Білім

ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ НҰСҚАУШЫСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ КІМГЕ ЖҮКТЕЛЕДІ?

ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ НҰСҚАУШЫСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ КІМГЕ ЖҮКТЕЛЕДІ?

«ТӘРБИЕ-ТАЛБЕСІКТЕН» ДЕСЕК ТЕ МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН БҮЛДІРШІННІҢ КӨКЕЙІНЕ НАҒЫЗ ІЛІМ МЕН БІЛІМНІҢ, ТӘЛІМ МЕН ТАҒЫЛЫМНЫҢ АЛҒАШҚЫ СӘУЛЕСІН БӨБЕКЖАЙЛАРДА, ШАҒЫН ОРТАЛЫҚТАР МЕН БАЛАБАҚШАЛАРДА ҚҰЮ ҚОЛҒА АЛЫНҒАН. БАЛА 5 ЖАСҚА ТОЛҒАНДА БІЛІМ ИГЕРУДІҢ АЛҒАШҚЫ САТЫСЫНА ҚАДАМ ЖАСАЙДЫ. ӘРІП ТАНУ МЕН САНАУ, АЙНАЛАНЫ СЕЗІНУ, ЕЛЖАНДЫЛЫҚ, ПАТРИОТТЫҚ ҚАСИЕТТЕРГЕ ИЕ БОЛУМЕН ҚАТАР, САЛТ-ДӘСТҮРДІ МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ КЕЗЕҢДЕ БОЙЫНА СІҢІРІП, ОЛ МЕКТЕПАЛДЫ ДАЯРЛЫҚ СЫНЫБЫНДА ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ.

Міне, биылғы жаңа оқу жылы да басталды. Балабақшалардағы мектепалды даярлық топтарындағы оқу-тәрбие ісі биыл қалай жүргізілмек? Осыны білу үшін біз алдымен Тараз қаласындағы бірқатар балабақшалардағы тәрбиешілерден сұрап көрдік. Алайда олардың дені сөйлесу барысында әлденені жасырғандай күмілжіп қала берді. Аты-жөні тұрмақ, қай балабақшада жұмыс істейтінін атап көрсеткісі келмеді. Соның бірі – Ақжарқын Кемел (аты-жөнін өзгертуді өтінді). Облыс орталығындағы мемлекеттік балабақшаның тәрбиешісі болып еңбек ететін ол биылғы оқу жылында даярлық топтарына қатысты оқу-тәрбие ісі көптеген жаңашылдықпен жүзеге асырылатынын сездірді. – Тәрбиешінің бүлдіршіндердің тұлғалық дамуын, мінезін қалыптастыру мен тәлім-тәрбие, білім беруде атқарар жұмысы айрықша. Өзім де балабақшада балаларды мектепке бейімдеумен, яғни мектепалды даярлық тобындағы балаларды білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие берумен айналысамын. Негізінде тәрбиеші мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасымен алдын ала таныс болуы қажет. Өйткені тәрбиеші өз міндетін мүлтіксіз атқаруға сол арқылы толық дайын болады. Бірақ аталған үлгілік оқу бағдарламасы әлі күнге қолымызға тиген жоқ. Білуімше, ол қыркүйектің 15-інде берілетін көрінеді. Сонымен қатар биыл «Балабақшаларда дене шынықтыру нұсқаушысының жұмысы тәрбиешілерге жүктеледі» дегенді естіп, уайымға батып отырған жайымыз бар. Өйткені тәрбиешіге артылар жауапкершілік жүгі онсыз да аз емес. Балаларды спортқа бейімдеуде, денесін шынықтыруда онымен біз емес, нағыз маман айналысса деген тілегіміз бар, – деді ол. Өткен оқу жылы аяқталғанда жұрт арасында «Енді балабақшаларда мектепалды даярлық тобы болмайды екен. Бала тек орта білім беретін мектептердегі мектепалды даярлық сыныбына баратын болыпты» деген сарында алып-қашпа әңгіме тараған. Жаңа оқу жылы жақындай түскенде мұның қауесет екенін білдік. Дегенмен тағы да жұрт арасында «Мектепалды даярлық тобы тек жекеменшік балабақшаларда ғана болады екен. Мектепке дейінгі білім беретін жекеменшік мекемелерде даярлық тобына балаларды ақылы түрде қабылдайды, бірақ оның ақысы әр балабақшада әртүрлі. Мектепалды даярлық тобындағы балалар 1-сыныпқа барғанда тест арқылы қабылданатын болыпты, өйткені балабақшаларда оқу-тәрбие ісіне қатысты бағдарлама алынып тасталған» деген тағы бір әңігіменің шеті шыққан еді. Енді міне, басқа емес, баламен тікелей жұмыс істейтін тәрбиешінің аузынан әлгіндей сөзді естігеннен кейін, мәселенің анық-қанығына көз жеткізбек болып, облыс әкімдігінің білім басқармасына хабарластық. Бас маман Айна Мераимова мектепке дейінгі даярлық тобындағы балаларға берілетін оқу-тәрбие ісі қалай жүргізілетіні тәрбиешілерге түсіндіріліп жатқанын айтады. Оның айтуынша, облыста 571 мектепке дейінгі ұйым бар болса, оның 442-сі балабақша, 129-ы шағын орталық. – Егер тәрбиешінің мектепке дейінгі білім беру ісіне қатысты білімі бар болса дене шынықтыру нұсқаушысының жұмысын сол тәрбиешінің өзі атқарады. Ондай білімі жоқ болса, балаларды спортқа баулу ісі денешынықтыру нұсқаушысына жүктеледі. «Мектепалды даярлық тобы тек жекеменшік балабақшаларда ғана болады екен, мектепалды даярлық тобында оқыған балалар 1-сыныпқа тест арқылы қабылданады» деген сөздер шындыққа жанаспайды. Баланы мектепке дайындау балабақшада да, мектепте де жүргізіледі және оны бітірген балалар тек гимназияға қабылданатын болса ғана тест тапсырады.  Өңірде қазір мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1- 6 жас аралығында 91,5 пайыз, 3-6 жас аралығында 100 пайыз болып отыр. Бүгінгі таңда облыста жұмыс атқаратын мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 38,9 пайызы жекеменшік секторлардың үлесінде. Онда жалпы балалардың 40,8 пайызы тәрбие мен білім алып жүр. 222 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда 23 мыңға жуық бала бар. Жалпы мектепке дейінгі ұйымдардағы мектепалды даярлық топтарында 6 939 бүлдіршінге, мектептердің даярлық сыныбында 12 962 балаға тәрбие-білім берілуде. Жазғы маусымда облыстағы 1-сыныпқа қабылданатын мектепалды жасындағы балалардың дайындық деңгейін жетілдіру мақсатында «Балақайлар мектебі» жұмысы ұйымдастырылды. Ол бойынша облыста 58 мектепте 3 365 бала қамтылды. Нақты айтқанда Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» республикалық орталығы әзірлеген «Балақайлар мектебі» мектепалды даярлық қысқа мерзімді курстарын ұйымдастыру негізіндегі әдістемелік ұсынымдар басшылыққа алына отырып, жұмыс жүргізілді. « Балақайлар мектебі» бойынша жалпы аудандардағы мектепалды даярлық сыныптарымен және балабақшамен қамтылмаған балалар қамтылды. Мектепалды даярлық тобында да, мектепалды даярлық сыныбында да білім алған бала келер жылы бірінші сыныпқа еш кедергісіз қабылданатын болады, – деді Айна Момынжанқызы. Біз бірді-екілі жекеменшік балабақшаларға да хабарластық. Соның ішінде Тараз қаласында орналасқан «Еркем-ай» бөбекжай-балабақшасында 284 бүлдіршін бар болса, оның 75-і даярлық тобына барады екен. –  75 бала үш топқа бөлінген. Оның екеуі қазақ, біреуі  орыс тобы. Әр балаға ата-ана 18 мың теңге төлейді. Аталған 18 мың теңгенің ішіне мектепке дайындық, 5 мезгіл тамақтану, кезекші топ, логопед ақысы кіреді. Балалардың қосымша монтессори кабинетінде жұмыс жасап, тұз бөлмесінде де болуы қарастырылған. Жетім немесе жартылай жетім, көпбалалы отбасынан шыққан бүлдіршіндерге 50 пайыз жеңілдік жасалған. Ал бір үйден үш бала келсе, оның әрқайсысына төленетін ақыдан 2000 теңгеден шегеріледі. Біздің балабақшада мектепке дейін білім өз деңгейінде жүргізіледі, – дейді әдіскер Гүлназ Байчорова. Өңірде бес жасар балаларды мектепалды даярлықтан өткізуге қатысты мәселенің аяқ алысы әзірге осындай. Жалпы білім беретін мектептердегі даярлық сыныптарына қарата айтар сөзіміз жоқ. Десе де балабақшалардағы даярлық тобындағы оқыту- тәрбие жұмысын тездетіп, кем-кетікті жетілдіруді жеделдетпесе болмайды. Өйткені мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері тек партада отыруды ғана үйреніп, балабақша педагогінен тапсырма алмаса, оны мұқият орындауды меңгермесе дер кезінде берілуі тиіс білім кешеуілдеп әрі үйіп-төгіп берілгенде бүлдіршіннің санасы оны бірден қабылдамауы мүмкін. Одан бөлек, қазір «дене шынықтыруға мен емес, ол жауапты» деп даурығатын кез емес. Қайткенде де бала саламатты өмір салтының қағидаларын, шынығудың тәртібін, тәсілін, дене тәрбиесі жаттығуларын жасауды бірінші күннен бастап кімнен болса да үйренуі қажет.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ