Әр мектепте тіс кабинеттері ашылса...
Әр мектепте тіс кабинеттері ашылса...
Өз сөзінде депутат бұл салада мамандардың жетіспеуімен қатар білім ордаларында тіс емдейтін кабинеттердің болмауынан, әсіресе шалғайдағы ауыл балаларының жағдайы қиын екенін алға тартқан. Өйткені республика бойынша тек бала саны 800-ден асатын мектепте ғана стоматологиялық кабинет бар. Бұл мектеп оқушыларының үштен бірін ғана құрайды. Сондықтан халық қалаулысы білім ұйымдарында стоматологиялық және жылжымалы кабинет ашудың бағдарламасын дамытуды ұсынған. Ол өз сөзінде республикадағы мемлекеттік мекеменің біршамасы ғана балалар емханасы екенін, олардың дені жекенің меншігіне өткенін атап өтті. Дархан Мыңбай сол кездегі депутаттық сауалында балалар стоматологиясынан бір кездегі педиатрия секілді айырылып қалмайық деп дабыл қаққан еді. Депутаттың жанашырлық бастамасынан бері де үш-төрт жыл өтті. Содан бері не өзгерді? Біздің өңірде бұл мәселенің алға басуы қалай? Жыл сайын бала саны өсіп, мектептер салынып жатқан шаһарымызда бұл тұрғыдағы жағдайдың қандай екенін саралап көрдік. Қаладағы мектептер саны – 61. Оның 27-сінде тіс емдейтін бөлмелер бар екен. Облыстық тіс емдеу емханасының дәрігері Раушан Үсенбаеваның айтуынша, мектептерде тіс емдейтін кабинеттердің болуы балалар арасында кең тараған тіс ауруларының алдын алуға көп көмегі тиеді екен. – Білім ошақтарындағы тіс емдейтін кабинеттерде мамандар оқушыларды алдын ала тексереді. Ем-дом жүргізіп, күрделі жағдайда ғана емханаға жібереді. Кабинеттер медициналық құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген. Жалпы бала саны 800-ден асқан мектептерде бір стоматологиялық кабинет болуы тиіс, – дейді Раушан Балтабайқызы. Өткен жылдың өзінде балалар стоматологиялық емханасына тісжегісін емдеуге өте көп бала жазылған. Ал мамандар ата-аналардың ауру әбден дендеген кезде көмекке келетінін айтып, қазірдің өзінде 2-3 жасар сәбилердің тісін пломбамен жамап-жасқап, жұлуға мәжбүр екенін айтады. Бұл өз кезегінде ұрпақ саулығына баса назар аударудың қажеттігін білдіреді. – Стоматологиялық кабинет жұмыс істейтін мектептер тіс мамандарының бақылауында болғандықтан олардағы ауру көрсеткіші төмен. Дегенмен әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен, қоғамдық көліктің қатынауы қиын, қаладан шалғай орналасқан мектептерден, өзге аудандардан оқушылардың көбісі орталықтағы емханаға келе бермейді. Жылжымалы кабинеттер қызмет көрсеткенімен ауруды анықтап, емдеп үлгеру мүмкін емес, – дейді дәрігер. Шынтуайтында, «кариес» деп атап жүрген кесел несімен қауіпті? Балалардың тісі құрттағанда ауруға санамай, «тісі түсіп, жаңасы шығады» дейтініміз жасырын емес. Стоматологтардың бұл тұрғыдағы пайымы бөлек. – Тісжегінің пайда болуына ауыз қуысындағы стрептококк бактериясы әсер етеді. Бактериядан тістің эмалі үгіледі, содан кейін дентині ойылады. Сосын ас дұрыс шайналмаса, асқазан бұзылады. Егер тісті емдемесе, ауру үстіне ауру жамала береді, – дейді стоматолог-дәрігер Гүлбахрам Қонақбаева. Гүлбахрам Шадайқызы сегіз жылға жуық еңбек өтілі бар білікті маман, Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназияның стоматология кабинетінде тіс дәрігері болып қызмет етеді. – Мектептегі оқушыларды уақытылы тексеріп, тісте проблема болса емдейміз. Ем жасағанда төменгі сыныптағы оқушылардың жанында ата-аналарының болуын міндеттейміз. Өкінішке қарай, бір сыныптағы оқушыларға тексеру жүргізгенде бес-алтауының ғана тісінің сау екенін көреміз. Дақ түскен, эмалі бұзылған, тісі құрттап кеткендер өте көп. Негізінде сүт, азу тістер 12-13 жасында табиғи түрде түсуі қажет. Бірақ бүгінде одан ерте жұлуға мәжбүрміз, – деген маман тісжегінің пайда болуына әсер етіп жатқан факторларды да атап өтті. Тараз қаласында алпыс мектеп болса, оның шамамен отызында стоматология кабинеті бар. Бұл шаһардағы білім ошақтарының тең жартысына жуығы. Дегенмен қала мектептерінің көпшілігінде 800-ден астам оқушы болғандықтан бұл аса жоғары көрсеткішке жатпайды. Бұл факті керісінше, мұндай кабинеттердің көбейе түсуі қажеттігін көрсетеді. Тәттілер, көше тамақтары, неше түрлі сусындардың құрамындағы көмірсулар, бояғыштар мен қоспалар, әсіресе толық дамып-жетілмеген балалардың тісіне өте зиян. Балалар бұрынғыдай қатты алма, сәбізді көп жемейді. Көкөніс пен жемістер тісті қақтан тазартады, жақ бұлшықетінің жұмысына пайдалы. Ал олар құнарсыз, жұмсақ тағамдарды жеуге бейім. Соның салдарынан тістің құрылымы өзгереді, қуыстарына зиянды қалдық жиналып, одан бактериялар көбейеді. Бұдан бөлек бала түгіл, ересектердің біразы тіс күтімінің ережесін ұстанбайды. Талап бойынша әр тамақтанғаннан кейін ауыз қуысын шаю қажет. Бұл – маман айтқан кеңес. Кеңестің тағы бірі – баланың тісінің сау болуы ананың құрсағында жатқаннан басталады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сенсек, қазір әлемдегі адамдардың жартысынан көбісі 30 жасынан бері жасанды тіспен жүр. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел қамын ойлайтын азамат. Еліне енді қызмет ететін жаста жасанды тіспен жүру – ойландыратын мәселе.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ