрып тыңдайтынбыз. Халқын жаудан қорғаған батырлардың ерлігі жайлы дастандарды жырлағанда таңға дейін тәтті ұйқыны ұмытатынбыз. Атамыз оқу-жазуға шала сауатты болса да ауыз әдебиетін тыңдаушыға жеткізуге шебер еді. «Батыр боламыз» деп ағаш ат мініп, ағаш қылышпен сайысатын едік. Қазір ойлап отырсам, атамыз біздің бойымызға батырлық, Отанға деген патриоттық рухты дарытқан екен ғой. «Бүгінгі ата-әжелеріміз ұрпақ тәрбиесіне тиісті өз үлестерін қосып жүр ме?» деген сауалдан бұрын бір жайтты анықтап алсақ деймін. Жалпы қазақтың ұғымында бесік өте қастерлі дүние. Оның ұлтқа тәрбие берудегі рөлін жоққа шығаруға болмайды. Біріншіден, ілгеріде жайлаудан қыстауға мал айдап, көшіп-қонған ата-бабаларымыздың тіршілігі үшін бесік өте қолайлы, өмірге жаңа келген сәбидің ақ отауы іспетті болған. Екіншіден, бала бесікте жылы жатады әрі қауіпсіз. Аңыздарда һәм тарихымызда Айдархан би бабамыздың ойлап тапқан бұйымы деседі. Ол – қарағай, қайың талдарынан жасалады. Бесік сонау бағзы замандардан бері құндылығын жоғалтпай, ұлтымыздың ұлы хандары мен билерінің, батырлары мен ақындарының, небір дана тұлғаларының тәй-тәй басып жүргенге дейінгі тербетіліп жатқан алтын сарайшығы. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар халық даналығында. Ананың құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн жетіліп, жарық дүниеге шыр етіп келген шақалақ алдымен өзін өмірге әкелуші жанның құшағымен қауышады. Ыстық мейірімнен, ана сүтінен нәр алған нәресте қырық күн толған соң бесікке бөленеді. Қазақ дәстүрінде «Шілдехана» тойында жасалатын, салтанатты түрде баланы бесікке салу рәсімі бар. Бұл рәсімді көпшілік болып атап өткен. Яғни сәбидің өмірінде оның белі қатайғанша бесікке жатуы маңызды болып есептеледі. Бесік баланың тыныш ұйықтауына, тазалығына, қауіпсіздігіне, жылы жатуына ыңғайластырылып жасалған құрал. Еліміздің көшпелі тұрмыс кешкен замандарында түйенің үстіне күйме орнатып, күймеге сәбилі ананы отырғызып, күйме ішіндегі ана ұзақ жолдарда баланы бесігімен алып жүрген. Көшке көнбіс, жетекке жайлы, момын түйелердің қомындағы бесікте жатып талай ұрпақ өскен. Киелі бесігіміздің беделі қай замандарда да биік болған.
«Бесік жырын» білген жөн
«Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген аталы сөздің астары – бесігің түзелмей, сол бесігіңде жатқан ұрпағың түзелмейді дегенге саяды. Бесік – баланың белі қатып, қадам басып жүргенге дейін жетілдіретін әрі тәрбиелеуші, әрі дамытушы құрал. Бесік жыры – бала жылаған кезде жұбату үшін тербетіп, айтатын, сәбидің санасына, көңіл күйіне жағымды әсер етіп, тәтті ұйқыға батыратын анасының өсиетті, өнегелі әні. Ана мен баланың арасындағы нәзік қарым-қатынасты реттеуші, ананың махаббаты мен мейірімін сәбиге сезіндіруші «Бесік жыры» әннің ішіндегі төресі. Оның құдіретін, балаға беретін тәлім-тәрбиесін бүгінгі жастар бағамдай бермейді. Бүгінде бесік жырының орнын сөзінің құнары жоқ ессіз әндер алмастырғаны өкінішті. Тіпті қазір кейбір шілдехана тойларда баланы бесікке бөлеуге дайындалып келген үлкен әжелеріміздің өзі «Бесік жырын» айта алмай, сөзін ұмытып, сасып қалған сәттерін көрдік. Ұлттық құндылығымыз бүгінгі қоғамның, қазіргі заманның тұрмыс-тіршілігіне, өскелең ұрпақ тәрбиесіне қажеттілігін жоғалтпады ма? Өмірге ұрпақ әкелуші жас аналарымыз киелі бесігіміздің, «Бесік жыры» әнінің қадір-қасиетін қаншалықты бағалайды? Бұл да қазақ қоғамындағы өзекті сұрақ.
«Памперстен» пайда жоқ
Әлем өркениеті мен экономикасының дамуына қарай адамдар да ескіліктен бас тартып, жанға жағымды жаңа технологияларға ұмтылып келеді. Шыққан заманы көне болса да сапасы мен тиімділігі көнермейтін бұйымдарымыз да баршылық. Қанша заман өзгергенімен, алайда ана мен бала үшін қызметі өзгермейтін бесіктің қажеттілігі өте зор. Оған дау жоқ. Еркелерімізді тербетіп, төрімізде тұрған бесігіміз қоқыстан табылмаса болды. Қазір осыны ойлаумен бас қатырып жүрміз. Әу баста «қонаққа барғанда қолайлы» деп жасанды жаялықты пайдаланған жұртшылық бүгінде бұл өнімді күндіз де, түнде де қолданатын жағдайға жетті. «Жасанды жаялық арқылы бүлдіршіндеріміздің болашақ өмірін бүлдіріп жатқан жоқпыз ба?» деген сұраққа жауапты Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығының мамандарынан сұрадық. Бұл орталықтың қоғамда атқаратын қызметтері көп. Ана мен баланың дамуына және ұлттық тәрбие мен дәстүрдің өркендеуіне қосып жатқан үлесін айтпағанда, қазақы құндылықтарды насихаттауда маңызы зор. – Біз қазір де балаларымызды бесікке саламыз. Оның балаға тиімділігін, тазалығын, жалпы түрлі қасиеттерін түсінеміз. Кеңестік кездегі солақай саясаттың кесірінен, сол уақыттағы дәрігер мамандардың қарсылығынан көп аналар баланы бесікке салуды доғарған болатын. Себебі ол кезде «бесікке бөленген сәби еркін өспейді, аяқ-қолы бесікке буылғаннан дамымайды, сондай-ақ «қойдың құйрық майымен майламаңдар, денсаулығына зиян» деген сынды кеңестер айтылды. Сол кездегі кері пікірлермен қалып қойған қазіргі әжелердің әлі күнге дейін бесіктен бас тартатыны бар. Түр-түрімен пайда болып жатқан қазіргі жасанды жаялықты балаға көп қолдану зиян екенін айтып, қазіргі жас аналарға баланы бесікке салуды, «Бесік жырын» айтуды жиі насихаттап, іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Ұлттық құндылықтарымызды жастар санасында жаңғырту барысында келіндер мен әжелерге дәстүрлі бағдарламалар өткізіп тұрамыз, – деді аталған орталықтың руханият және өнер бөлімінің меңгерушісі Жанат Дүйсенбайқызы.
Отбасылық тәрбиенің мәні зор
Мұны не үшін сөз етіп отырмыз? Өйткені ұлттық тәрбиемізді жастарға насихаттап, төл құндылықтарымыздың қадірін білуге жетелейтін үлкендер де, тумысынан тектілігі сүйегінде бар келісті келіндер де азайып барады. Бұған тәй-тәй басып, тілі шыға бастаған сәбилеріміздің болашағы балабақшадан басталуы себеп болуы да мүмкін. Өйткені таңнан кешке дейін жұмысбастылықпен жүрген ата-ана үшін балабақша қолайлы, қауіпсіз мекеме ретінде саналып отыр. Мектепке дейінгі білім беру мекемелері жеткіншектердің толық жетілуіне жеткілікті жағдайда жұмыс істеп тұр ма? Балабақшадағы тәрбиеші мамандар бала күтушісі ғана ма, әлде олардың да ұрпақ тәрбиесіне, ұлт болашағына қосар үлесі бар ма? Олар жылаған баланы жұбатумен, оның тазалығына және қауіпсіздігіне ғана жауапты жұмыстар атқарып жүр ме? Осы сияқты сұрақтар қоғамның назарында тұрғаны анық. Сондықтан ұлттық болмысымызға қатысты тәлім-тәрбие балабақшадан басталуы керек деп есептейміз. Ұлы мен қызын балиғат жасқа дейін тәрбиелеп өсіріп, өздері қартайған шағында саябақта ит жетектеп жүретін базбіреулердің өмірін Құдай басымызға салмасын. Ата-ана балаға, бала ата-анаға қызмет жасауы керек. Бұл кезегімен алмасатын парыз және рухани тұрғыда жалғасатын басты міндет. Осы орайда талай толғаныстарға тақырып болған қарттар үйі көптеген «жетім ата-аналардың» панасына айналды. Бұл да бір ұлтымыздың қағидасына қарсы, тәрбиеміз бен намысымызға жат, сүйегімізге қара таңба салады. Жалпы ұрпақ тәрбиесі төңірегіндегі түрлі мәселелер отбасынан бастау алып, қоғамды толғандырады. Дәстүрлі тәрбиемен заң аясындағы тәртіптік бақылаулар өрімдей жастардың тәртіпті болып жетілуіне оң әсерін беріп тұрса игі. Жасөспірімдердің құқығын қорғау, оларға қатысты қылмыстардың алдын алу шаралары өңірімізде тынымсыз жүргізілуде. Ата-анасының бақылауынсыз түрлі тәртіпсіздіктерге баратын кәмелеттік жасқа толмаған балаларды бақылау тиісті органдардың құзыретінде. Осыған орай облысымызда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ата-ана мен мектеп ұстаздарының арасындағы байланыстарды нығайтып, өздеріне қатысты жауапкершіліктерді күшейту тоқтаған емес. Мектеп оқушыларына сусын, тамақ түрінде тұтынушылық сатылымдар жасайтын дүкендерді де қатаң бақылауға алу керек. Жуалы ауданында тұратын бір тұрғын (аты-жөнін атамауды өтінді): «4-сыныпта оқитын балам мектептен қайтар жолда дүкеннен энергетикалық сусын сатып алыпты. Оның қандай сусын екенінен хабары жоқ, үйге әкеліп ішкелі тұрған сәтінде байқап қалдым. Әлгі сусынның кәмелеттік жасқа толмағандарға сатылмайтынын ел жақсы біледі. Сусынды сатқан дүкенге барып, заңсыз әрекетіне ескерту жасадым», дейді. Жасөспірімдерге қатысты қоғамдағы қылмыс атаулының барлығына тікелей өзіміз жауаптымыз. Мәселен, облыстық полиция департаментінің ювеналды полиция басқармасына хабарласып, қанша баланың қандай бұзақылық жасағаны туралы дерек іздесең кеудеңді өкініш кернейтіні анық. Бірақ мұны сөз еткенде не ұтамыз? Мақсат – қоғам болып жастардың бесіктен белі шықпай жатып бұзақылықпен абақтыға тоғытылуына, жаман жолға түсуіне жол бермеу. Оң мен солын ажырата білмеген жастарға жол сілтеу, тәлім-тәрбие беру алдымен өзімізден бастау алуы тиіс. Лұқпан Хәкімнен жаңа босанған сәбилі ана: «Балаға тәрбиені қай жастан бастап берейін?» деп сұраса, ол: «Сен тоғыз ай кешіктің», деген екен. Яғни баланы тәрбиелеу тоғыз ай бұрын құрсаққа біткенде басталып, ақыл-есі толысқан, яғни балиғат жасқа жеткенше тоқтамауы керек. Осы ұғым ұлт ұстанымына айналуы керек-ақ...
Нұржан ӘЛІШ