Жаңалықтар

Сенат сайлауы: 14 қаңтарда дауыс беру қалай өтеді?

Сенат сайлауы: 14 қаңтарда дауыс беру қалай өтеді?

Қазақстанда 2023 жылдың 14 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы өтеді. Осы орайда Arainfo.kz тілшісі Сенат сайлауы қалай өтетіні туралы толыққанды мәліметті ұсынады.Сенат депутаттарының сайлауы қалай өтеді?

Кандидаттарды ұсыну 29 қарашада басталып, 14 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқталды. Үміткерлерді тіркеу 29 қараша мен 24 желтоқсан сағат 18:00-ге дейін жалғасты. Парламент Сенаты депутаттарының 20 мандатына ұсынылған 130 үміткердің 66 кандидаты тіркелді. 13 қаңтар – тыныштық күні болып белгіленді. 14 қаңтар дауыс беру күні. Кандидаттар қалай ұсынылады?

  • Біріншісі облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандық мәслихаттардың сессияларында саяси партиялар және өзге де қоғамдық бірлестіктер мәслихаттардың өкілдері арқылы Парламент Сенатының депутаттығына кандидатуралар ұсынады. Бұл ретте бірнеше мәслихаттан бір кандидат ұсынылуы мүмкін;
  • Екінші жолы кандидат өзін-өзі ұсынады.
Қандай талап қойылады?

Конституцияға сәйкес Парламент Сенатының депутатына қойылатын талап ҚР азаматы болуы және соңғы 10 жылда Қазақстан аумағында және тиісті өңірдің аумағында 3 жыл тұрақты тұрған болуы шарт. Сондай-ақ, 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі және жоғары білімі, жасы 30-дан кем болмауы, сот іс-әрекетіне қабілетсіз деп танылған сияқты талап қойылды. Кандидаттар тіркеуге қандай құжат тапсырады? Егер кандидатты мәслихат ұсынса: Кандидатты ұсыну туралы мәслихаттың шешімі; Кандидат ретінде қатысуға келісімі туралы өтініші; Азамат өзін-өзі ұсынса: Депутаттыққа кандидат ретінде қатысу ниеті туралы өтініші; Кандидаттың өмірбаяндық деректері; Сайлаушылардың кандидатты қолдаған қолдарын тексеру қорытындылары туралы аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары; Кандидаттың және оның жұбайының немесе жұбайының табысы мен мүлкі туралы декларацияны ұсынғаны туралы мемлекеттік кіріс органының анықтамалары; Кандидаттың сайлау жарнасын төлегенін куәландыратын құжаттар. Бүгінде ол 900 мың теңге. Сенат сайлауында кімдер дауыс береді? Ел азаматтары Сенат сайлауына тікелей қатыса алмайды. Депутаттарды сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Яғни біз үшін сенаторларды мәслихат депутаттары таңдайтын болады. Сенатқа қанша депутат сайланады? Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының әрбір облысынан, республикалық маңызы бар қаласынан және астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Бұл сайлауда 17 облыс пен Астана, Алматы және Шымкенттен 20 депутат сайланады. 10 депутатты Қазақстан Президенті тағайындайды. Барлығы 50 депутат болуға тиіс. Депуттардың өкілеттік мерзімі алты жылды құрайды. Бұл жағдайда жартысы үш жыл сайын қайта сайланады. Сайлау қорытындысы қашан белгілі болады? Жалпы республика бойынша Сенат депутаттарын сайлау қорытындыларын Ортсайлауком сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімнен кешіктірмей, яғни 2023 жылғы 20 қаңтардан кешіктірмей белгілейді және сайлау қорытындылары туралы (сайлау өткізілген күннен бастап он күннен кешіктірмей) бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлама жариялайды. Айта кетейік, Сенат депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге Орталық сайлау комиссиясы басшылық етеді. Кандидаттардың толық тізімі: Абай облысынан: «Шығыстүстімет» ЖШС әкімшілік-шаруашылық бөлімінің бастығы Кималидин Әпенов, «Минералс» ТРР Директорлар кеңесінің төрағасы Ерболат Әпсалямов, «Эйкос» ЖШС-ның даму жөніндегі директоры Анжела Маслова, Семей құрылыс колледжінің директоры Қайрат Тастекеев. Ақмола облысынан: Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, Ақмола облыстық білім басқармасы жанындағы «Bolashaq saraiy» мекемесінің басшысы Айнагүл Балташева, Ақмола облыстық мәсихатының хатшысы Талғат Жүнісов. Ақтөбе облысынан: Ақтөбе облысы бойынша «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры Рахым Бекназаров, Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы Амангелді Нұғманов. Алматы облысынан: Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісов, Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев, Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас. Атырау облысынан: «Жайық-Атырау бекіре өсіру зауыты» РМҚК директоры Ғылман Сәрсемалиев, Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің директоры Бағит Шеркешбаева, Атырау облыстық мәслихатының депутаты Әлібек Наутиев. Батыс Қазақстан облысынан: Батыс Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Айболат Құрымбаев, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің проректоры Ақылбек Сұлтанов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов. Жамбыл облысынан: Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Байзақ аудандық білім бөлімі «Тірек мектебі» мекемесінің директоры Сұлтан Өсербаев, Жамбыл облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департамент директоры Аслан Оразбеков, Жамбыл облыстық қан орталығы мекемесінің директоры Гулам Омаров, Жамбыл облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов, Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев. Жетісу облысынан: «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының міндетін атқарушы Руфина Усанова, «Жетісу облысы әкімінің аппараты» ММ әдеп жөніндегі өкілі Ғабит Тұрсынбай, Сенат депутаты Амангелді Төлемісов. Қарағанды облысынан: Қарағанды облыстық жеке сот орындаушылары палатасы басшысының орынбасары Мұрат Әбілов, «Қарағанды облыстық кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Татьяна Шатохина, Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік Өтешов. Қостанай облысынан: «№2 емхана» КМК бас директорының міндетін атқарушы Самат Шүменбаев, «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Жанар Құйшинова, Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов. Қызылорда облысынан: Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов, «ҚазСушар» РМК Қызылорда облыстық филиалының басшысы Жорабек Нұрымбетов, Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменов. Маңғыстау облысынан: «Идальго Ақтау» ЖШС-ның бас директоры Ирина Беляева, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі мекемесінің басшысы Ғаббас Досатов, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары – Бекбол Орынбасаров. Павлодар облысынан: Успенск ауданының әкімі Николай Дычко, Павлодар облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова, Павлодар облыстық мәслихатының хатшысы Ернұр Айткенов. Солтүстік Қазақстан облысынан: «Солтүстік» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Жақсылық Есдәулетов, «ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы» СҚО филиалының директоры Лаура Қайыржанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова. Түркістан облысынан: Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Ербол Орманов, Ордабасы ауданы әкімі аппаратының басшысы Мирамбек Ақмұратов, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының атқарушы хатшысы Сағынбек Асылбеков, Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек. Ұлытау облысынан: Ұлытау аудандық мәслихатының хатшысы Ахат Құрмансейітов, «Сәтбаев жылу-сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС директоры, Сенат депутаты Советбек Медебаев. Шығыс Қазақстан облысынан: Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Александр Светаш, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтығұтов, «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ бас директоры Ержан Әшімов. Астана қаласынан: «Бейбітшілік пен келісім сарайы» нысанының басқарушысы Наримаш Мұхамбеталина, «Астана-Жылутранзит» АҚ басқармасының төрағасы Бағдат Азбаев, Сенат төрағасының кеңесшісі Бибігүл Жексенбай. Алматы қаласынан: Алматы сервис және технология мемлекеттік колледжінің директоры Жарқын Жаниязова, «Youthart» Қоғамдық қорының директоры Кристина Бекмырзаева, Алматы қалалық мәслихаты тұрақты комитетінің төрағасы Әсия Ақанова, Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева, «Алматы даму орталығы» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Жанна Асанова. Шымкент қаласынан: Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығының директоры Бауыржан Алтеев, Шымкент қалалық мәслихаты тұрақты комитетінің төрағасы Альбина Елшиева, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров.