Әлеумет

АЗАМАТ ДЕСЕ, АЗАМАТ

АЗАМАТ ДЕСЕ, АЗАМАТ

Былтырғы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Астана қаласында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өткен болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес биыл екінші мәрте ұйымдастырылған дарыны мен қарымы келіскен жастардың сол байқауында жамбылдық Азамат Намелбек пен Мұхтар Әбуәлі де жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шықты.

Белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік қолдауды мақсат еткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты «Ғылым», «Мәдениет», «Бизнес», «Ақпараттық технологиялар», «Медиа» бағыттары бойынша берілді. Азамат Намелбекұлы «Бизнес» бағыты бойынша жеңімпаздар қатарынан табылса, Мұхтар Мұратұлы жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асырғандарға берілетін «Медиа» бағытында тың жобасымен үздік шықты. Салтанатты шара барысында грант жеңімпазы атанған 33 жасты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі марапаттап, әрқайсысына 3 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Арада аз күн өткенде Тараз қаласында облыс әкімінің «Әулиеата үміті» жастар сыйлығының марапаттау салтанаты өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, түрлі аталым бойынша үздік шыққан жастарды марапаттады. Аймақ басшысының қолынан марапат алғандардың қатарында Азамат Намелбек те бар. Осылайша кейіпкеріміз бір аптаға жетер-жетпес уақытта екі байқауда қатарынан жеңімпаз атанып, мерейі үстем болды. Олай болса, біз бүгін өзге замандастарына үлгі болсын деген ниетпен ерікті ретінде нағыз ердің ісін атқарып, түрлі марапат биігінен көрініп жүрген белсенді жаспен жақынырақ танысқанды жөн көрдік. 2003 жылы Тараз қаласында дүниеге келген Азамат Намелбекұлы оқушы кезінен-ақ белсенді болып, өзгелерден озық қарым-қабілетімен көзге түседі. Облыс орталығындағы Өмірбек Жолдасбеков атындағы №50 орта мектептен түлеп ұшқан талапты жас 2019 жылы Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша оқуға түседі. Қызығы мен қиындығы қатар өріліп жататын студенттік өмірінің көп күні түрлі қоғамдық-мәдени іс-шаралардың бел ортасында өтеді. Волонтерлікпен де алғаш рет студент кезінен бастап айналыса бастайды. – Студент кезімде волонтер ретінде көбінесе Тараз қаласында өтетін іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлесімді қосатынмын. Қолғанат болып, бір шетінде жүргеннің өзі бір ғанибет еді. Ал 2020 жылы коронавирус індеті қыспаққа алып, ел мен ерден бірдей ес кеткен шақта жұмысымыз тіптен қыза түсті. Нақты айтар болсам, індет ошағы ретінде оқшауланған үйлерге азық-түлік тасыдық. Тіпті екінші, үшінші, одан да биік қабаттарға азық-түлікті кранмен жеткізіп, жиналып қалған қоқыстарды алып кететінбіз. Түрлі себептермен үйінен шыға алмайтын қарттардың зейнетақысын, дәрі-дәрмегін, басқа да керек-жарағын жеткізіп берумен айналыстық. 2020 жылдың шілде айында бір апта бойы ауруханаларға оттегі баллонын тасыдық. Бір оттегі баллонының салмағы – 140 келі. Сондықтан әл-дәрменіміз бір аптаға ғана жетті. Блок-бекеттерде де белсенді жұмыс істедік. Азық-түлік тасып, халыққа түсіндіру жұмыстарын да жүргіздік. Тараз қаласындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты аналарға, басқа да әлеуметтік осал топтағы азаматтарға азық-түлік себетін үлестірдік. Екі жылда 4 мыңнан аса отбасыға көмек көрсеттік. «Елбасы жылуы» қайырымдылық акциясы аясында 2021 жылы облыс бойынша 1 мың отбасыға тегін азық-түлік себетін тараттық. Осылайша ерікті ретінде ешқандай ақысыз, яғни елдің игілігі үшін еңбек етіп келеміз. Егер баяндай беретін болсам, ел үшін атқарған қызметтеріміз жоғарыда аталғандармен шектелмейді, – дейді А.Намелбек. Жас та болса бас болып, қиын сәтте халқына қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек көрсетуді мақсат еткен өреннің өзгелерге үлгі боларлық ісі елеусіз қалған емес. Басқасын қоя тұрып, 2022 жылдың 5 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша тағайындалған «Жыл волонтері-2022» халықаралық сыйлығының «Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін» номинациясын иеленгенін айтсақ та жеткілікті. Сонымен қатар Азамат Намелбек тек волонтерлікпен ғана айналысып қоймай, халықтың қажетіне жарайтын жобалар дайындап, әртүрлі конкурстарға қатысып жүр. Мәселен, 2022 жылдың басында «Халық» қайырымдылық қоры ұйымдастырған «Халық үміті» конкурсына «Need to Work» жобасымен қатысып, 1 миллион теңгенің сертификатын ұтып алады. Облыс әкімдігінің және Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының қолдауымен дайындалған жоба шеңберінде жастарды жұмысқа орналастыруға, мемлекеттік бағларламаларды түсіндіруге басымдық беріледі. Нәтижесінде 123 жас жұмысқа орналасып, 26 жас қайтарымсыз грант ұтып алады. Ал «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын ұтып алған «EcoAlem» жобасының жөні мүлдем бөлек. – Осы орайда, біріншіден, «EcoAlem» жобасын дайындауға көп көмегін тигізген облысымыздағы белсенді, көшбасшы жастардың бірі Еркін Әбдиев ағамызға үлкен алғысымды айтқым келеді. Жалпы ҚР Экологиялық кодексінің 351-бабына сәйкес қайта өңделетін тұрмыстық қатты қалдықтарды қоқыс полигондарына тастауға тыйым салынған. Заңды негізге ала отырып, Тараз қаласындағы қайта өңделетін тұрмыстық қатты қалдықтарды қоқыс полигондарына тастамай, қайта өңдейтін мекемелерге сатып, өңіріміздегі экологиялық ахуалды жақсартуға жағдай жасауды мақсат еттік. Осы орайда Тараз қаласындағы дүкендерді, сауда орталықтарын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Яғни кәсіпкерлерге, сатушыларға тұрмыстық қатты қалдықтарды қоқысқа тастамай, бізге сатуын ұсындық. Ал біз қайта өңдейтін мекемелерге сатамыз. Егер бұл бастама тиімді болса, Тараз қаласына жақын аудандарда да жобаны жүзеге асыру жоспарымызда бар, – деген Азамат Намелбек енді «EcoAlem» жобасын жүзеге асыруға күш жұмсап, керек-жарағын сатып алуды жоспарлап отырғанын айтты. Сонымен қатар жоба аясында 3 адамды жұмыспен қамтымақ. Бүгінгі таңда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білім алып жатқан кейіпкеріміз сөз соңында әрдайым ақыл-кеңесін аямайтын, жол нұсқап, жөн сілтеп жүрген жастар саясаты саласындағы ұстаздарына риясыз алғысын жеткізді. Халқымыздың ұғымындағы «азамат» деген ардақты атқа әбден лайық жанның әлі де алар асуы көп деп білеміз. Егер халқын сөз жүзінде ғана емес, бар болмысымен жақсы көрген, елінің болашағына ет жүрегі езіліп алаңдайтын жан Азамат секілді іс қылса, әрине, тәуелсіз еліміздің тұғыры биіктей түсері анық. Талғат НҰРХАНОВ